Смайылов: Қазақстанның арзан бензині мен дизелі көрші елдерге кетіп жатыр
Елде бензин мен дизель бағасы қымбаттаған
Фото: Ашық дереккөден
Қазақстанның арзан бензині мен дизелі көрші елдерге кетіп жатыр. Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, жанармайды бағасын қымбаттатпаса, алдағы уақытта тапшылық одан сайын күшеюі мүмкін.
– Қазақстанда дизельдің бір литрі 230-260 теңге болса, Ресейде одан 45 пайыз жоғары, яғни литрі – 345 теңге. Қырғызстанда 64 пайыз жоғары немесе 390 теңге. Өзбекстанда екі есе жоғары немесе литрі 480 теңге тұрады. Осындай айырмаға байланысты транзит көліктермен және түрлі "сұр экспорт арқылы" Қазақстан жанармайы көрші елдерге әкетіліп жатыр. Біздің арзан жанармайымыз ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр, – деді Смайылов.
Премьер-министр жанармайдың көрші елдерге кетіп жатқанын өзге де көрсеткіштер арқылы дәлелдеуге тырысты. Оның есебінше, Қазақстанда дизель мен бензинді пайдалану деңгейі көрші елдермен салыстырғанда өте жоғары
– Мысалы, Қазақстанда жылына бір адамға шаққанда 370 литр дизель жұмсалады. Ресейде 225 литр, Қырғызстанда 98 литр, Өзбекстанда 44 литр ғана. Ал біздің экономикамыздың негізгі салаларында жағармай тұтынысы айтарлықтай өзгерген жоқ. Демек, шетелге кетіп жатыр деген сөз, – дейді ол.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары бар мүмкіндігімен жұмыс істеп тұр. Кейінгі бес жылда бензин өндіру 70 пайыз, дизель өндіру 33 пайыз өскен. Былтыр 5,2 миллион тонна дизель өндірілген. Бұл – рекордтық деңгей. Бірақ оның көрші елдерге түрлі жолдармен кетуіне байланысты жанармай нарығында тапшылық қаупі азаймай тұр.
Премьер-министр жанармай тапшылығына жол бермеудің жалғыз жолы көрші елдермен арадағы баға айырмасын азайту деп есептейді.
Кеше, 3 сәуірде Қазақстанның энергетика министрі бензиннің шекті бағасын 11 пайыз, дизель отыны бағасын 20 пайыз көтеретінін хабарлаған. Оны «Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығын азайту үшін жасап отырмыз» деп түсіндірген.
Қазақстан – 2015 жылы 1 қаңтарда құрылған Еуразия экономикалық одағының мүшесі. Одаққа Қазақстанмен көршілес Ресей мен Қырғызстан да кіреді. Бастапқыда одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь мүше болған. Кейін Қырғызстан мен Армения қосылған. Еуразия экономика одағы бірыңғай экономикалық кеңістік пен кеден саясатын үйлестіреді.
Пікірлер жоқ.