Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің қорытындысын наурызда айтады
Осы уақытқа дейін толық әрі нақты қорытындыны ешкім айтпады

Фото: vlast.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев наурызда Қазақстан халқына жолдау айтпақ. Сонда президент Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізілген тергеу-зерттеудің қорытындысын жария етеді дейді оның хатшысы Берік Уәли.
— Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының қолда бар қорытындысын наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында жариялайын деп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген кешегі сұхбатында айтқанындай, ол халықтан ештеңені жасырып қалмайды. Барлық ақпарат жария етіледі. Қазір тиісті органдар ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған біраз уақыт керек, — деп жазды Уәли.
Осы уақытқа дейін Қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің қорытындылары үзік-үзік болып жарияланып келген еді. Бас прокуратураның дерегіне сенсек, жаппай тәртіпсіздік кезінде 227 адам қаза тапқан. 3 мыңнан аса қылмыстық іс қозғалған, азаптауға қатысты 179 іс қаралып жатыр. Ал ІІМ 2 мыңдай бейбіт тұрғын жараланған дейді.

Пікірлер жоқ.