TEDxAstana-ға тіркеу басталды

Конференция 4 желтоқсанда өтеді


21/10/2022
11:10 20565 0

4 желтоқсанда елордада алтыншы TEDxAstana конференциясы өтеді. Биылғы конференция тақырыбы — «Бейуақыт». Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылғы оқиғалар біздің өзімізге және әлемге қатысты түсінігімізді өзгертті. Ендігі кезекте ауыр әңгіме қозғап, күрделі шешім қабылдайтын шақ туды. Бұл шақ «бейуақыт» кезіндегі көңіл-күймен парапар келетіндей.

 

Бейуақыт – қараңғының күшіне енетін өтпелі апақ-сапақ кез. Бұл уақытта ұйықтасаң, бойды «қара күштер» билейтініне сенген ата-бабамыз шаруасын қараңғыға қалдырмай қамдаған.

 

Біз 2022 жылғы TEDxAstana конференциясының тақырыбы етіп осы метафораны таңдадық. Неге десеңіз, біздің қазіргі бастан кешіп жатқан тарихи сәтті тәтті ұйқыда өткізуге болмайтынына сенімдіміз. Сол себепті идея күшіне сенетін TEDx қауымын «әлемдегі өз орнын және өзіндегі әлемді сезінуге» шақырамыз. Бүгінгі тарихи жағдайға орай құлдық санадан арылу мен тіл мәселесін, жадымен жұмыс, геосаясат пен экономиканы бірге зерттеп, зерделеу мақсатында кездеспекпіз, — дейді TEDxAstana ұйымдастырушылары.

 

Конференцияға билет сатып алу үшін tedxastana.com сайтындағы сауалнаманы толтырып, өтінім қалдыра аласыз. 31 қазанға дейін тіркелгендерге билет құны 10 мың теңге. 1 қарашадан бастап баға көтеріледі.

 

TEDx – TED («Technology, Entertainment, Design» аббревиатурасы) коммерциялық емес қорының жергілікті қауымдастықтарға арналған жаһандық жобасы. Бұл жоба әртүрлі елде, қала мен қауымдастықта жеке адам немесе топ болып TED стилінде тәуелсіз конференция ұйымдастыруға мүмкіндік береді. 

TEDxAstana конференциясы – тәуелсіз іс-шара. ТED қорының арнайы лицензиясы бойынша өтетін конференцияның басты міндеті – Қазақстанда бірегей идеяларды іздеп, тарату.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

21/10/2022 11:10
20565 0

Уведомление