Тараздағы әруақтар соты: «БТР өткен соң көшеде өлген адамдар жатты»
Қаза тапқандардың туыстары алаңда бір ғана БТР-дың болғанына күмәнмен қарайды
Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған тоғыз адамның соты жалғасуда. Іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаев Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан.
28 желтоқсанда өткен сот отырысында судья Бағдат Төребекұлы бір ғана куәгер Айнұр Жұмаділованы тыңдады. Ол халыққа оқ атылған орталық алаңға жақын орналасқан үйлердің бірінде тұратынын, Қаңтар оқиғасы кезінде Төле би көшесінде болған жағдайды үйінің терезесінен видеоға түсіргенін айтты. Оның сөзінше, 6 қаңтарда көшеге бейбіт халық шыққан. Ешқайсының қолында қару болмаған. Әскерилердің БТР-дан оқ жаудырғанын көрмеген. Бірақ әскери техника өткеннен кейін көшеде адамдардың өліп жатқанын көрген.
– Төле би көшесімен алаңға қарай кетіп бара жатқан халықтың қолында ешқандай қару болған жоқ. Жалау ұстаған, «Алаға, Қазақстан» деп ұрандатқан адамдарды көрдім. Арасында мас адамдар да болды. БТР-дан оқ атқанын көрген жоқпын. Бірақ БТР өтіп кеткен соң көшеде өлген адамдар жатты, – деді Жұмаділова.
Айнұр Жұмаділованың айтуынша, ол 6 қаңтарда жедел жәрдем шақырған. Бірақ олар «бізге ол жерге баруға бұйрық келген жоқ» деп жауап берген. Оққа ұшып, қаза тапқандардың денесін жедел жәрдем бір күн өткеннен кейін бірақ алып кеткен.
– Жедел жәрдем қаңтардың 7-і күні түстен кейін сағат 15:00 шамасында келіп, қаза тапқандардың денесін алып кетті. Оларды қара пакеттерге салып алып кетіп жатты. Олардың қаза тапқанын содан білдім, – деді куәгер.
Іс бойынша күдікті деп танылған Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков өткен сот отырысында жауап берген әскери аға сержант Секербековтың жауабы мен бүгінгі куәгердің жауабы бір-біріне қарама-қайшы екенін айтады.
– Секербеков полковник Жагипбаровтың бұйрығымен 91 оқ атқанын айтты. Оның жартысын аспанға, жартысын жерге аттым деді. Бірақ біз видеодан көрдік, ол жерде ондай нәрсе болмаған. Тікелей балаларды қырып өткен... Секербеков «Жамбыл» қонақ үйінің алдына келгенімде қыз-жігіттер шеп жасап, БТР-дың жүруіне кедергі жасады деді. Бүгінгі куәгер Айнұр Жұмаділова көшеде болған халық БТР-ға ешқандай кедергі келтірмегенін, ешкімнің қолында ешқандай тас, қару болмағанын айтып отыр. Бұл жерде қарама-қайшылық бар. Бұлар барлығын өздері қолдан жасап қойған, – дейді Шыңғысбеков.
Іс бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда бір ғана БТР болды делінген. Бірақ қаза тапқандардың туыстары оған күмәнмен қарайды. Олардың сөзінше, видеода бір минут айырмашылығымен екі БТР бір-біріне қарама қарсы бағытта өткен.
– Бейне таспаны қарасаңыз, 22:57 кеткенде БТР Төле би көшесімен алаңға қарай кіреді де қырып өтеді. Арада бір минут өткенде кері қарай өтеді. Ол БТР алаңның арғы басындағы драма театр жаққа барып, бір минуттың ішінде бұрылып келе алмайды. Ол жеңіл машина емес. Сегіз дөңгелекті техника ғой. Бізге күмән келтіретін нәрсе сол уақыт. Бір минуттың ішінде БТР алаңға барып-келе алмайды, – дейді Шыңғысбеков.
Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан Райс Рысбеков пен Ержан Байжановтың үстінен ҚР ҚК 287 бабының 3 тармағы «қару-жарақ құралдарын заңсыз иемдену, тасымалдау, сақтау, алып жүру» және 272 бабының 2 тармағы «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бойынша айып тағылған. Екеуінің де қалтасынан оқ табылған. Туыстары «ол оқтарды әскерилер салып жіберді» дейді. Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаев іс бойынша 272 баптың 2 тармағымен күдікті деп танылған.
Ресми дерек дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам қаза тапқан.
Пікірлер жоқ.