Референдумда Назарбаевтың ерекше мәртебесі талқылана ма?
«Референдум туралы» заңның 3 бабында «референдумда Назарбаевтың ерекше мәртебесі талқыланбайды» деп жазылған

Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум мерзімі президент жарлығы шыққаннан кейін белгілі болады. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісов мәлімдеді.
«Референдум туралы» заңның 3 бабында «референдумда Назарбаевтың ерекше мәртебесі талқыланбайды» деп жазылған. Бүгін мәжіліс мақұлдап, сенатқа жіберген «Референдум туралы заңға» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында 3 бапқа қандай түзетулер енгізілгені әзірге белгісіз.
Өткен аптада президент Қасым – Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізуге бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған.
Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарлануда. Сәуірдің 25-і күні Конституцияға түзету енгізу бойынша жұмыс тобы дайындаған өзгертулерін жариялаған. Онда 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қалпына келтіру; Парламент жұмысы мен сайлау жұмысын өзгерту; Президентке саяси партияларға мүше болуға, туыстарына саяси, квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, өзгертулерде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» мәртебесін беру ұсынылған.

Пікірлер жоқ.