Шетелде тұрса да, Қазақстан жайлы жазып, айтып жүрген кімдер?
Елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын эмигранттар және өзгелер

Masamedia.kz коллажы
Жуырда журналист, блогер Динара Сәтжанның елден кеткендер жайлы жазбасы желідегі пікірлерді қаққа бөлді. «Маған Қазақстаннан кеткен қазақтардың бізге өмір сүруді үйрететіні ұнамайды. Кемшілікті шұқып көрсетеді. Сынайды. Кеттіңдер ме? Өз өмірлеріңді сүріңдер! Біз сендерсіз-ақ күнелтеміз. Ішкі мәселеміз сендерді алаңдатпай-ақ қойсын» деп жазды ол. Сәтжанның сөзі жалпылама болып көрінгенімен, нақты адресаты барын жұрт шамалады.
Ал біз бұл жазбадан кейін елден кетсе де, Қазақстанда болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтын белсенді тұлғаларды түгендеуге тырыстық. Олар кімдер? Отанынан неге безді, Қазақстан жайлы не айтады?
Мұхтар Мағауин
Шетелге кеткен қазақтар жайлы сөз қозғалғанда көптің ойына түсетін ең бірінші адам – Мұхтар Мағауин. 85 жасына қараған шағында мұхиттың арғы жағында дүние салған қаламгер 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жерленді.
Жазушы өмірінің соңғы жылдары, нақтырақ 18 жылға жуық елден жырақ жүрді. Ол 2007 жылы Чехияға көшіп, Прагада алты жылдай тұрды. Кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Түркияны да уақытша тұрақ етті.
Жуырда белгілі тележурналист Жанар Байсемізова Мағауиннің соңғы сұхбатын жариялады. Онда қаламгер елден кетуіне не себеп болғанын айтқан.
«Кетпеске болмады. «Жұлдыз» деген журналда отырдым, мен ол журналға Олжас Сүлейменовтің қолдауымен 1988 жылы өтіп едім. Мені ұзақ отырғызған жоқ, өйткені біз барлық уақытта ұлттық мәселелерді көтердік. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін мені одан бетер жек көретін болды. Жұмыс жасатпайды, бірақ мен ешкімді тыңдаған жоқпын. Бізде бәрі басқаша болды, мысалы үшін біздің қызметкерлер жұмысқа сағат 13:00-де келеді. Жазушылар Одағына қарасты деп есептелетін едік. Оны тыңдай бермейміз. Бір күні Жазушылар одағының басшысы қоңырау шалып: «Жұрттар сіздерді жұмысқа уақытылы келмейді деп айтып жатыр» дейді. Мен сен Мәскеудегі журнал қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін білесің ғой, бес күн жұмыста отырмайды. Аптасына бір-екі күн ғана келеді. Неге біз қазақ олай отырмауымыз керек?» дедім. Сонымен ұлт мәселесін көтеріп жаттық, жүйелі науқан басталды. Апта сайын мені жамандаған мақала басылады. Бір күні бес-алты мақала қатар шыққан кез болды, оның ешқайсысын елегеніміз жоқ. Ақыры 2006 жылдың қараша айында мені журналдан кетірді, мен өзім дайындалып жүргенмін, портфелімді алып кете бердім. Бірақ журналды қимай жүргенмін», - дейді жазушы.
Елде жаланың астында қалған жазушы Еуропада жұмыс істеп жүрген ұлы Едіге Мағауиннің қолына көшіп барған.
«Ұлым Прагадағы «Азаттық радиосында» жұмыс істейтін, мені Еуропаға шақырып жүрген. Қимайтын не бар, шетелге келдім. Едіге 1995 жылы келді, біз оған келіп, айлап жатып кететінбіз. Келгеннен кейін барып алты күн демалдым, жетінші күні әңгіме жазуға отырдым, – деді жазушы.
Мағауин жырақта жүргенде елге деген сағыныш болмағанын айтты.
