«Тісімді тірідей жұлды»: Азаптау ісі бойынша жәбірленушілер сотта жауап берді
Тірідей тісімді жұлып алды. Сол жердегі медик мені оятып беріп жүрді
Талдықорған қаласында Қаңтарда адамдарды азаптады деген бес полицейдің сот процесі жалғасуда. 12 қарашада өткен сот отырысында 3 жәбірленушіден жауап алынды.
12 рет өтіп жатқан сот процесіне іс бойынша жәбірленуші деп танылған 23 адамның үшеуі ғана келді. Судья Бекмұрат Дүйсенбеков түскі үзіліске дейін жәбірленуші Александр Патюшин, Қонақбай Құрмет және Жансерік Тұралықовтан жауап алды. Біз Тұралықовтың жауабын ықшамдап беруді жөн көрдік.
«Тірідей тісімді жұлып алды»
Жәбірленуші Жансерік Тұралықов Қаңтар кезінде тісін жұлып алған адамның істе жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ІІД ғимаратында тергеу кезінде ұрып-соғып, қару-жарақ жөнінде сұраған.
– Қаңтарда алаңда жүргенім өтірік емес, рас. Бірақ мен ешқандай ұрлық жасамадым. Бұлар менде қару бар деп ойлаған. Солай алып кетіп, «қару қайда?» деген сұрақтар қойды. Бір адам тісімді жұлып алды. Мен оны тергеу кезінде де айтқанмын. Сол кісі мына жерде неге отырмайды, прокурор мырза? (Оны көрген – ред) куәгерлердің барлығы бар. Менің қалай жаным шықпайды? Тірідей тісімді жұлып алды. Сол жердегі медик мені оятып беріп жүрді. Қазір госпитальде істейтін Рафаель Хизматуллиннің қысқышымен тісімді жұлды. ІІД бесінші қабатында тергеп, «қару қайда, кімді көрдің, айтсаң жіберемін» деп ұрып-соқты, – деді Тұралықов жауап беру кезінде.
«Бұл концлагерь емес, ауызын жауып ұрыңдар»
Тұралықов азаптаудың соңына қарай ІІД бастығы телефоны мен құжаттарын алып алғанын айтты. Оның сөзінше, ол «бұл концлагерь емес, ауыздарын жауып ұрыңдар» деген бұйрық берген.
– Соңына қарай «болды, мынаны ұрмаңдар, қазір бұл өледі» деді. Қайта-қайта укол салды. ІІД бастығы келіп телефон, құжаттарымды алып алды. Төртінші қабаттағы кабинетіне алып барды. Ол жерде көп телевизор болды. СОБР-ларға сол жерден бұйрық беріп отырды. Сыртқа шығып «бұл концлагерь емес, дауыстарын шығармай, ауыздарын жауап ұрыңдар» деп айқайлады, – деді Тұралықов.
«Басыма пакет кигізіп талдырды»
Тұралықовтың сөзінше, полиция қызметкерлері басына пакет кигізіп тұншықтырған, үш күнде жеті рет талып, оянған.
– Мен үтік басатын бөлмеге кірдім. Үтіктеген адамды көрдім. Бірақ жеке маған ешкім үтік басқан жоқ. Төртеуі қол-аяғымнан ұстап алып, үтіктемекші болды. Бірақ ол уақытта артқы жақта бір адам өлейін деді ме, бір нәрсе болды. Бастығы келіп, «қоя тұрыңдар, жедел жәрдем келді, қазір көріп қояды» деді. Содан үтіктен аман қалдым. Екінші күні мені сол бөлмеде басыма пакет кигізіп талдырды. ІІД болған үш күнде жеті рет талдым. Олардың барлығын танимын, антикорға (жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – ред) айттым барлығын, – деді ол.
Келесі сот отырысы 18 қарашада өтеді. Іс бойыншы 23 адам жәбірленуші, бес полиция қызметкері күдікті деп танылған. Бұған дейінгі сот отырысында жәбірленушілер сот құрамына сенімсіздік білдіріп, істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Судья оны қанағаттандырмаған. Осыдан кейін жәбірленушілер сот залынан шығып кеткен. Осы уақытқа дейін тек 14 жәбірленушіден жауап алынды.
Пікірлер жоқ.