Түркия елшісі зілзаладан 4 қазақстандықтың жоғалған болуы мүмкін екенін айтты
Түркия мен Сирияда зілзаладан 9 мың адам қаза болған
Фото: Ашық дереккөздан
Түркияның Қазақстандағы елшісі зілзаладан кейін 4 қазақстандықтың жоғалған болуы мүмкін екенін айтты.
8 ақпанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйене отырып, зілзаладан кейін 4 Қазақстан азаматының жоғалған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
– Қанша азамат жоғалғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Бірақ әлеуметтік желідегі соңғы ақпаратқа қарағанда, төрт Қазақстан азаматы жоғалып кетті деген сандар шығып жатыр. Үшеуі – Хатай провинциясында, біреуі – Аданада, – деді Екиджи.
Елшінің айтуынша, қазір Түркияда зілзаладан зардап шеккендер 41 мыңнан асқан. Үш күн ішінде қазақстандықтар Түркия азаматтарына көмектесу үшін 90 мың доллардан астам қаражат жинаған.
Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде 6 ақпанда болған аса ірі екі жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. BBC мәліметіне қарағанда, зілзаладан 9 мыңнан астам адам қаза болған. Түркияда құрбандар саны 6,9 мыңнан асты. Сирияда қаза болғандар 2,5 мыңнан асқан. Түркияда бір апта қаралы күн жарияланды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 7 ақпанда қаза болғандар мен жараланғандар тізімінде Қазақстан азаматтары жоғын, алайда Түркияда оқитын балаларын іздеген бірнеше ата-ана хабарласқанын айтқан.
Бұған қоса, Түркияның Хатай қаласында Қазақстанның Мирус Құрмашев есімді азаматы жоғалып кеткені белгілі болды. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген. Қазақстандықтар оны іздеу үшін Түркияға аттанған. Бұл жөнінде блогер Әлішер Елікбаев Telegram-дағы арнасында жазды.
Пікірлер жоқ.