Таулы Қарабақтан Арменияға 100 мыңнан астам адам көшкен

Арменияға 15 адам мінген соңғы автобус келген


02/10/2023
10:43 12761 0

Фото: Reuters

Арменияға Таулы Қарабақтан көшуге мәжбүр болғандардың соңғы легі келген. Автобуста 15 адам болған. Бұл жөнінде мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының омбудсмені Гегам Степанян мәлімдеді. 

Оның сөзінше, босқындар мінген соңғы автобус Армения шекарасынан өткен. Осы уақытқа дейін өз бетімен шыға алмайтын адамдарға еріктілер көмектескен. 

– Таулы Қарабақта қалып қойған жәрдемге мұқтаж адамдар туралы ақпарат жоқ. Олар туралы ақпарат болса, Қызыл Крест халықаралық комитетіне хабарласуға болады, – деді Степанян.

Армения билігінің мәліметінше, 1 қазанға дейін елге Таулы Қарабақтан 100 514 адам келген. Ереван санағы бойынша, биыл жыл басында аймақта 120 мың адам өмір сүрген. Бірақ нақты мәлімет жоқ. Таулы Қарабақ өкілдерінің сөзінше, қазір аймақ босап қалған. 

Армения премьер-министрі Никол Пашинянның баспасөз хатшысы Назели Багдасарянның сөзінше, босқындардың қоныс аудару процесі логикалық соңына жақындаған. 

Бұған дейін Никол Пашинян Таулы Қарабақ армяндарының жаппай көшуін «Әзірбайжанның депортациясы, жаппай қуғын-сүргін» деп атаған. Ресми Баку оған әу бастан ақ аймақ тұрғындарына үйлерінде қалап, әзірбайжан қоғамымен бірлесіп өмір сүруге шақырғанын айтқан. 

Әзірге Әзербайжан әскерінің аймақ орталығы Ханкенді (Степанакерт) қаласы мен мойындалмаған республика бақылауында болған өзге де елдімекендерге кіргені жөнінде ақпарат жоқ.

Армения билігі Қарабақтан қоныс аударғандарға көмек көрсетіп жатыр. Армения премьер-министрі Никол Пашинян қоныс аударғандардың әрбіріне 250 долларға жуық ақша төлеу, әр адамға айына 100 доллар шамасында беру жөнінде қаулы шығарған. Бағдарлама алты айға есептелген.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/10/2023 10:43
12761 0

Уведомление