Тоқаев Астана атауын қайтадан ауыстыруды қолдады

Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұсынған


13/09/2022
16:13 21772 0

Фото: Ашық дерек көзден

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың бұрынғы атауын қайтару туралы депутаттар ұсынысын қолдады. Бұл жөнінде мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді. 

 

– Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдіргені мәлім. Депутаттардың бұл бастамасы туралы президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйенді. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді, – деп жазды Желдібай Facebook парақшасында.

 

Бұдан бөлек, Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет пен елорданың ірге тасын қалауда қосқан үлесін тарихи факты деп қабылдайтынын жазды. 

 

– Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә. Назарбаевтың шешуші рөл атқарғанын тарихи факт деп санайды. Сондықтан тұңғыш президент атындағы басқа нысандар өз атауын сақтап қалуы тиіс, – делінген Желдібайдың жазбасында. 

 

Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұсынған. 

 

Қазір тәуелсіз сарапшылар Тоқаев президент сайлауы қарсаңында елорда атауын қайтадан ауыстыру арқылы халық алдында ұпай жинамақ деген пікірлер айтуда. Олардың сөзінше, 1 қыркүйекте айтылған бастамалардың барлығы саяси құралдың жиынтығы. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/09/2022 16:13
21772 0

Уведомление