Ресей ұшағымен соқтығысқан АҚШ барлау дроны Қара теңізге құлады

Су-27 ұшағымен соқтығысқан


15/03/2023
10:38 13869 0

Фото: Ашық дереккөзден

14 наурызда АҚШ Қара теңіз үстіндегі халықаралық әуе кеңістігінде MQ-9 Reaper үлгісіндегі барлау дроны құлағанын хабарлады.

АҚШ қорғаныс министрлігінің визуалдық ақпараттарды тарату қызметінің мәліметінше, дронның құлауына Ресейдің екі Су-27 ұшағының «қауіпті әрі кәсіби емес» әрекеті себеп болған.

Ресей ұшақтарының бірі MQ-9 бұрамасына тиіп, салдарынан америкалық күштер дронды атып түсіруге мәжбүр болған деді министрлік өкілдері.

– MQ-9 халықаралық әуе кеңістігінде әдеттегі әуе кеңістігінде операцияларды атқарып жүрген. Орыстардың қауіпті және кәсіби емес әрекетінен MQ-9 апатқа ұшырады, – деді АҚШ Әскери-әуе күштерінің Еуропа және Африкадағы қолбасшысы Джеймс Хекер. 

Оның сөзінше, Ресей жағының әрекетінен «екі ұшақ құлауға аз қалған». 

Ресей қорғаныс министрлігі 14 наурызда ресейлік истребительдер «АҚШ дронына қару қолданбағанын және дронға тимегенін» мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігі америкалық дрон «транспондері өшірілген күйі «әскери операция» (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын осылай деп атайды) жүргізу мақсатында белгіленген әуе кеңістігінің шекараларын бұзған» деп мәлімдеді. 

Оқиғадан кейін Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ мемлекеттік департаментіне шақырылды. 

MQ-9 Reaper АҚШ қарулы күштеріндегі соққы жасайтын негізгі дрондардың бірі болып саналады. Дрон әуеде 24 сағат ұша алады және сағатына 400 шақырымға дейін ұшады.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

15/03/2023 10:38
13869 0

Уведомление