С5+1 саммиті. Тоқаев АҚШ президенті Байденмен кездесті

Кездесу Нью-Йорк қаласында өтті


20/09/2023
11:16 13179 0

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев С5+1 форматы аясында АҚШ және Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысып, АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті. 

 

Ақорда баспасөз қызметінің мәліментінше, саммитте экономика, энергетика және қауіпсіздік салалары талқыланып, Орталық Азияның дамуы мен тәуелсіздігін одан ары нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі айтылған. 

 

Бұдан бөлек, жиын барысында қауіпсіздік проблемалары, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылған. 

– Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді, ­–делінген Ақорда баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Саммитке дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ президенті Джо Байденді Орталық Азия елдері басшыларымен кездесуде адам құқығы мәселесін басты орынға қоюға үндеген. Мәлімдемеде Байденнің Орталық Азияда сөз бостандығын тұншықтыруға, азаматтарды азаптауға, полиция қатігездігіне жол берген адамдарды жазалау үшін нақты қадамдар жасалуын талап етуі қажеттігі айтылған. 

Бірақ Ақорда таратқан ақпаратта С5+1 саммитінде адам құқығы мәселесі талқыланғаны жөнінде ешнәрсе айтылмаған. 

АҚШ-тағы кездесу алдында кейбір қазақстандық ақпарат құралдары саясаттанушыларға сүйеніп, саммиттің күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі — Ресейге қатысты санкция режимін сақтау мәселесі болады деп жазған, өйткені саммитке қатысушы екі ел Еуразия экономика одағына мүше және Ресеймен ашық кедендік шекара режимінде тұр.

Ақорда президент Тоқаевтың АҚШ-тағы кездесулерінде санкциялар мәселесі қозғалғаны я қозғалмағаны туралы ештеңе хабарламады.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

20/09/2023 11:16
13179 0

Уведомление