Трамп жақтастары Капитолийге басып кірді

Олар сайлау нәтижесі бұрмаланған дейді


07/01/2021
10:22 46832 0

Фото: tengrinews.kz

 

Алтыншы қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамптың жүздеген жақтасы Капитолийге басып кірді. Ол жерге конгресмендер президент сайлау нәтижесін растау үшін жиналған еді, бірақ наразылықтан кейін жиын кейінге қалдырылды.

 

Оқиға хронологиясы: 

 

Сәрсенбіде күндіз Трампқа жақтастар Конгресс (парламент) ғимараты — Капитолий алдына наразылыққа шықты. Олардың ойынша, 3 қарашада өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған, жеңіске демократ Джо Байден емес, қазіргі президент республикашыл Дональд Трамп жеткен. 

 

Кейін наразылар Капитолийге басып кіріп, конгресмендер сайлау нәтижесін растау рәсімін кейінге шегерді. АҚШ-та президент сайлаудың ресми нәтижесін сайлаушылар алқасы хабарлайды, кейін сол қорытындыны Конгресс растауы қажет. Алқа шығарған нәтижеге сай АҚШ-тың жаңа президенті — Байден. Ол 306, ал Трамп 232 дауыс жинаған. Сайлауда жеңіске жету үшін кандидат 270 дауысқа ие болуға тиіс. 

 

Наразылар ғимарат терезелерін сындырып, мүлкін бүлдірген. 

 

Бірнеше сағат өткеннен кейін күштік құрылымдар наразыларды Капитолийден алып шықты. 

 

Полиция наразыларды тарату кезінде көзден жас ағызатын газ қолданған. БАҚ харалауынша, бір адам полиция оғынан қаза тапқан. Бірнеше полицей жарақаттанған. 

 

Вашиңтон мэрі қалада комендант сағатын енгізді. 


Трамп әлеуметтік желілерде наразыларды тарауға үндеді. Кейін Twitter мен Facebook президент аккаунтын бұғаттап тастады. Олардың ойынша, Трамптың сайлау нәтижесін мойындамайтынын жазған бірнеше жазбасы Капитолийдегі наразылыққа себеп болуы мүмкін.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

07/01/2021 10:22
46832 0

Уведомление