Ресей Қазақстан мен Өзбекстаннан порох жасау үшін мақта сатып алуын жалғастыруда
Журналистік зерттеу
«OCCRP», «Власть» және «Важные историй» журналистері Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстаннан мақта целлюлозасын сатып алуына байланысты зерттеуін жариялады.
Мақта әскери мақсатқа қалай пайдаланылады?
Нитрация химиялық процесі арқылы мақта целлюлозасынан тез жанатын нитроцеллюлоза немесе целлюлоза нитраты алынады. Оны жарылғыш заттарды дайындауға пайдаланады. Атап айтқанда, оқ-дәрі жасауға қолдануға болады.
Зерттеу жүргізген журналистердің мәліметінше, ресми Мәскеуге санкция салынса да, ол мақта целлюлозасын Қазақстан мен Өзбекстаннан алуын тоқтатпаған. Керсінше, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін оның көлемі артқан.
Мақта целлюлозасы тасымалы қалай өзгерді?
Зерттеу авторлары құжаттарға сүйеніп, Ресейге тасымалданатын мақта целлюлозасының 98 пайызы Қазақстан мен Өзбекстаннан баратынын анықтаған.
· 2023 жылдың қаңтары мен қыркүйегі арасында Өзбекстан Ресейге құны 8, 7 миллиард доллар болатын мақта целлюлозасын экспорттаған. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 70 пайызға көп.
· 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан Ресейге тасымалданатын мақта целлюлозасының көлемі 60 пайызға өскен. Бірақ қаңтар-қыркүйек айларында экспорт күрт төмендеген.
Мақта тасымалдаушы компаниялар сатып жатқан өнімдері лак және бояу жасауға жұмсалады деп есептейді. Бірақ келісімшарттарда мақта целлюлозасын қорғаныс мақсатында Ресейдің әскери зауыттары сатып алғаны жөнінде жазылған. Оның төртеуі санкцияға іліккен. Өзбекстанның кем дегенде екі компаниясы Ресейдің әскери зауыттарымен тікелей жұмыс істеген. Мақта целлюлозасының басым көпшілігін жеке компаниялар алып, кейіннен порох зауыттарына сатқан.
Қазақстанда мақтаны кім өндіреді?
Қазақстанда мақтаны негізінен «Хлопкопром – целлюлоза» ЖШС компаниясы өндіреді. Шымкент қаласында орналасқан бұл компания бұған дейін Ресейге порох өндіруге арнап мақта целлюлозасын тасымалдаған.
Ұзақ мерзімге жасалған келісімшарт бойынша «Қазан порох зауыты» 2020 жылдың наурызынан 2026 жылдың қаңтарына дейін мақта целлюлозасын Қазақстаннан алып тұрады. Тағы бір келісімшарт бойынша порох жасайтын «Алексинск химия комбинаты» 2024 жылдың қаңтарына дейін мақтаны Қазақстаннан алады.
«Хлопкопром – целлюлоза» ЖШС өкілі Равшан Нұрбеков журналистерге компанияның Ресейге мақта целлюлозасын тасымалдағанын растаған. Ол өз өнімінің порох жасауға емес, лак пен бояу өндіруге пайдаланылатынын алға тартқан. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруінен үш күн бұрын «Алексинск химия комбинатымен» жасалған келісімшартта «2023 жылдың соңына дейін Қазақстаннан тасымалданатын 213,9 тонна мақта целлюлозасы мемлекеттік қорғаныс тапсырысының бір бөлігі» деп жазылған.
«Хлопкопром – целлюлоза» ЖШС өкілі биыл жазда серіктестері санкцияға іліккен соң тасымал тоқтатылғанын мәлімдеген.
Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2023 жылдың қазанында Ресейге 19 тонна мақта целлюлозасы экспортталған. Бірақ компанияның аты көрсетілмеген.
Пікірлер жоқ.