«Елге деген сағыныш болған жоқ. Өйткені мен айтатынымды айттым, шығаратынымды шығарып болдым. Қазақ деген – мен, Қазақстан деген менмін. Бәрі менің жүрегімде, басымда. Ешқашанда сағынып көрмедім. Мұнда толық еркіндік, ешкім мені тоқтатпайды, анау-мынау әңгімеден тысқарысың», – депті 2023 жылы АҚШ-тағы үйінде берген сұхбатында.
Мұхтар Мағауин – Қазақстан билігін өткір сынаған санаулы қаламгердің бірі. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «Қан төгілді» деген атаумен мақала жазып, «менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр» деп Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Кейінірек «Халық үні» басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп елдің бірінші президентін қаймықпай сынға алды.
Ғалым Боқаш
Праганы тұрақ қылған қазақтың тағы бір азаматы – Ғалым Боқаш. Оны көпшілік журналист, шығыстанушы ретінде таниды. Лондон университетінің Шығыстану және африкатану мектебінде, 2007-2009 жылдары Оксфорд университетінің шығыстану факультеті мен Әулие Петр колледжінде білім алған. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, Азаттық радиосында қызмет еткен.
2010 жылы Азаттық радиосының шақыртуымен Прагаға қоныс аударып, 9 жылға жуық уақыт сонда жұмыс істеген. 2013 жылы қазақ басылымдарының біріне берген сұхбатында елге қайтуға құлықсыз екенін айтыпты.
«2009 жылы соңғы мәрте алған білімім мен жинаған тәжірибемді Қазақстанда өз мамандығыма қатысты салада пайдаға асыруға ықыласты екенімді білдірдім. Көп кешікпей саяси топтар арасындағы өзіме тікелей қатысы жоқ ақпараттық соғыстың нысанасына айналудан да, конспирациялық теориялардың кейіпкері болудан да жалықтым. Сол себепті қазіргі атқарып жатқан онлайн журналистикадағы қызметім мен жоспарлаған ғылыми зерттеулерден енді ешқайда бас та бұрғым келмейді», - депті журналист.
2018 жылдың соңында Facebook-та жариялаған жазбасында Ғалым Боқаш АҚШ-қа қоныс аударатынын айтқан.
«Отбасымның жағдайы, болашақ зерттеу жұмысы мен қызмет ыңғайына орай АҚШ-қа қоныс аударып бара жатырмын. Құдай қосқан жарымның көңілін бүтін етіп, қос қызымның білімін ұштап, денсаулығын сақайту үшін осындай шешім қылуға тура келді. Қайда жүрсем де, қазақ тіліндегі ақпарат пен мәдени кеңістіктің ажырамас бөлшегі болып қала беретінім, сол кеңістікті дамытуға және кеңейтуге үлес қоса беретінім анық» деп жазған журналист.
Сол жазбасында бұдан былай әлеуметтік желілерге кіруі сирейтінін де ескерткен-ді. Сиретуі былай тұрсын, тіпті желіге бас сұғуды мүлдем доғарған секілді. Соңғы жылдары оқырмандары оның парақшаларын таба алмай қалды. Бірақ, Ғалым Боқашты іздейтіндер әлі де көп. Көпке сөзі өтетін, терең білім иесі ретінде ол қазақ қоғамына қажет тұлғалардың бірі еді.
Әкежен Қажыгелдин
Биліктен қысым көріп, елден безуге мәжбүр болғандар арасында сол топтың өз ішінен шыққандар да бар. Солардың бірі – 1994-1997 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған Әкежан Қажыгелдин.
Қажыгелдин – 1996 жылы «Жыл реформаторы» атанып, Лондон экономика мектебінің Адам Смидт атындағы алтын медальмен марапатталған ТМД елдеріндегі алғашқы және соңғы премьер-министр. Ол Қазақстандағы нарықтық капиталға бейімделген банкі реформасы, азаматтардың алғашқы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға негіз болған коммуналдық шаруашылық (КСК) реформасы, зейнеткерлік реформа, пошта мен байланыс реформасы, отын-электр жүйесін бұрынғы одақтық жүйеден оқшаулап басқару реформасын жасады және елде алғашқы қор нарығы жүйесін қалыптастырды.
