«Әуежайды басып алу» ісі бойынша 8 жылға сотталған Ермұхамет Шілібаевтың түрмеде жағдайы нашарлаған


14/12/2023
11:49 9755 0

Фото: Азаттық радиосы

«Әуежайды басып алу» ісі бойынша 8 жылға сотталған Ермұхамет Шілібаевтың түрмеде жағдайы нашарлағаны жөнінде ақпарат тарадыБұл жөнінде Азаттық радиосына Ерлан есімді Алматы тұрғыны хабарлаған.

– Менің сондағы достарымның бірі таксофонмен хабарласып, ол кісінің денсаулығы нашар екенін жеткізді. Ауырып жүргеніне екі аптадан көп болған. Қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып, есінен айырылып, құлап қала береді екен. Ол жерде дәрі-дәрмек жоқ. Өлсең өле қал дегендей жағдай, – деді ол.

Адвокат Шынқуат Байжанов Шілібаевтың денсаулығы нашарлағанын растады. Айтуынша, қазір Шілібаев түрме ауруханасында жатыр.

– Апелляциялық сот өткеннен кейін олар Заречныйдағы мекемеге ауыстырылған. Шілібаевтың бұрыннан да аяғы ісіп кететіні бар екен. Әуелден-ақ қан қысымы жоғары болған. Түрмеге барғаннан кейін қан қысымы жоғарылап, 11 желтоқсанда түнде ауырып, түрмедегі ауруханаға түскен. Қазір қан қысымын түсірген. Негізі ол кісіні Алматыдағы N12 сияқты үлкен аруханаға жатқызып емдету керек еді. Алдында тергеу изоляторында жатқанда солай емдеткен. Өйткені аяқтары ісіп кете береді. Одан кейін қан қысымы жоғарылайды. [Оны емдейтіндей] Түрменің мүмкіншілігі әрине, жоқ қой. Ешқандай аппарат, рентген жоқ. Сондықтан да түрменің ішінде тиісті дәрежеде медициналық көмек көрсетіліп жатыр деп те айтуға болмайды, – деді қорғаушы.

Адвокаттың сөзінше, Шілібаев көптен бері аяғына операция жасату керектігін айтып келген. Бұған дейін дәрігерлер қарап, «операция қажет емес, былай ақ дәрімен де ауруы кетеді» деген қорытындыға келген. Бірақ қазір аяғы тәуірлемей жатыр дейді ол.

– Енді аяғы ісіген кезде кәдімгідей үлкен болып ісіп кетеді. Сосын өзі аз жүреді. Қатты үлкен болмаса да елуден асқан адам. Оған медициналық көмек керек, – деді адвокат. Ол сотталушының денсаулығына қатысты әзірге шағым жазып үлгермеген.

14 желтоқсанда Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Индира Нәзірбаева ақпаратты тексеріп көретінін айтты. Ол сотталушының ауруханада емделуіне құқығы бар деді. 

– Егер медициналық көрсеткіштер жатқызу керек деп көрсетіп жатса, бұл мәселе міндетті түрде қарастырылады. Мекеменің ішінде медициналық көмек көрсететін дәрігерлердің барлығы денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Біз нақты денсаулық жағдайын анықтап, қажет болса денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, сол арқылы шешетін боламыз, – деді ол. 

«Әуежайды басып алу» ісі бойынша сот үкімі биыл шілдеде оқылған. Сот үкімі бойынша Ермұхамет Шілібаев 8 жыл түрмеге кесілді. Бес айыпталушының ешқайсысы тағылған айыптарды мойындамады. Құқық қорғаушылар істің саясиланған айтқан. 

Күзде Алматы қалалық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Шынқуат Байжановтың айтуынша, қазір адвокаттар кассацияға шағым беруге дайындалып жатыр. 2024 жылы қаңтарда шағым түсіреді.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

14/12/2023 11:49
9755 0

Уведомление