«Түрмедегі 10 күнім тозақтан да бетер болды»: Шыңжаң лагерінде азапталған қандастың оқиғасы

«Түсініксіз қағаздарға қол қойғызып алды»


11/04/2023
17:30 2885 0

 

Тұрсынбек Қаби – 1973 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Сол жерде оқу бітіріп, отбасылы болып 2016 жылы Қазақстанға отбасымен бірге қоныс аударған. Бір жылдан соң ағасының жаназасына қатысу үшін Қытайға қайта барғанСол уақытта оны Қытай әскері шекарада ұстап, жеке куәлігін тартып алып, 2 күн тергеуге алған. Бүгін біз сіздерге Тұрсынбек Қабидің оқиғасын ұсынуды жөн көрдік.

 

«Қазақ мектептерін түрмеге айналдырды»

 

Содан бастап мені Қытай билігі қысымға ала бастады. Алғашында үйқамаққа отырғызып, өз ауданымнан шығу құқығымды шектеді. Әр күн сайын есеп бердім. Кез келген уақытта көше тазалау секілді қоғамдық жұмыстарға тартып, еңбек ақымды да бермеді. Әр дүйсенбі сайын тұрғындарды алаңға жинап, ту тігіп, 30-40 минут қытайша лекция оқып, артынан патриоттық әндерін айтатын болдық. 

 

Мәжбүрлі түрде Қытайдың жеті басшысының атын жеті атамдай жаттап алдым. 2016 жылдан бастап Қытай геноцидтік саясатын ашық көрсете бастады. Қазақтар мен ұйғырларды қамауға алды. Бұған дейін Дүрбілжіңде (Тарбағатай аймағындағы ауыл – ред) ғана түрме болса, 2017 жылдан бастап қазақ мектептері, басқа да мекемелерді түрмеге айналдырған. Қазір бір ауданның өзінде 9 түрме бар. 

 

«Түрмедегі 10 күнім тозақтан да бетер болды»

 

2018 жылы қыркүйек айында түрмеге қамалдым. Тереңдігі 20 метр болатын абақтыда 8 күн отырдым. Терең болғандықтан, суық өтті, қалың киім де берген жоқ. Мен отырған жердің көлемі бір орындық сияқтындай ғана. Аяқ созып жату арман болды. Қалғып бара жатсам тордың аржағында отырған қарауыл басымнан рәзіңкемен қапталған темірмен бір қоятын. Сол сәттер өмірімдегі ең көп ұйықтамаған, қатты қиналған кездерім болған шығар. Адам баласы басқаның бәріне шыдайды екен. Дегенмен де, шөл қысқанда қаным кеуіп, тыпыршып кететінмін. 

 

Күніне дәретханаға тек 2 уақыт қана шығарды. Оның өзінде алдымда екі, артымда екі әскери ізімнен қалмай бірге баратын. Дәретханаға барғанда краннан су ішіп алатынмын. Бірақ бір күні оны күзетші көріп қалып сол құлағымнан қатты ұрды. Мен есімді жимастан жерге сұлап түстім. Басымды теуіп, керегеге соққанын біліп жаттым. Есімді жиғанымда басымда бір қап кұм тұрғандай өзімді өте ауыр сезіндім. Күнде бір уақыт бұқтырылған қырыққабат беретін. Бірақ одан біртүрлі, дәрінің, химияның дәмі шығып, жүргемді айнытатын. Оны жеместен басқа амалым жоқ. Біріншіден, аш қалмау керексің, екіншіден жемегеніңді көрсе күштеп аузыңа тығатын. 

 

«Осы жерде өліп кетсем екен деп тілейтінмін»

 

8 күн ұйықтамаған соң адам мәңгүрттеніп кетеді екен. Тіпті таң атпай ақ қойсыншы, осы жерде өліп кетсем екен деп те тілейтінмін. Мені сол күйімде тергеуге апарды. «Жолбарыс орындық» деп атайтын жазалау түрі бар. Аяқ қолыңды, кеудеңді қысып, шынжырлап, отырғызып қояды. «Қазақстан ең қауіпті, террористік 26 елдің қатарында. Онда не үшін бардың, неге отбасыңды алып кеттің деген секілді сұрақтар қойды. Түсініксіз қағаздарға қол қойғызып алды. Түрмедегі 10 күнім тозақтан да бетер болған секілді. 

 

Мені қайтадан үй қамаққа шығарды. Бір күні әскери жасаққа туберкулезға қарсы екпе саламыз деп шақырды. Екпені салғаннан кейін біраз уақыт дел-сал болып, әлсіреп жүрдім. Қытай билігі 2026 жылға дейін Қазақстанға баруды ұмытыңдар, одан әрі көре жатармыз деп қорқытатын. Сол сөздерден кейін отбасыммен қауышамын деген үмітім сөнген еді.

 

2 жыл отбасынан ажырап қалған Тұрсынбек Қаби қазір Қытайдағы күндерін үреймен еске алады. Ол Қазақстанға келгенде біраз уақыт Ішкі істер департаментінің бақылауда жүрген. Азаматтығын да бір жылдан кейін бірақ алған. Тұрсынбек елге келген соң медициналық тексерістен өткен. Денсаулығы мәз емес. Қан құрамы бұзылған. Бас сүйегінде ұрылған, қан ұйыған бөліктер бары анықталған. Қазір ол отбасын асырау үшін құрылыста жалданып жұмыс істейді. Жұбайы Оралхан – бала күтушісі.

 

Тұрсынбек Қаби Қытайдан қайтпай қалғанда Оралхан оның хабарсыз кеткеніне уайымдап, «Атажұрт» ұйымына айтып, АҚШ консулдығына, Халықаралық адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға шағымданып, іздеу салған. Дәл сол уақыттарда Қытай үкіметі Тұрсынбекті шақырып, әйелімен ажырасуды талап еткен. Отбасымен видео қоңыраумен сөйлестіріп, неке куәлігін сұратқан. Оралхан күйеуімен ажыраспайтынын, іздеу салып, Халықаралық ұйымдарға шағымдатып жатқанын айтқан. Тұрсынбектің айтуыншасондай іздеулер мен Қытай билігіне келіп жатқан толассыз хаттардың арқасында 2019 жылы біраз адам Қазақстанға қайтуға рұқсат алған. Оның ішінде Тұрсынбек те бар.

 

2017 жылы БАҚ-та Қытай билігі ислам дінін ұстанатын жергілікті халықтар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға қорлық көрсетіп жатқандығы жайлы хабардар тарай бастаған. БҰҰ 2018 жылы Қытай лагерьлерінде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деген ақпарат таратқан. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Қытай билігі оны «экстремизмге қарсы күрес» деп түсіндіріп, лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар» деп жариялаған. 2020 жылы маусымның аяғында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін түрлі қитұрқылықтар жасаған деп мәлімдеген. 

 

Автор: Әмина Кемелбай 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

11/04/2023 17:30
2885 0

Уведомление