1997 жылдың қыркүйек айының соңында Әкежан Қажыгелдин еңбек демалысын алып, Швейцарияға аттанады және сол жақтан премьер-министр қызметінен кету туралы өтініш жібереді.
Әкежан Қажыгелдин биліктен кеткеннен кейін ашық оппозицияға шықты. 1998 жылы Қазақстанның республикалық халықтық партиясын (ҚРХП) құрып, президент сайлауына өз кандитатурасын ұсынғаны үшін қуғынға түсті. 1999 жылы прокуратура Әкежан Қажыгелдинге халықаралық іздеу жариялады. Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бопсалаушылықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекеттің қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді деген айыптар тағылды.
2001 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты Әкежан Қажыгелдинге сырттай 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шықты. Бұл уақытта оның АҚШ-та бас сауғалап жүргені туралы ақпарат тарады.
Қажыгелдин – өз елінде саяси қуғынға түскені үшін Еуропарламент «Бостандық паспортын» берген жалғыз қазақ саясаткері. Эмиграцияда жүріп биржамен айналысқаны, Лондон, Стамбұл, Йоханнесбург, Сингапур сияқты қор биржаларының ірі ойыншысы болды. Сондай-ақ, көп елдердің халықаралық экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі болғаны белгілі.
Бірнеше жыл бұрын Қажыгелдин Лондонның ең бақуатты аудандарының бірі – Белгравияда тұратыны туралы журналистік зерттеулер жарияланған.
Бүгінде экс-премьер әлеуметтік желі арқылы елдегі саяси оқиғаларға үн қосып, арагідік ақпараттық порталдарға сұхбат беріп жүр. Әр сұхбатынан 70-ті алқымдаған саясаткердің әлі де елге қарап елеңдеп отыратыны аңғарылады.
Мұхтар Әблязов
Қазақстанның экс-министрі, экс-банкир, елде экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» тіркелмеген қозғалысының көшбасшысы Мұхтар Әблязовтың да шекара асқанына талай жылдың жүзі болды.
Оның 1998-1999 жылдары ҚР энергетика, индустрия және сауда министрі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол уақытта мемлекеттік лауазымдарды кәсіпкерлік қызметпен үйлестіруге, яғни қатар алуып жүруге тыйым салатын заң жоқ-тын, сондықтан «БТА банкінің» тізгінін ұстауы министрлер кабинетіне жайғасуына кедергі болмады.
Алайда Әблязов 1,5 жылдан кейін Үкіметтен кетіп, оппозицияға қосылды. Оның саяси оппозициядағы әрекеттері билік тарапынан жауапсыз қалмады, 2002 жылы наурызда тұтқынға алынды. Бірақ келесі жылдың мамырында Назарбаевтың кешірімін алып, бостандыққа шықты.
Босатылғаннан кейін Әблязов Мәскеуге көшіп, бизнеске бет бұрды. 2008 жылы оның «БТА банкі» еліміздегі қаржы жүйесіндегі жетекші орындардың бірін иеленіп, Қазақстандағы барлық несиелердің 30%-ын қамтамасыз етті. Соған қарамастан Әблязов қаражаттың бір бөлігін оппозициялық топтарды және БАҚ-ты қаржыландыруға жұмсады. Ақырында, оның қарсыласының шыдамы таусылып, 2009 жылы «БТА банк» мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар, Әблязовқа Қазақстан, Ресей және Украина территориясында алаяқтық жасады деген желеумен қылмыстық істер қозғалды.
Әблязов шетелге қашуға мәжбүр болды. Ресей, Қазақстан және Украина құқық қорғау органдарының іздестіру тізіміне енгізіліп, нағыз саяси көшпендіге айналды. Еуропаның түрлі елдерінде Орталық Африка Республикасының азаматы төлқұжатымен өмір сүрді. Кейін Лондонға көшті. Алайда, ағылшын соты оны сотқа құрмет көрсетпеу және дәлелдерді бұрмалау бойынша кінәлі деп танып, 22 айлық қамау жазасына кескеннен кейін, қазақстандық олигарх Лондоннан кетіп, Францияға көшті.
