ШҚО әкімдігі 14 млн теңгеге әлі жөнделіп бітпеген Риддер ЖЭС туралы деректі фильм түсірген
Былтыр Риддерде 22 мың отбасы жылусыз қалған
Фото: Ашық дереккөзден
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі әлі жөнделіп бітпеген Риддер жылу электр станциясы туралы 14 миллион теңгеге деректі фильм түсірген.
«Төтенше жағдайдан Heppy End-ке» (От ЧС к Heppy End) деп аталатын деректі фильм бір ай бұрын 14 миллион 880 мың теңгеге түсірілген. Фильм туралы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған. Тендерге «Алюстрой» компаниясы тікелей бір көзден ие болған. Келісімшарт облысқа жаңа әкім Ермек Көшербаев келгеннен кейін жасалса да, фильмде аймақ басшысы ретінде экс-әкім Даниал Ахметовтың аты аталады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі фильмге байланысты Азаттық радиосының сауалына жауап берген. Онда әкімдік тендер толықтай заң талабына сай өтті деп қайырылған.
– Мұндай ақпаратты барынша көп ұсыну тұрғындарды проблемаларды шешу үдерістерімен таныстыруға, тұрғындардың мүддесін қорғауға және қиын жағдайда жылумен қамтамасыз ету үшін қабылданған іс-шаралардан хабардар етуге көмектесті. Жобаның мақсаты – республикалық және жергілікті атқарушы органдар қандай іс-әрекет істеп жатқаны туралы объективті, нақты ақпарат беру, – делінген әкімдік жауабында.
Фильм жарияланған Sozmedia сайты – ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде биыл тіркелген жаңа ресурс. Басылым өткен айда журналист Асхат Ниязовтың Даниал Ахметовтен алған cұхбатын автордан бұрын YouTube-арнасына жариялап жіберген. Асхат Ниязов оны өшіруді талап етіп пікір қалдырған, бірақ видео әлі де сонда тұр
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев 15 шілдеде Риддер ЖЭС-ін күрделі жөндеу мен оған жабдықтар сатып алуға республика бюджетінен 9,8 миллиард теңге қаражат алдағы аптада келіп түсетінін хабарлаған.
Энергетика министрлігінің ақпарат бойынша, Риддер ЖЭС-ін сегіз мердігер компания жөндейді.
Риддер ЖЭС-інде былтыр күз бен қыста бірнеше рет апат болды. Былтыр қарашада 22 мыңнан астам отбасы бірнеше тәулік суық үйде түнеген. Үкіметтің ақпаратына қарағанда, Риддер ЖЭС-і 71,5 пайыз тозған.
Апат болғаннан бері кәсіпорын иесі екі рет ауысты. Қаңтарда кәсіпорынды Қайрат Отыншиевтен Құралбек Әбдірахманов деген кәсіпкер сатып алған. Өткен айда жылу электр орталығы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиевтің қолына өтті.
Пікірлер жоқ.