Танымал тегтер

Төрт баланың анасы бұрынғы күйеуіне моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Ол бесінші баласына аяғы ауыр. Еркек ар-намысыма тиді деп шағымданған.


13/02/2025
10:49 432 0

Masamedia.kz коллажы

 

Шымкент қаласының қылмыстық сотына 36 жастағы жергілікті тұрғын ар-намысына тіл тигізді деп арызданды, деп хабарлайды Ratel.kz.

 

 Жәбірленушінің адвокаты дайындаған жекеше айыптау шағымында 2023 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін жауапкер WhatsApp мессенджері арқылы бұрынғы күйеуінің нөміріне 13 балағат хабарлама жібергені көрсетілген. Бұл әрекеті арқылы ол «жәбірленушінің ар-намысын қорлап, әдепсіздік көрсетті» деп танылды. Дәлел ретінде сотқа хабарламалардың скриншоттары мен қағазға басылған көшірмелері ұсынылды.

 

Жәбірленуші 500 000 теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ адвокат, нотариус қызметтері мен сот шығындарын өтеуді талап етті.

 

Әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.

 

Сот процесі барысында айыпталушы бұрынғы күйеуінен 13 жастағы қызы бар екенін, бірақ ол қыздың тәрбиесіне араласпайтынын және қаржылай көмек көрсетпейтінін айтты. Бір күні анасы қызының мектептен қашып кетпеуін, ересек жігіттермен кездеспеуін айту үшін әкесін сөйлесуге шақырған.

 

Әкесі кешкісін келіп, қызы аулаға шығарып, бірнеше рет басынан ұрған. Анасының айтуынша, бала дене жарақатын алған.

 

Айыпталушы үлкен қызынан бөлек тағы үш кішкентай баласы бар екенін және қазір бесінші баласына жүкті екенін айтты. Тұрмыстық қиындықтардан психологиялық күйзеліске түскенін, бұрынғы күйеуіне қандай балағат сөздер жібергенін нақты есіне түсіре алмайтынын жеткізді. Ол кінәсін мойындады, бірақ соттан жеңіл жаза беруді және талап арызды қанағаттандырмауды сұрады.

 

Сот психолого-филологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, хабарламаларда жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын әдепсіз сөздер бар екені анықталды.

 

Жәбірленуші татуласудан бас тартып, айыпталушыны кешірмеді.

 

Сот әйелді кінәлі деп танып, оған бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 18 460 теңге айыппұл салды. Сондай-ақ, сот моральдық өтемақы талаптарын ішінара қанағаттандырып, 50 000 теңге төлеуді міндеттеді. Бұған қоса, сотталған әйел адвокат қызметінің ақысын (150 000 теңге), процессуалдық шығындарды (141 400 теңге) және 3 414 теңге мемлекеттік баж салығын өтеуі тиіс.

 

Сонымен қатар, ол Жәбірленушілерге өтемақы қорының міндетті төлемін – 5 АЕК төлеуге міндеттелді.

 

Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін,  әйелге оны ерікті түрде орындауға бір ай уақыт беріледі. Ол апелляцияға жүгінуге үміттеніп отыр.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/02/2025 10:49
432 0

Уведомление