2017 жылдың маусымында қазақстандық сот банкирді «БТА банкінен» 7,5 млрд доллардан астам қаржы ұрлағаны және қылмыстық топ құрғаны үшін кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесті. Ал 2018 жылы Ержан Тәтішевке қастандық жасауды ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2021 жылдың соңында Франция соты Әблязовті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Алайда бір жылдан кейін, 2022 жылдың желтоқсанында Францияның босқындар ісі жөніндегі ұлттық соты Әблязовке Франциядан саяси баспана беруден бас тартқаны хабарланды. ҚР Бас прокуратурасы бұдан бұрын экс-банкирді елге экстрадициялау бойынша жұмысты тоқтатпайтынын мәлімдеген.
Серікжан Есенғосұлы
Қазақстанда 1995 жылдан 2013 жылға дейін жұмыс істеген «Руханият» партиясының төрағасы болған саясаткер Серікжан Мәмбеталин да шетелден пана іздеуге мәжбүр болғандардың бірі.
Дүниежүзілік банкте жұмыс істеген, Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті болған Серікжан Есенғосұлы 2010 жылы «Руханият» партиясының төрағалығына сайланады. Алайда 2012 жылғы парламенттік сайлау кезінде партия ішіндегі жанжалдардан соң қызметінен кетті.
Бұдан кейін ол әлеуметтік желілердегі белсенділікке ден қойды. 2015 жылдың қазан айында Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев «ұлттық алауыздықты өршіту белгілері бар мәліметтерді таратқаны үшін» ұсталды. Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабында қазақ халқын қорлайтын сөздер барын айтқан белсенділер 3 жылға сотталды.
Бірнеше күннен кейін Мәмбеталин Фейсбуктегі парақшасында пост жариялап, жұртшылыққа үндеу тастады.
«...Тергеу менің кінәмді егжей-тегжейлі дәлелдеді. Сондықтан маған тағылған айыптың бәрін мойындаймын және өкінемін. Мен әлеуметтік желілердегі өз парақшамда қазақтарды қорлайтын осы құрып кеткір кітапты жариялағанымды мойындаймын. Шын мәнінде, менің бұл істегенім, оның салдарын ұқпай-білмегенімнен. Мен бұл қылмысты қасақана жасамасам да, қателесіп, қателігімді толық түсіндім», – деп жазды Мәмбеталин.
2016 жылғы 30 наурызда Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасы Мәмбеталинге бір жылға бас бостандығын шектеу және қоғамдық қызметке үш жыл бойы тыйым салу түріндегі жаза тағайындады.
2018 жылдың ақпанында ол Ұлыбритания азаматтығын алды.
«Бірде-бір таза парағы қалмаған төлқұжатым шетелге шығуға жарамсыз болып қалды. Жаңасын ЖСН бұғатталғандықтан ала алмаймын. Сондықтан азаматтығымды өзгертіп, Ұлыбритания азаматтығын алдым. Бұл мәжбүрлі қадам, бірақ билік басқа таңдау қалдырмады. Азаматтық берген Ұлыбританияға алғыс айтамын», – деп жазды Мәмбеталин желіде.
Facebook парақшасындағы дерекке сүйенсек, ол қазір Түркияда тұрады. Экс-саясаткер желіде белсенді. Елдегі, әлемдегі саяси оқиғалар жайлы пікір білдіріп, Қазақстан билігінің кейбір шешімдерін ашық сынға алып отырады.
Есеңғосұлы Туран конфедерациясына бірігу идеясын қолдаушы.
«Мен мұндай бірлестіктің, артықшылығы мен пайдасын санамаламай-ақ, кояйын, бірак халықаралык, әскери, азық-түлік лигасына және энергетика кауіпсіздік мәселелерін жалғыз шешкеннен гөрі бірлесіп шешу әлдеқайда оңай екенін анық білемін. Түркия мен Әзірбайжанның осы салалардағы ынтымақтастық деңгейі Тұран Достастығына үлгі бола алады. Президент Ердоған биліктегі АҚ партия атынан соңғы уақытта бірігуге күш салуда.
