ҚҚС өсімі: Бизнеске, тұтынушыға және бюджетке қалай әсер етеді
Елімізде қосымша құн салығы 20%-ға өсуі мүмкін

Masamedia.kz коллажы
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған салық реформасы сала мамандары мен бизнес өкілдерін қуанта қойған жоқ. Көптің аузында жүргенімен, жалпақ жұрт мәнін ұға қоймаған ҚҚС деген не? Ол қаншалықты көтерілмек? Салық көтерілсе, салмақ кімнің қалтасына түседі? Нарықта баға қалай құбылады?
ҚҚС дегеніміз не?
Қосымша құн салығы – өнімді өндіру мен таратудың әр кезеңінде қосылған құн салығынан алынатын тұтыну салығы. ҚҚС жанама салықтүріне жатады. Әдетте, бұл салықты кәсіпкерлермен азаматтар жеке төлемейді, ол тауар немесе қызмет құнына қосылады. Мысалы, дүкеннен сатып алынған кез келген тауардың чегінде ҚҚС көрсетіледі. Бұл салық, тіпті, тауар тегін таратылсада, заң бойынша төленуі тиіс.
ҚҚС-ты кім төлейді?
ҚҚС өндірістен бастап сатуға дейінгі бүкіл бизнес тізбегінен алынады. Мысалы, нанды алайық. Қосымша құн салығын төлемейтін наубайхана өнімін дүкенге 100 теңгеге сатса және дүкен оның үстіне 30 теңге қосып, нанды 130 теңгеге сатса, 12 пайыздық ҚҚС(қазіргі мөлшерлеме) – 15,6 теңге. Сөйтіп нанның түпкі бағасы 145,6 теңге болады. Ал наубайхана ҚҚС төлеген жағдайда дүкен өнімнің бастапқы құнына өзі қосқан 30 теңге үшін 3,3 теңге ҚҚС төлейді.
ҚҚС мөлшерлемесі қаншаға көтеріледі?
Қазіргі таңда Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12%-ды құрайды. Алдын ала болжам бойынша, бұлкөрсеткіш 20%-ға дейін көтерілмек. Сондай-ақ, үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Яғни, бұдан былай қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіп иелері де қосымша құн салығын төлеуге міндеттелмек.
ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің мақсаты қандай?
Министрлер кабинетінің түсіндіруінше, ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің мақсаты – бюджет тапшылығын азайту және салық жүйесін оңтайландыру. Қазақстандағы 12% ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі дейді үкіметтегілер.
«Бұған дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20%-дан 12%-ға, ал корпоративтік салық мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға дейін төмендеткен салық реформалары – қате шешім болды. Осы салық жеңілдігі мен салық әкімшілігіндегі жеңілдіктердің салдарынан бюджетке түсетін салық азайды. Заң шығару саласында салықты оңтайландыруға арналған құқықтық олқылықтар пайда болып, бизнес бөлшектене бастады. Осыған байланысты ҚҚС-ты есепке алу тоқтап, ҚҚС тиімді 12% мөлшерлемемен бөлшек сауда салығына айналды», – деді ол.
Вице-премьердің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде ШОБ субъектілерінің 80%-ы осы шек аясында жұмыс істейді. Ал тіркелген 2,3 миллионнан астам салық төлеушінің тек 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана ҚҚС төлейді. Осылайша Үкімет бюджетті қосымша салықпен толықтырмақ.
Өзге салықтар да өсе ме?
Серік Жұмағаринның айтуынша, қазір бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40%-ға дейін жетеді. Бұл тауардың өзіндік құнына әсер етеді.
«Бұл ретте ҚҚС мөлшерлемесін көтерер болсақ, біз жұмыс берушінің әлеуметтік салығы және міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10%-дан 30%-ға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады», – деп сендірді ол.
Жаңа ҚҚС мөлшері қашан белгілі болады?
Үкіметтегілер ҚҚС-тың 20 пайыздық мөлшерлемесі әлемде ең кең таралғанына жұрт құлағын әбден үйретті. Алайда бұл нақты бекітілген мөлшерлеме емес дейді олар.
«Әлі нақты шешімге келген жоқпыз. Бізде елдің жетекші экономистері мен салық мамандарынан тұратын бірнеше кеңесші бар, олар түрлі есептеулер мен стресс-тесттер жүргізеді. Ұлттық банктің макроқаржылық моделі негізінде бірнеше есептеу жасадық. Әзірге есептеуді жалғастырып жатырмыз. Сондықтан, үкімет нақты шешім қабылдады және бұл мөлшерлеме негізгі болып бекітілді деп айтуға келмейді», – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, ҚҚС мөлшерлемесі 15-20 ақпан аралығында анықталмақ. Одан кейін реформа авторлары жобаларын арқалап, Парламентке барады.
