«Тоқаев, қарындасымды өлтірген сенсің. Қарындасымды көрден қазып алуға жол бермеймін»

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан саяси белсенді Нұрәлия Айтқұлованың ағасы Нұрайбек Айтқұлов қарындасына эксгумация жасаймыз деп полиция қызметкерлері мазалап жатқанын айтады


01/04/2022
13:53 10734 0

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан саяси белсенді Нұрәлия Айтқұлованың ағасы Нұрайбек Айтқұлов қарындасына эксгумация жасаймыз деп полиция қызметкерлері мазалап жатқанын айтады. Оның сөзінше, эксгумацияға рұқсат бермеймін дегеніне қарамастан полиция үш рет келген. 

 

«Полиция оған тірісінде тыныштық бермейтін»

 

— Қаңтардың алтысы күні қарындасым қазақ халқының бостандығы үшін соңына дейін күресетін боламын деп алаңға барды. Сол күні звондағанымызда ол қызымды алып кетуге бара жатырмын деді. Бірақ жолдан алаңға соғып, бейбіт митингке қатысқан. Оны кешкі сағат 18:00 мен 19:00 аралығында өлтірді. Денесін екі оқ тесіп өткен. Полиция оған тірісінде тыныштық бермейтін. Бейбіт митингке шығуға кедергі жасайтын. Бұл жолы ол ажал құшты. Қарындасымның қайтыс болғанын 7 қаңтарда білдік. Денесін орталық мәйітханадан таптық. Кеше үйге алып келдік. Ертеңінде жерледік. Ол кезде мен үйімнің маңынан бір де бір полиция қызметкерін көрмедім...

 

«Қарындасымды көрден қазып алуға жол бермеймін»

 

—Қаңтардың 12-і ма, 15-і ма білмеймін, маған Қарасай аудандық полиция басқармасынан екі тергеуші келді. Тергеді. Сосын қарындасыма эксгумация жасайтындарын айтты. Мен оларға «мына өмірде қарындасымды көрден қазып алуға рұқсат бермеймін» дедім. Полицияның (эксгумацияға байланысты – ред) бірінші шабуылын осылай тойтардым. Екінші рет қашан келгені есімде жоқ. Қаңтардың соңы болса керек. Оншақты полиция келді. Алқам-салқам киінген, куәліктерін көрсетпей маған «егер эксгумация болмаса, өтемақы төленбейтін болады» деп қысым жасамақ болды. Мен оларға өтемақыны бір жерлеріңе тығып алыңдар деп айттым. Жураналистерді, азаматтық қоғам өкілдерін шақырамын деп жүріп бұл жолғы шабуылдарының да бетін қайтардым. 29 наурызда учаскелік полиция звондап, мені әкімшілікке шақырды. Барсам, он бес адам отыр екен. Мен оларға айттым, эксгумация болмайды деп. Олар мені кішкентай бала ұқсап алдамақшы болды. Сол жерде Назарбаевшыл молда отырды. Ол дұға оқимыз, тазалап жуындырып қайтадан жерлейміз деді. Мен «тірі кезінде тыныштық бермедіңдер, өлтірдіңдер, енді тыныш ұйықтасын» дедім. Қарындасымды көрден қазып алуға жол бермеймін. Бұл менің оның аруағы алдындағы міндетім...

 

«Тоқаев, менің қарындасымды Назарбаев екеуің өлтірдіңдер»

 

—Мен олардан (полицияға – ред) эксгумацияны не үшін жасайсыңдар? деп сұрадым. Олар айтады «мүмкін оны қару-жарақ дүкенінен ұрланған қарумен атып өлтірген шығар» дейді. Мен оларға «сендер Тоқаев айтқан 20 мың террористі іздеп жүрген шығарсыңдар» дедім. Тоқаев, менің қарындасымды Назарбаев екеуің өлтірдіңдер. «Ескертусіз оқ атыңдар» деген сөз сенің ауызыңнан шықты. Сені ешуақытта кешірмеймін... Қарындасымның денесін мәйітханадан алғанымызда оқ тиіп қайтыс болған деген қағаз берді. Мен эксгумация жасауға қарсымын. Бүкіл туысқандарым қарсы. Қазір тыныштық бермей жатыр. Тірісінде маза берген жоқ, енді маза берсін... 

 

«Кінәлілер жазалансын. Кінәлі - Тоқаев»

 

—Қарындасымды атып өлтіргендерді  табыңдар деп адвокат екеуміз Қарасай аудандық полиция басқармасына арыз жаздық. Сұрақтарына жауап бердік. Бірақ менің қарындасымды атып өлтірген Назарбаев пен Тоқаев. Бұйырық  берген сол ғой. Қазір іс жүріп жатыр. Кінәлілер жазалансын. Кінәлі Тоқаев. Жоғарыда отырғандардың барлығын орындарынан алып тастау керек. Бізді не үшін бір адам басқаруы керек. Бізге парламенттік республика қажет...  

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

01/04/2022 13:53
10734 0

Уведомление