Өкінішке қарай, КСРО ыдырағаннан кейін Ресей империясынан бөлініп шыққан Орталык Азиядаты түркі мемлекеттері әлі де кей
жадайда Мәскеуді басшылыққа алуда. Тұран идеясы іске асу үшін тек Түркиянын талпынысы жеткіліксіз. Әйтпесе, Түркияны жаулары жаңа Осман империясын кұрды деп айыптауы мүмкін. Ал тарихы мен дәстүрі, ділі мен рухани кұндылықтары ортақ, түркі тілінде сөйлейтін бауырлас халықтарды кім кінәлай алады?», - дейді ол
Садықовтар
Шетелге ауа көшкен журналист Айдос Садықов пен оның жұбайы Наталья Садықованың есімі де көпке таныс. Садықов – 1 миллионнан астам жазылушысы бар «БӘСЕ» YouTube-арнасының авторы. Ол өткен жылы Украинада қастандықпен өлтірілді.
Қазақстанда Садықов оппозициялық саясаткер ретінде танылды. Ол экс-президент Назарбаевқа қарсы болып, «Азат» социал-демократиялық партиясының өңірлік филиалын басқарды. Кейін «Жусан» социал-либералдық партиясы көшбасшыларының бірі болды.
2010 жылы ол Назарбаевтың отставкасын, саяси тұтқындардың азаттығын, жер сатылуының тоқтауын талап еткен наразылық шараларына қатысты. Садықовтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде жалған ақша жасады, шабуыл жасады және полицияға қарсылық көрсетті деген айыптар тағылды. Ол бір ай мәжбүрлі психиатриялық тексеруден өтті. 2010 жылы бұзақылық жасағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
2014 жылы Садықовтың жұбайы Натальяның үстінен іс қозғады. Сол жылдың сәуірінде олар отбасымен бірге Украинаға көшіп, босқын мәртебесін алды. Киевке қоныстанып, оппозициялық қызметін жалғастырды. 7 мамырда ерлі-зайыпты «БӘСЕ» YouTube-арнасын ашты.
Қаңтар оқиғасы кезінде Айдос Садықов елде болған ірі наразылық шараларын қолдады. 2022 жылғы 24 ақпаннан бері «БӘСЕ» арнасы Ресейдің Украинаға басып кіруіне ашық түрде қарсылығын білдіріп келеді.
2023 жылғы күзде Айдос пен Наталья Садықоваға Қазақстанда «араздықты қоздырды» деген айыппен іздеу жарияланды.
2024 жылдың 18 маусымында Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кетті. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Айдос Садықов 2 шілдеде көз жұмды.
Қастандық болған күні «БӘСЕ» арнасында «Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды» деген видео жариялаған. Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптады. Алайда Ақорда бұл айыптауды жоққа шығарды. Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл қылмыстың артында Қазақстанды шетелдік серіктестермен араздастыруды көздейтін сыртқы күштер тұр деген болжам айтты.
Әлнұр Мұсаев
Қазақстанда істі болып, шекара асқан тағы бір саяси эмигрант – Әлнұр Мұсаев. Ол – ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы, генерал-майор.
1994 жылы Қазақстан ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бас басқармасының бастығы, 1995 жылы Қазақстан Президентінің көмекшісі болды. 1997 жылы ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындалды. 1998 жылғы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында қызметінен кетіп, бір жылдан кейін комитет тізгінін қайтадан қолға алды. 2001-2002 жылдары президент күзет қызметінің басшысы болды.
Мұсаев Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевпен тығыз байланыста болған. 2007 жылдың мамырында Әлиев пен ел билігі арасында жанжал туғанда Мұсаев Венаға ұшып кеткен. Өз сөзіне сүйенсек, сол кезеңде Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметін атқарған Әлиевтің кеңесіне құлақ түрген.
