Танымал тегтер

Солшылдар мен оңшылдар: көзқарасы қабыспайтын саяси топтар

Саясаткерлерді, партияларды саяси көзқарасына, ұстанатын принциптері мен жүргізетін идеологиясына қарай топтарға бөлу әлімсақтан бар үрдіс.


10/01/2025
12:59 336 0

Айталық, саясатта солшылдар мен оңшылдар деген жік бары көпшілікке мәлім. Олардың айырмашылығы қандай? Саяси алаңда тағы қандай топтар бар?

 

ҚАЙДАН ШЫҚҚАН ЖІК?

 

Тарихқа жүгінсек, «оңшылдар» және «солшылдар» деген терминдер бізге XVIII ғасырдың соңындағы Француз революциясы аясында келді. Конвент отырыстарында қолданыстағы дәстүрлі тәртіптердің сақталуын қалайтын француздар оң жақта, радикалды өзгерістерді күтетіндер — сол жаққа жайғасатын болған.

Содан бастап қоғамда бұрыннан бар тәртіпті, консервативті құндылықтарды сақтағысы келетіндерді оңшылдар, ал прогрессивті өзгерістер мен реформалар болсын дейтіндерді солшылдар деп атау белең алды.

XIX ғасырдың ортасына қарай саяси еркіндіктер мен кәсіпкерлік еркіндікті жақтаған либералдар солшылдар ретінде қарастырылды. Алайда, социалистік идеялар дамыған сайын, солшылдар деген атау көбінесе әлеуметтік теңдікке ұмтылған жақтаушыларға қатысты қолданыла бастады. Ал оңшыл партиялар монархистердің, легитимистердің, ірі жер иеленушілердің және діншілдердің мүдделерін білдірді.

Уақыт өте келе бұл саяси қөзқарастар қатты өзгерді. Қазір саяси топтар оңшылдар, солшылдар деп бөліне бермейді. Бұлар – абсолют емес, шартты түсінік екенін ұмытпаған жөн.

 

САЯСАТТАҒЫ СОЛШЫЛДАР

 

Бүгінде саяси спектердегі «солшыл» ұғымы әлеуметтік теңдікке, экономикалық әділдікке және мемлекет тарапынан қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етуге басымдық беретін идеяларды сипаттау үшін қолданылады.

Солшылдардың негізгі ұстанымдары:

·      әлеуметтік теңдік;

·      табыс пен мүмкіндіктер теңсіздігін азайту;

·      кедейлікті жою және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету;

·      экономиканы мемлекеттік реттеу, қоғамдық игіліктерге басымдық беру (білім беру, денсаулық сақтау);

·      байлықты әділетті қайта бөлу (мысалы, прогрессивті салық салу арқылы);

·      жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту;

·      азаматтық құқықтарды кеңейту;

·      гендерлік теңдік, нәсілдік және этникалық дискриминациямен күрес.

 

 

СОЛШЫЛДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ:

 

·      коммунистер

·      социалистер

·      социал-демократтар

·      анархистер

Солшылдар радикалды реформаларды қолдайды. Мемлекет халықтың денсаулығы, білімі және әл-ауқаты үшін көп жауапкершілік алуы керек деп санайды. Мысалы тегін медицина және білім беру. Алайда солшылдардың мемлекет құрылымына қарсы анархизм бағыты да барын ұмытпау керек.

Қазақстанда «солшыл» деген ұғым сирек қолданылады, бірақ бұл ұғымды әлеуметтік-экономикалық теңдікке бағытталған идеяларды қолдайтын топтарды сипаттау үшін қолдануға болады.

 

ОҢШЫЛДАР

 

Оңшылдарға келсек, бұл топтағылар әр адам өз өмірі үшін өзі жауапты болғанын қалайды. Мемлекет азаматтардың ісіне араласпауы керек деп санайды. Оңшылдар еркін нарық пен бизнестің дамуын қолдайды. Байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықты табиғи нәрсе деп қабылдайды.

 

Оларға тән тағы бір белгісі – консерватизм, дәстүрлі құндылықтарды, ұлттық мәдениетті қорғап, сақтау керек дейді. Алайда бұл бағыттың ұлтшылдық және фашизм секілді басқару формалары да бар.

 

Оңшыл идеологияларға дәстүрлі түрде консерватизм, христиандық демократия, ұлтшыл демократия, ұлтшыл либерализм, консервативтік либерализм, экономикалық либерализм, оңшыл популизм, оңшыл либертарианизм, классикалық либерализм, ал ультраоңшылдарға ультраұлтшылдық, фашизм (соның ішінде ұлттық социализм), супремасизм және т.б. жатады.

 

ОҢШЫЛДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ:

 

·      консерваторлар;

·      ұлтшыл демократтар;

·      либертариандар;

·      ұлтшылдар.

 

 Оңшылдардың көксейтіні:

 

·      еркін бизнес;

·      нарық экономикасы;

·      бәсекелестік;

·      қатаң сыртқы саясат;

·      индивидуализм;

·      ұлт бірегейлігін сақтау.

 

ОРТАЛЫҚШЫЛДАР

 

Солшыл және оңшыл идеялардың үйлесімін іздейтін аралық топ - орталықшылдар. Олар модерация мен консенсусты қолдайды. Реформалар мен дәстүрлер арасында тепе-теңдік сақталуы керек деп есептейді.

Идеологиялары: либерализм, әлеуметтік нарықтық экономика.

Мақсаты: қоғамдағы әртүрлі мүдделерді теңдестіру және ортақ шешімдер табу.

Өкілдері:социал-демократтар, демократтар, республикашылдар.

 

ТАҒА ТЕОРИЯСЫ

 

Саясаттануда «Таға теориясы» деген бар. Оған сәйкес радикал оңшылдар мен радикал солшылдар центристерге не оңшылдар мен солшылдарға қарағанда бір-біріне әлдеқайда жақын болады. Кейде ғалымдар фашистік Германиядағы режим (оңшыл) мен КСРО-дағы коммунизмнің (солшыл) кейбір ұқсастығын осы теориясына сүйеніп түсіндіреді. Бірақ бұл жерде екі режим де тоталитар болғанын ескерген жөн.

 

 Сондықтан адамның саяси көзқарасын анықтау үшін «оң-сол» көлденең шкаласымен қатар мемлекеттің адам мен қоғамды бақылау дәрежесін көрсететін «авторитаризм-либерализм» вертикаль шкаласы  қолданылады.

 

 

 

 

 

НОЛАН ДИАГРАММАСЫ

 

Кейбір пікірлер бойынша, екі полюсті саяси шкала («оңшыл» және «солшыл») мемлекеттің қоғам өмірін бақылаудағы рөлі мен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудегі рөлін жеткілікті түрде бейнелемейді. Осы пікірді қолдаушылар 1970 жылы америкалық либертарианшы Дэвид Нолан ұсынған төрт полюсті шәкілді (Нолан диаграммасы) қолданады

 

·      консерваторлар (прагматизмді, иерархияны, ұйымшылдықты және қоғамның жеке тұлғадан үстемдігін жақтайтындар);

·      либералдар (индивидуализмді, теңдікті және төзімділікті қолдайтындар);

·      либертарианшылар (мемлекеттің қоғам өміріне араласуын барынша азайтуды жақтайтындар);

·      тоталитаристер (мемлекеттің қоғам өмірін қатаң бақылауын және кірістерді мемлекет арқылы қайта бөлуді жақтайтындар).

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

10/01/2025 12:59
336 0

Уведомление