Репрессия жалғасып жатыр ма? Қазақстандағы «саяси тұтқындар» тізімі
Құқық қорғау ұйымдары қазірдің өзінде Қазақстанда саяси себептермен қудаланып, қамауда отырған адамдар бар деп есептейді. Билік елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады
Бүгін қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1929-1933 жылдары қазақ даласында ашаршылықтан 2 миллионға жуық адам қырылды, 1 миллион адам босып кетті. 1937 жылғы репрессия кезінде 103 мың адам сотталып, 25 мың адам атылды. Қазақстан жерінде 11 жазалау лагері құрылды. Онда сотталғандар мен олардың отбасы адам төзгісіз азаптан өтті. Ел аумағына басқа аймақтардан 1,5 миллион өзге этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды.
Бүгінде бұның барлығы тарих қойнауына келмеске кеткен елес сияқты. Бірақ тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары қазірдің өзінде Қазақстанда саяси себептермен қудаланып, қамауда отырған адамдар бар деп есептейді. Билік елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады. Осыған байланысты бүгін біз құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған адамдардың тізімін жариялауды жөн көрдік.
Жанболат Мамай — оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі. «Жалған ақпарат тарату» және «билік өкіліне тіл тигізу» айыбы бойынша үш айдан бері қамауда отыр. Халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны «саяси тұтқындар»қатарына қосқан.
Ермек Нарымбай — саяси белсенді. 2015 жылы Серікжан Мәмбеталинмен бірге Мұрат Телбековтің «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіге жариялағаны үшін үш және екі жылға сотталған. Кейіннен екеуі де істеген ісіне өкінетіндерін айтып, хат жариялаған. Апелляциялық сот жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған.
2016 жылы шілдеде Ермек Нарымбай Қазақстан билігінің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды. Биыл ақпанда Қазақстанға қайтып орлаған оны полиция әуежайда ұстап, қамауға алған. Қазір оның үстінен шекараны заңсыз кесіп өту бабы бойынша іс қозғалған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.
Дархан Уәлиев — азаматтық белсенді. Қамалғанға дейін «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, бірнеше рет жалғыз адамдық пикетке шыққан. Қазақстан билігі жұмысына тыйым салған «Көше партиясының» жұмысына қатысы бар деген айыппен сот былтыр оның бас бостандығын бір жылға шектеген.
Дархан Уәлиевтің қаңтар оқиғасы кезінде ағасы қайтыс болған. Мәйітханаға ағасының денесін іздеп барған оны полиция ұстаған. Қазір оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған.
Орынбай Оқасов — саяси белсенді. Қамалғанға дейін «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп бірнеше рет пикетке шыққан. Былтыр тыйым салынған «Көше партиясының» жұмысына қатысы бар деген айыппен бір жылға шартты жазаға кесілген. Қаңтар оқиғасына қатысып, пробациялық бақылау шартын бұзды деген айыппен наурызда қамауға алынған. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.
Айбек Сәбитов — азаматтық белсенді. Тыйым салынған «Көше партиясы» жұмысына араласты деген айыппен сотталып, пробациялық бақылау шарттарын бұзды деген айыппен қамауға алынған.
Сәбитов қамалғанға дейін «Назарбаев жүйесін өзгертуді» талап еткен митингтерге қатысқан. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан. Ол бұл тізімге осымен екінші рет еніп отыр.
Мұратбай Баймағамбетов — саяси белсенді. Қаңтар оқиғасынан бері қамауда отырған белсендінің туыстары оның азапталғанын, денсаулығы нашарлағанын айтқан. Ол бірнеше жылдан бері аймақтағы қоғамдық-саяси мәселелерді айтып митингке шығып жүрген.
Ержан Елшібаев — азаматтық белсенді. Қамалғанға дейін Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп, бейбіт шеруге шыққан. Қазір Қызылордадағы ЗК-169/5 түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
Жоғарыда көрсетілген адамдар құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған адамдардың бір сыпырасы ғана. Жалпы, Қазақстанда «саяси тұтқын» деп танылған 20 адам бар. Бұл тізім жыл сайын бірде азайып, бірде көбейіп өзгеріп тұрады. Тізімге негізінен билікті сынағаны үшін қудалауға ұшырағандар енеді.
Пікірлер жоқ.