«Шырмауық шоғыры»: Кімдер оқып жатыр, қалай қол жеткіземіз?
Америкадағы үздік оқу орындарында білім алғандар не дейді

Сурет ашық дереккөзден
"Ivy League" деген не?
«Шырмауық шоғыры» - бұл АҚШ-тың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, әлемдегі ең беделді және танымал университеттер қауымдастығы. Лига академиялық жетістіктері, элиталық мәртебесі және тарихы терең мәдени дәстүрлерімен ерекше. Оның құрамына сегіз университет кіреді:
1. Гарвард университеті (Harvard University)
2. Йель университеті (Yale University)
3. Принстон университеті (Princeton University)
4. Колумбия университеті (Columbia University)
5. Пенсильвания университеті (University of Pennsylvania)
6. Браун университеті (Brown University)
7. Дартмут колледжі (Dartmouth College)
8. Корнелл университеті (Cornell University)
«Шырмауық шоғыры» термині атаудың пайда болуына қатысты бірнеше нұсқа бар. Алғашқысы, атау университет ғимараттарының ерекше сыртқы көрінісіне байланысты қойылған. Себебі, олардың қабырғалары жасыл шырмауық өсімдігімен көмкерілген.
Екінші нұсқа, бұл атау 1935 жылы пайда болған. Журналист Принстон және Колумбия университеттері командаларының арасындағы спорт жарысын баяу өсіп жатқан шырмауықпен салыстырып, екі команданың да ойыншылары шапшаң болмағанын сынаған. Осыдан кейін "Ivy League" термині алғаш рет баспасөзде пайда болған.
«Шырмауық шоғырында» оқыған қазақтар
«Болашақ» бағдарламасының баспасөз хатшысы бөліскен мәліметке сәйкес, стипендия шеңберінде 234 адам «Шырмауық шоғырында» білім алған. 204 адам - магистратураға, 18 адам – бакалавриатқа, 11 адам –тағылымдамаға, 1-адам – докторантураға қабылданған.
Harvard University – 25 адам, Yale University – 4 адам, University of Pennsylvania – 33 адам, Columbia University – 133 адам, Brown University – 3 адам, Cornell University – 36 адам.
Түлектердің басым бөлігі гуманитарлық бағытты таңдаған. Олар – 181 адам (77%); техникалық – 48 адам (21%); медицинаға – 5 адам (2%) түскен.
Бүгінде 153 адам шарттағы міндеттемелерін орындап, 81-і – еңбекпен өтеу мониторингінде жүр.
«Шырмауық шоғырында» білім алғандар үзіліссіз кемі үш/бес жыл Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттеледі. Түлектер ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сектор, экономика, мұнай-газ өнеркәсібі, білім және ғылым, медицина, құқық, құрылыс, және т.б. салаларда жұмыс істеп жатыр.
«Ғалымдар» санаты бойынша Columbia University оқу орнында 9 адам тағылымдамадан өтті. 2023 ж. – 8 адам, 2024 ж. – 1 адам. Олардың ішінде гуманитарлық бағытта – 8 адам (82,4%); техникалық – 1 адам (15,3%) ғана.
«Шырмауық шоғырын» көргендердің кеңесі
Шадияр есімді студент Гарвард университетіне «Болашақ» бағдарламасы арқылы қалай оқуға үскенін бөлісті.
Ол әу баста Қазақстандағы Назарбаев Университетінде оқуды жоспарлаған. Алайда, екі рет бағын сынап, ЖОО-ға қабылданбаған соң, портфолио жинап, шет елге оқуға түсу мүмкіндігін қарастыра бастайды.
- Дайындық процесі қиын болды. Себебі, қажет құжаттарды жинап, барлығын нәрселерді мұқият оқып, жазуға тырыстым. Қайта оқып, қайта қарап, оқу салдарынан бірнеше мәрте өзгертіп отырдым. Бүкіл әлемнің түлектері бәсекелесетін орта ғой, қиын болғаны рас - деді ол.
Кейіпкеріміз Гарвардта адамдар не үшін оқығысы келеді дегенге, білім сапасы мен мәртебесінен бөлек, жұмысқа қабылдану кезіндегі артықшылығын атап өтті.
- Профессорлары өте қарапайым, студенттермен дос болуға асық. Қолдауды жақсы білдіреді. Білімді өзің үйде үйреніп, кейін дәріс кезінде талқылау барысында ойыңды айту маңызды. Қате болса, профессорлар түзейді. Әр профессордың көмекшісі бар, сол арқылы студенттерге толыққанды анализбен кері байланыс ала аласың. Қандай көмек қажет болса, оңай алу мүмкіндігі ұнайды - дейді Шадияр Қазақстандағы білім беру жүйесімен салыстырып.
Ағылшын тілі Upper Intermediate деңгейінде болуы қажет. Ielts баллы 7-ден басталуы міндетті. Осы тұста, Шадияр өзі сияқты Гарвардқа оқуға түскісі келетін жандарға ақыл-кеңесін де айтты.
- Оқушы, студенттік кезден жан-жақты болу керек. Қазірден бастап, портфолионы толтырып, конференция, үйірмелерге қатысу қажет. Қызығушылық қай нәрсеге бар, соның барлығын көру. Еш нәрседен қысылмауды үйрену. Өзіңіз қалаған мамандыққа сенімді болсаңыз, түсу өте оңай. Өйткені “Шырмауық шоғыры” университеттері шынайы ниетті бағалайды, соны талап етеді - деп кеңес берді.
