Қырғызстан президенті мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілінде сөйлеуге міндеттейтін заңға қол қойды
Заңның талқыланғанына 10 жылдан асқан
Фото: Ашық дереккөзден
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуді міндеттейтін заңға қол қойды.
Заң бойынша барлық мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ұлттық банк қызметкерлері, күш құрылымдары, сот, прокуратура, адвокаттар, нотариустар, оқу орындарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері мемлекеттік тіл - қырғыз тілін білуге және қызмет міндетін орындау кезінде пайдалануға міндетті.
Бұл заң меншік түріне қарамастан телерадиокомпанияларды бағдарламаның кемі 60 пайызын қырғыз тілінде жүргізуге міндеттейді. Бірлескен компаниялар мен шетелдік компаниялар атауы қырғыз тіліндегі транслитерациямен жазылуға тиіс.
Заңда орыс тілі Қырғызстанда ресми тіл ретінде қолданылатыны көрсетілген.
Қырғызстанда мұндай заңды қабылдау мәселесінің талқыланғанына 10 жылдан асқан. Қырғызстанның мемлекеттік тіл туралы заңы 1989 жылы қабылданған. 2004 жылы өзгеріс енгізілгенімен, көптеген пункттерінің қайшылықтарына байланысты орындалмаған.
Пікірлер жоқ.