ҚҚС өсімінен кім зардап шегеді?
Парламент демекші, бірнеше депутат үкіметтің ұсынысын қатаң сынға алды.
Мәжіліс депутаты, бизнесмен Руслан Берденов те қосымша құн салығының мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеруге қарсы екенін айтты. Оның пікірінше, үкіметтің бюджет жыртығын ҚҚС көтеру арқылы жамауға тырысуы – ең қате шешім.
Бизнес не істейді?
Экономистер мен кәсіпкерлер бұл реформаны қолдай қоймады. Олардың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру салықтан жалтарушылардың көбеюіне алып келеді, салдарынан бюджетті толтыру деген әуелгі мақсатқа қол жеткізу екіталай.
«Лаффер қисығы деген бар. Салық мөлшері төмендеген сайынжалпы жиналатын салық көлемі көбірек болады. Керісінше, салықты көтерген сайын адамдар төлемеуге тырысады. Өйткені оны толық төлесе, кәсібі жабылып қалады. Енді не болады? Қолма-қол ақшаның дәурені басталады. Бұрынғыдай інімнің каспиіне аудар, жиенімнің картасы бос тұр еді деу қиын. Олар да ертең тексереді деп қорқады. Сондықтан амал жоқ, қолма-қол ақшаға қайтып келгелі тұр бәрі де. Кәсіпке қысым жасау – ең үлкен қатенің бірі деп ойлаймын. Зардабы алда әлі», – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.
Заңгер Ержан Есімханов та ҚҚС мөлшерінің өсуі көлеңкелі бизнестің етек жаюына түрткі болады деп есептейді.
«Адамдар кәсібін бөлшектеп: ағасының, тәтесінің, алыс ағайынының атына жазып, бәрін қатар жүргізе бастайды. Сөйтіп әрқайсының айналымы шекті мөлшерден асып кетпеуін қадағалайды. Ақымақ айла, мен мұндайды құптамаймын, бірақ адамдар солай істейтін болады. Бұл дегеніміз ресми табыстардың бәрі көлеңкеге кетеді деген сөз. Бірнеше жылда аяқтан тік тұрып, көркейіп кете алатын бизнес дамумен емес, мемлекеттен тығылумен айналысады», – дейді заң маманы.
Сондай-ақ, Ержан Есімханов ҚҚС қаншалықты көтерілсе, импорттық өнімдер бағасы да соншалықты қымбаттайтынын айтады.
«Бізде ҚҚС операциялардың екі түріне салынады – айналым және импорт. Елге импорттық тауар әкелсеңіз, ҚҚС төлеуіңіз керек. Қазір тұтынатын заттарымыздың барлығы дерлік – үстіміздегі киімнен бастап қолымыздағы смартфонға дейін шетелдің өнімі. ҚҚС 8%-ға көтерілсе, импорттық өнімдер де соншалықты қымбаттайды. Импортқа ҚҚС алдын ала төлеу қағидаты бойынша төленеді. Миллион долларлық жабдықты әкелсеңіз, мемлекетке 12%-ын алдын-ала аударасыз. Бәлкім сіз оны сатып, табысты кейінірек табатын шығарсыз, жабдықпен өнім өндіретін болсаңыз, ол сатылғанша тіпті ұзағырақ күтуге тура келуі де мүмкін. Бірақ ақшаңызды әлдеқашан «қатырып»тастадыңыз», – дейді ол.
Азық-түлік қаншалықты қымбаттайды?
Қымбатшылық демекші, кеше үкімет отырысынан соң тілшілер көптің көкейіндегі сұрақты ұлттықэкономика министріне қойды: «Қосымша құн салығы көтерілген жағдайда тауарлар мен қызметтер бағасы қанша пайызға өсуі мүмкін?».
Серік Жұманғарин қазір тиісті есептеулер жүргізіліп жатқанын айтты.
«Менің ойымша, күнделікті тұтынып жүрген тауарлар шамамен 5-6 пайыздан артық көтерілмейді. Әрине, инфляция ұлғаяды. Бірақ олқысқа мерзімді ғана болады. Есептегенімізде, біржылдан аспайды. Бұл үкіметке болашаққа керек. Әсері одан да көп. Себебі 6-7 трлн қосымша ақшаүкіметтің даму бюджетіне барады. Алдағы уақыттажоғары сапалы жұмыс орындары ашылады. Экономикамыздың басқа бағыттарына да әсеретеді. Қазіргі уақытта қай салада қаражат жетпейді, соған құяйын деп отырмыз», – деп әдеттегідей қамсыз келешекке сендірді.

Пікірлер жоқ.