Тараздағы «аруақтар соты»: Ұлын соттап, әділдік іздеген әкесін жұмыстан шығарған
Жәмилә Рахымбекова енді Жоғары сотқа шағымданбақ
Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшып, қаза тауып, Жамбыл облыстық соты үкімін өзгеріссіз қалдырған Тоқтар Ошақбайдың анасы Жәмилә Рахымбекова Masa Media тілшісіне сот үкімімен келіспейтінін және әділдік іздеген күйеуі Мұхтар Сыздықовты жақында жұмыстан шығарып жібергенін айтты.
– Облыстық апелляциялық сот үкімі оқылды. Сот бес марқұмның біреуі Нұрсұлтан Қуатбаевты ақтады. Оған куә болған Мырзалиев пен Кауетов менің балама да куә болған. Мырзалиев қалалық сотта қысым көргенін, Тоқтар Ошақбайды да, Нұрсұлтан Қуатбаевты да, Ержан Байжановты да көрген жоқпын, екшімді де білмеймін деген. Бірақ соған қарамастан, сот айыптау үкімін шығарып отыр. Бір баланы ғана ақтау ата-аналарды жан-жаққа бөлшектеу саясаты шығар. Мен ол жағын білмеймін. Бірақ басында істі бес марқұм бірге жүрген, барлығын қиратқан деп қозғаған, – деді Рахымбекова.
Марқұм Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықов соттан әділдік талап етіп тұр
Оның айтуынша, сот басталған бір жыл жеті ай бойы күйеуі Мұхтар Сыздықовтың артынан қудалап, жеті жыл бойы жұмыс істеген орнынан шығартып жіберген.
– Мен осы уақытқа дейін көп сұхбат бермейтінмін. Осы бір жыл жеті ай ішінде менің жолдасымның артынан қудалау жүрді. Оны жеті жыл бойы жұмыс істеген орнынан шығарып тастап отыр. Олар баппен емес, өз еркімен деп жұмыстан шығарды. Қазір күйеуім жұмыссыз, менің аяғым ауыр. Қырқүйекте декретке кетемін. Мен қанша рет прокуратураға, облыстық әкімдікке барып, күйеуімді жұмысқа қайтадан тұрғызуды сұрап бардым. Мен баламды ақтап, жолдасымды жұмысқа тұрғызбай қоймаймын, – деді ол.
Жәмилә Рахымбекова алдағы уақытта өзге марқұмдардың ата-аналарымен бірге Астана қаласына барып, Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірмек.
8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық соты Нұрсұлтан Қуатбаевты ақтап, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған.
7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы бес марқұмның бесеуін де кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан. Ел арасында бұл іс «аруақтар соты» деп аталып кеткен. Жалпы, Қазақстан бойынша Қаңтар оқиғасына қатысты 12 марқұм сотталған.
Пікірлер жоқ.