2008 жылдың тамызында Рахат Әлиевтен кейін іле-шала «Нұрбанк» қызметкерлерін ұрлау ісі бойынша Әлнұр Әлиевке де халықаралық іздеу жарияланды. Сол жылы Ақмола әскери трибуналының жабық отырысында билікті күшпен тартып алу әрекеті үшін, отанына сатқындық жасағаны, мемлекеттік құпияны жария еткені, дүние-мүлік, кісі ұрлағаны үшін Мұсаев сырттай 35 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Елден қашып кеткен Мұсаевтың ісін 2015 жылы Австрия соты қарады. Алқабилер соты мен Австрия Жоғарғы сотының шешімімен ол кінәсіз деп танылды.
18 жылдан бері Австрияда тұратын Әлнұр Мұсаев елдегі саяси өзгерістерді қалт жібермей қадағалап отыратын секілді. Соңғы жылдары қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбаттарынан соны аңғарамыз.
Дина Таңсәрі
«НеМолчи.kz» қорының жетекшісі, құқыққорғаушы Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) төрт жылдан бері шетелде бас сауғалап жүр. 9 жылға жуық уақыт бойы зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мен балаларға көмектесіп келе жатқан қордың басшысы бір емес, алты бап бойынша істі болды.
Смайылованы қылмыстық қудалай 2017 жылы басталды. Одан кейін 2020 жылы тергеу амалдары жүргізілген. 2021 жылдың сәуірінде «НеМолчи.kz» қорының иесі елден кетіп тынды.
2023 жылдың қыркүйегінде Грузия байыбын түсіндірместен Смайылованы өз шекарасынан өткізбей қойған. Қор жетекшісі күйеуімен бірге Түркияға барып, танысының қолынан қаза тапты деп болжанған қазақстандық әйелдің туыстарына көмектескен. Өзі тұрып жатқан Грузияға қайта оралған кезде Тбилиси оны «персона нон грата» ретінде қара тізімге енгізгенін естіген. Көп ұзамай Қазақстан полициясының сұрауы бойынша қордың шоттары бұғатталған.
2023 жылдың 16 қазанында Өскемен полиция басқармасы Дина Таңсәріге қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеуді бастады. Құқықорғаушыға 27 желтоқсанда мемлекетаралық іздеу жарияланды.
Бас прокуратура мәліметінше, Динара Смайылова жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және алаяқтық фактілері – барлығы алты қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатыр. Егер оның қайда жүргені анықталса, құзыретті орган оны сол елден экстардициялау жөніндегі құжаттарды жібермек.
Дина Смайылова өзін қудалаудың мақсаты – оның беделіне нұсқан келтіру, зорлық-зомбылықтың күшейгені мен жазадан сытылып кететіндер көбейгенін айтып, мәселе көтеріп жүрген қордың аузын жабу деп есептейді.
Құқыққорғаушы әділдік іздеп БҰҰ-ға жүгінген. Ұйым «НеМолчи.kz» қорының президенті Динара Смайылованы қудалаудың саяси астары бар екенін мәлімдеді. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Қазақстан үкіметіне сұрау жолдаған.
Қазақстандықтар «НеМолчи.kz» қорының жетекшісін қолдау мақсатында петиция құрды. Қор зорлық-зомбылық құрбандарына көмек беруді тоқтатқан жоқ.
Блогер Динара Сәтжанның жазбасына Дина Facebook-те жауап бергендердің бірі.
«Динара Сәтжанның сторисі қанша тұрады? 1,5 миллион теңгеден жоғары ма?
Инстаграмдағы бір жазбасының бағасы қанша? Динарамен жарнама жасау қанша тұрады? Иә, сен барлық мәселені шешесің, өзіңнің барлық мәселеңді. Ал қарапайым халық ше?
