Тараздағы марқұмдар соты: Прокурор өлгендердің барлығын «кінәлі» деп тануды сұрады

Марқұмдардың туыстары тағылған айыппен келіспеді


26/01/2023
14:13 2895 0

Таразда Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 9 адамның (оның ішінде 5 адам оққа ұшып, қаза тапқан) сотында жарыссөз басталды. Судья Бағдат Төребекұлы БАҚ өкілдеріне сот залын фото-видеоға түсіруге рұқсат бермеді. Ол тілшілер жұмысына кедергі келтіретінін айтты. Журналистер процесті көрші залдан бақылады. 

 

Сот процесі басталмай тұрып журналистер залды фото-видеоға түсірді. Прокурор Ғани Құрманов Masa Media тілшісіне өзін түсірмеуді, бүгін «шашын тарамағанын» айтты. Есесіне, іс бойынша күдікті деп танылған Асхат Тәшекеев, Бекбау Марат және Ғани Керімбаев БАҚ өкілдеріне өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. 

 

– Маған ҚР ҚК 272 бабының 1 және 2 тармағы бойынша айып тағылған. Басында «терроризмды» ілген. Кейін оны алып тастады. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Барлығы өтірік, бәрі жалған. Неге екенін білмеймін, барлығын шығарып жіберді, бізді түгі жоқ, ешкімі жоқ деп қамап отыр, – деді Тәшекеев. 

 

Оның сөзінше, күдікті 9 адам сотқа дейін бір-бірін танымаған. Бірақ осыған қарамастан судья істі бөліп қарау өтініштерін қанағаттандырмаған. 

 

– Біз қайтыс болғандарды танымаймыз. Біз бір-бірімізбен осы жерде танысып отырмыз. Іс материалдары бойынша барлығымыз бір-бір автоматты асынып алып, жас балаларды ертіп жүр екенбіз. Істе тоғыз адам бірге жүрген болып тұрмыз. Жас балаларды оққа итермелегенбіз, – деді Тәшекеев. 

 

Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде Асхат Тәшекеевті 4 жылға бас бостандығынан айыруды, орташа дәрежедегі қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу жазасын беруді, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуді сұрады. 

 

 

Қаңтар оқиғасы кезіне аяғына оқ тиіп, балдаққа байланған Бекбау Маратқа ҚР ҚК 255 бабының 1 тармағы «терроризм» бойынша айып тағылған. Ол тергеу изоляторында ешқандай медициналық көмек алмайтынын, жазған арыздары сыртқа шықпайтынын айтты. 

 

– 255 баптың 1 тармағын ілді. Басында 255 баптың 4 тармағын ілген. «Акт терроризма»  деп, адамдарды айдап салдың дейді. Мен орталықта адамдармен бірге болғаным болмаса, ешқандай шаруам жоқ. 6 қаңтарда аяғыма екі оқ тиіп, осы балдақпен «достасып қалдым». Тергеу изоляторында бізге медициналық көмек көрсетілмейді. Олар бізді адам құрлы көрмейді. Көмек сұрасаң жоқтан басқа ешнәрсе айтпайды. Мен қанша рет арыз жаздым. Бірақ арыздарымыз сыртқа шықпайды, – деді ол.  

 

Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Жазықсыз сотталатын болса, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтты.

 

– Егер маған жазықсыздан жазықсыз бас бостандығымнан айыру жазасын қолданатын болса, онда мен өз-өзіме қол жұмсаймын. Себебі мен жасамаған ісім үшін отырғым келмейді. Мен митинг қылмыс деп санамаймын. Ешқандай елде ол қылмыс деп саналмайды. Біз ол жерде арзаншылық болсын, әділдік болсын деп талап қойдық, – деді Марат. 

 

Прокурор Бекбау Мараттың айыбын ҚР ҚК 272 бабының 2 тармағына қайта сараланып, 4 жыл бас бостандығынан айыруды және алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуді сұрады.  

 

Ғани Керімбаев та өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде жаралы адамдарды ауруханаға апарғанын айтады.

 

– Мен сол жерде жаралы адамдарды ауруханаға апарған болатынмын. Содан бері неше түрлі бапты ілді. Қазір 272 баптың 2 тармағымен сот болып жатыр. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Мен жаралы адамдарға көмектестім. Екі адамды ауруханаға апардым. Біреуі қайтыс болып кетті, біреуі тірі қалды, – деді Керімбаев. 

 

Прокурор судьядан Ғани Керімбаевты 3 жылға бас бостандығынан айыруды, рақымшылыққа байланысты жазаны 9 айға қысқартып, сот залынан босатуды сұрады. 

 

Прокурор Нұрбол Ережеповты 3 жылға шартты жазаға кесуді, рақымшылыққа байланысты жазаны 9 айға қысқартуды сұрады. Ол бұған дейін сотқа «ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасымен»  қатысып келген. 

 

Прокурор Ғани Құрманов Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшып, көз жұмған Райс Рысбековты, Ержан Байжановты, Нұрсұлтан Қуатбаевты, Тоқтар Ошақбайды және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, олардың қаза болуына байланысты жазадан босатуды сұрады. 

 

Марқұмдардың туыстары мен адвокаттары прокурор сұраған жаза мен таққан айыппен келіспейтіндерін айтып, судьядан жақындарын ақтауды сұрады. 

 

Cот жалғасып жатыр...

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

26/01/2023 14:13
2895 0

Уведомление