Путин: Апатқа ұшыраған Пригожин ұшағына сырттан әсер болмаған
Қаза тапқандардың денесінен граната жарышақтары табылған
Фото: Ашық дереккөзден
ЧВК «Вагнер» жетекшісі Евгений Пригожин ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза болғандардың денесінен қол гранатасының сынықтары табылды. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» форумындамәлімдеді.
Путиннің айтуынша, апатқа ұшыраған ұшаққа сырттан әсер болмаған. Оған бұл ақпаратты Ресей тергеу комитетінің басшысы хабарлаған. Путин іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын және алкогольге сараптама әлі жүргізілмегенін айтты.
Путиннің сөзінше, Санкт-Петербургтегі Пригожин кеңсесінде бес келі есірткі мен 10 миллиард рубль қолма-қол ақша табылған.
23 тамызда Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлаған. Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Оның ішінде Евгений Пригожин болғаны айтылды. Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің ұшақ апатынан қаза болғанын растаған. Куәгерлер бортта жарылыс болғанын айтады. Апат ауданында зениттік ракета да ұшырылған болуы мүмкін деген болжам айтылған.
The Wall Street Journal АҚШ-тың ресми тұлғалары ұшақ апаты Пригожинді өлтіру мақсатында астыртын сөз байласу нәтижесінде болды деп санайтынын жазған.
Кремль Ресей билігінің ұшақ апатына қатысы барын жоққа шығарған.
Пікірлер жоқ.