Сен директке жазған адамдарды елемей, олар кейін #НеМолчи-ға барады, сол туралы не айтасың? Сендер Қазақстанда қалғандармен бәрін шеше аласыңдар ма? Өзіңе тым көп жүк алып жатқан жоқсың ба? Олай болса, мен жүргізіп жатқан істерді ал, қазір өндірісте 50-ден кем емес іс бар, көбісінің тергеуі баяу жүріп жатыр! Солай амалын табасыңдар ма?»,- деп жазды Таңсәрі.
Дана Орманбаева
Қазақстандық продюсер, журналист, балалар жазушысы және блогер Дана Орманбаеваға да жуырда халықаралық іздеу жарияланды. Бірнеше жылдан бері отбасымен Дубайда тұратын отандасымызға ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылған.
Дана Орманбаева – «Честная жизнь» YouTube-жобасының авторы. Әр жылдары «31 арна», «МИР», «НТК», «Хабар» теларналарында жұмыс істеген. Қазақстандық әзілкеш, шоумен Даут Шайхисламовтың жұбайы.
Орманбаева әйел, бала құқығына қатысты желіде өз ойын бүкпей жазатын белсенділердің бірі. Соңғы жылдары ол отбасы құндылығы жайлы сөз қозғап, «тоқалдардарды» төбеге көтермей, жаппай «кәнселиң» жасау керегін айтып бақты. Яғни, ел алдында жүргендер моральдық тұрғыда таза болуы керек дегенді алға тартты.
Сөйтіп жүргенде Баян Алагөзовамен аралары шиеленісті. Динара Сәтжанмен «салғыласып» қалды.
Сотқа жүгінген Алагөзова Орманбаеваның желіде өзіне тіл тигізгенін, ар-намысына нұқсан келтіргенін дәлелдеп, жеңіп шықты.
2024 жылдың сәуірінде алматылық тұрғынның әлеуметтік желідегі ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар қысым мен балағат сөздерге толы пост туралы арыз-шағымынан кейін полиция Дана Орманбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Осы іс бойынша 2025 жылы қаңтар айында сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына сырттай санкция берді. Содан бері Алматы полицейлері Орманбаеваны іздеуге кірісті.
Айжан Хамит
Facebook-тағы өткір жазбаларымен танылған журналист, блогер Айжан Хамит 2016 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол көпшілікке сауатты зерттеулерімен, сыни жазбаларымен танымал.
Айжан – ақын Хамит Ерғалидың немересі және журналист Гүлжан Ерғалиеваның жиені. Шығыстанушы, тарихшы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Түркияның Анкара қаласында оқыған. Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігінде жұмыс істеген. Қазақстандық басылымдардың белді авторы болғаны белгілі.
Сұхбаттарының бірінде ол АҚШ-та жан бағу оңай емес екенін айтады. Жат жұртта екі баласын аяқтандыру үшін аз машақат көрмегенін жасырмапты. Айтуынша, зергерлік бұйымдардың 3D модельдерін жасап, этникалық сөмкелер тігіп, оларды Facebook-те сатумен айналысады. Айжанның Қазақстаннан неліктен кеткені белгісіз. Бірақ көшіп-қонып жүрудің машақатына көндіккеніне қарағанда елге оралмауына айтарлықтай бір себеп бар сияқты.
Мұхиттың арғы жағында жүрсе де Айжан Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отырады. Өз жазбалары арқылы қоғамдық резонанс тудырған сәттері аз емес. Әсіресе, Қаңтар оқиғасының құрбандары жайлы жазғандары жұрт назарында. Ол халықтан қаржы жинап, қанды қырғын кезінде қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетумен де айналысады.
Америкада тұратын Айжан «Қаңтар оқиғасы» кезінде күйеуі қаза тауып, төрт баламен жесір қалған Сая Есенгелдінің отбасын асырау үшін, таксист болғанын, сөйтіп көлік апатынан қаза тапқанын хабарлап, тұл жетім болып қалған төрт балалаға көмек беру үшін туыстарының есеп-шотын да жариялады. Осы оқиғаның жай-жапсарын күнделікті хабарлап отырды. Қаңтар құрбандарының қазіргі жағдайы Айжан Хамиттың басты тақырыптарының бірі.

Пікірлер жоқ.