«Ресейге салынған санкциялардан Қазақстан көбірек зардап шегіп жатыр»

Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері қандай?


18/03/2022
14:12 3826 0

Ресей Украинаға басып кіргелі бері санкциядан көз ашпай келеді. Соғыс басталған екі аптадан астам уақыт ішінде Мәскеу санкция бойынша әлемде көш бастады. АҚШ-тың Castellum. Al  ұйымының мәліметінше, Кремльге 5500 санкция салынған. Сарапшылар Ресейдің жақын аралықта дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін айтуда. Осыған байланысты бүгін біз Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері жөнінде экономист Мақсат Халықтың пікірін біліп көрдік. 

 

«Әлем елдері Ресейді дефолт деп танып отыр»

 

Мақсат Халық санкциялардан кейін Ресей экономикасы 90-шы жылдарға қайтып оралды дейді. Оның сөзінше, тіпті 2007-2009 жылдары болған дағдарыстың өзі қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. 

 

—  Бұл соғыстан ең бірінші кезекте Украина қатты зардап шегіп жатыр. Ресей экономикасы да тоқсаныншы жылдарға қайтып оралды деп айтуға толық негіз бар. Көптеген сарапшылар 2007-2009 жылдары болған әлемдік дағдарыстың өзі бүгінгі жағдайға жетпей қалайын деп тұр дейді. Ресей экономикасы 90-шы жылдардағы Азия дағдарысы кезіндегідей құлап жатыр. Қазір Ресейдің инвестициялық рейтингтері дефолттық жағдайға дейін түсті. Әлем елдері Ресейді дефолт деп танып отыр. Қазірдің өзінде Ресей халықаралық міндеттемелерін орындап отырған жоқ. Ол оны орындай алмайды да. Ресейге ешкім инвестиция салып жатқан жоқ, керсінше, ол жақтан кетіп жатыр, — дейді Халық. 

 

«Ресейге салынған санкциялардың салдарынан Қазақстанда тұрғынүй мен автокөлік қымбаттауда»

 

Экономист Ресейге салынған санкциялар Қазақстандағы автокөлік пен тұрғынүй саласына да кері әсерін тигізіп жатқанын айтады. Ол баға қазірдің өзінде қымбаттап жатыр дейді. 

 

—  Бұл сөзсіз Қазақстанға да кері әсерін тигізуде. Ол бірінші кезекте екіжақты серіктес болып отырған компаниялардың жұмысына кедергі келтіруде. Мысалы, Ресейдегі ИКЕА мебель желісімен жұмыс істейтін Шымкенттегі зауыт мүлде отырып қалды. Былай қарасаңыз, санкциялар Ресейге салынып жатыр. Бірақ ол біздің елдегі кейбір кәсіпкерлік субьектілерге де әсер етуде. Бұл санкциялардың зардабын бірінші кезекте теңге көріп отыр. Қазірдің өзінде оның бір долларға шаққандағы бағамы бес жүз теңгеден асып кетті... Біздегі автокөлік нарығының жағдайы белгілі болып тұр. Біз көбіне көлікті Ресейден алатынбыз. Ол жақтағы автоөндіріс қазір тоқтап тұр. Олардың да автокөлікті толығымен өздерінде жасамайтыны белгілі болып қалды. Осының барлығы бағаның қымбаттауына әсер етуде. Қазақстанда қазірдің өзінде автокөлік қымбаттап жатыр. Бұдан бөлек, санкцияның салқыны тұрғынүй бағасына да әсерін тигізуде. Оның да бағасы өсу үстінде. Бұның барлығы қымбатшылыққа жол ашып жатыр, — дейді экономист. 

 

«Біз Ресейге тауарларды доллармен емес, рубльмен аламыз деп нақты айтуымыз керек» 

 

Мақсат Халық қазір Ұлттық Банк теңге мен рубль қарым-қатынасында тәуелсіз позиция ұстана бастады дейді. Оның сөзінше, бұндай жағдайда Ресейден келетін тауарлардың бағасы арзандауы қажет. Бірақ бізде ондай тенденция байқалмайды.

 

— Қазір Ұлттық Банк теңге мен рубль арасындағы қарым-қатынаста кішкене тәуелсіз позиция ұстап бастады. Яғни, рубльге қатысты теңгеміз күшейіп келе жатыр. Бұндай жағдайда рубльмен әкелінетін тауарлардың бағасы арзандауы керек. Бірақ біз қазір ол тауарлардың арзандап жатқанын көріп отырған жоқпыз. Солтүстік өңірлерге сүт, макарон өнімдері негізінен Ресейден келеді. Қазір біз бағалардың шарықтап жатқанын көріп отырмыз. Неге? Олар рубльмен келмей ме? Бұл сұраққа жауап іздейтін болсақ, қазір Ресейлік кәсіпкерлер сауда-саттықты доллармен жасап жатқан көрінеді. Олар бізге қазір волюта керек, доллармен сатып алыңдар деп жатыр. Біз бұл жерде тұтынушының позициясы басымырақ екенін ескеруіміз керек. Сондықтан да доллармен емес, рубльмен аламыз деп нақты айтуымыз қажет. Егер солай жасайтын болсақ, онда Ресейден келетін кейбір тауарлар керсінше арзандау керек, — дейді Халық. 

 

«Ресейге салынған санкциялардан біз көбірек зардап шегіп жатырмыз»

 

Мақсат Халық Ресейге салынған санкциялардан Қазақстанның көбірек зардап шегіп жатқанын айтады. Ол біздің Ресейге сатқанымыздан, сатып алғанымыз көп дейді. 

 

— Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып ұтылып жатырмыз. Қазір Қазақстанның Ресейге сатып жатқанынан, сатып алып жатқаны көбірек болып тұр. Салдарынан бізден капитал ағыны Ресейге қарай кетіп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қорытындысы бойынша, соңғы бес жылдықта біз 44 миллиард долларға ұтылғанбыз. Өткен бір жылдың өзін алып қарасық, біз Ресейге 6 млрд долларға тауар өткізіп, ол жақтан 18 млрд долларға тауар кіргізгенбіз. Біз бір жылда 12 млрд доллар Ресейге ұтылып отырмыз. Еуразиялық экономикалық комиссия деп құрып қойды ғой. Сондағы қазақстандық делегация біздің ұлттық мүддемізді мүлде қорғай алмаған. Ол жерде біздің ішкі экономикалық қауіпсіздігімізді қорғай алмайтын азаматтар отырды деп ойлаймын. Олар әлі де сол жерде отыр. Сондықтан ол адамдарды алмастырып, келіссөз жүргізуге есі дұрыс адамдарды қою керек, — дейді Халық. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

18/03/2022 14:12
3826 0

Уведомление