Колумбия университетінің журналистика мектебін тәмамдаған қазақстандық журналист Дархан Өмірбек те «Шырмауық шоғырында» өзі байқаған артықшылықтарды атады.
- Ол жақта академиялық еркіндік мол, қаржылай тәуелсіздік те бар. Үздік мамандарды оқытушылыққа тарта алады, техникалық жабдығы да толымды. Оған қоса, Нью-Йорк деген қалада білім алудың өз артықшылықтары бар: ірі басылымдар сол қалада орналасқан, солардың өкілдері факультетке жиі келетін, біз де оларға баратынбыз - деді ол.
Дархан оқуға түсі үшін қандай құжат жинағанын да айтты.
- Колумбия университетіне келер болсақ, ағылшын тілі сертификатынан бөлек, екі эссе өткізу керек болды: біреуі кәсіби, біреуі жеке өмір туралы. Сонымен қатар, кемі үш жұмыс үлгісін сұратты. Құжаттардың бәрін өткізгеннен соң, журналистика мектебінің жазба емтиханын тапсырдым. Үш сұрақ берді, соған жауап жаздым, - дейді ол.
Колумбия университетінің оқытушылары үміткерге қандай сұрақ қойғаны да қызықты.
- Ең әуелі соңғы алты айда есімде ерекше сақталған жаңалықты атап, журналистердің сол жаңалықты қамтудағы жіберген қателіктерін сұрады. Екінші тапсырмада әлемге әйгілі саясаткерлерлердің тізімінен біреуін таңдап, сұхбат алу мүмкін болса қандай сұрақтар қоятынымды жазу керек болды. Үшінші сұрақ әлеуметтік желі мен журналистиканың ара қатынасы туралы еді. Айтпақшы, емтиханды онлайн тапсырдым. Түйіндейтін болсақ, төрт критерий бойынша бағаландым: тілді меңгеру, эсселер, жұмыс үлгілері және емтихан, - дейді ол.
Неге мән беру керек
«Шырмауық шоғырына» оқуға түсетіндер әдетте жекелеген агенттердің қызметіне жүгінеді. Солардың бірі, жерлесіміз Бурхан Адиханов. Ол бізбен «Шырмауық шоғырына» қарасты оқу орындарына құжат тапсыратын болсаңыз неге мән беру керегін айтты.
- Университеттер рейтінгі жоғары болған сайын, олардың admission процесі, яғни таңдайтын студенттердің профилі күрделене түседі. Жан-жақты қарайды. «Осылай болса түсіп кетеді, осындай жағдайда студент грант жеңіп алады» деп дөп айту өте қиын. Бәсеке дүниежүзі бойынша болғандықтан, олардың стандартты механизм бойынша жұмыс істеулері де қиын. Соған байланысты қалауларын жылда ауыстырып отырады. Топ университеттер Кэмбридж, Гарвард тағы басқасының статистикасын көруге болады. Соған қарай анализ жасауға болады. (стрелка)
Әрине мотивациялық эссе жоғары рөл ойнайды. Осы уақытқа дейінгі «тәжірибесі, өзінің қызыққан мамандығына қалай келді, соған байланысты әрекет етуі, зерттеу жасауы, практика жүзінде маңызы бар не жасалды» барлығы өте маңызды. Кез келген нәрсеге бір жақта қарамау керек. Егер бұл бакалаврға тапсырып жатқан оқушы болса, әлі оқымаған мамандығы емес, оқыған мектебінің өзі маңызды. Бірінші кезекте, мектептегі бағалары, SAT секілді емтиханы, өзін дамыту үшін extra curricular activities жоғары рөл ойнайды. Ал магистратура жағынан қарастырсақ, бірден бакалавр оқу кезіндегі GPA, төрт жыл бойына қай жерлерде тағылымдамадан өтті, жұмыс тәжірибесі бар ма? Содан соң, тапсырып жатқан университетке түсер алдында сол оқу орнының қысқа не жаздық курсынн өтті ме, зерттеу жасады ма, профессорымен бірлесіп жұмыс істеді ме, әлде бірден оқуға тапсырып жатыр ма, дегеннің барлығы өте маңызды рөл ойнайды.
Жалпы, Гарвардта «How to get into Harvard» деген кітап бар. Сол жерде кемінде 5-6 стратегияны сызып қойған. Ұзақ уақыт бойы бір кәсіпке, іске қызығу, бір жұмыспен кәсіби түрде айналысу стратегиялардың бірі. Қай деңгейде болсын, мектеп, қала, республикалық иә, дүниежүзілік, қай деңгейге шыға алса, бір іспен ұзақ уақыт бойы айналыса алу, оның проблемасын көру, шешім қабылдай алу, жетістікке жету және бір орында тұрмау секілді қасиеттердің болуы маңызды. Бір нәрсені айта кету қажет: Мамандыққа қатысты қабілеттер бар. Мысалы, бизнес мектепті таңдайтын үміткердің арнайы өз қабілеттері бар. Оны көріп, алдын ала ашу қажет, дамыта білу керек. Таңдаған мамандыққа қатысты стратегиялық жоспар құру маңызды,- дейді ол.
Бурхан Адихановтың пікірінің жалғасы алда жеке сұхбат ретінде жарық көреді...

Пікірлер жоқ.