Прокуратура жаңа туған балалар саудаланған сайтты анықтады
Сайтта жаңа туған балалар саудаланып, заңсыз нәресте асырап алғысы келетіндердің хабарландырулары ілінген
Алматы прокуратурасы балаларды сату туралы хабарландыру орналасқан шетелдік сайтты анықтады.
Прокуратура мәліметінше, сайтта балаларынан бас тартқысы келетін әйелдер сәбилерін өкілетті орган мен сот шешімінсіз өзге адамдарға сатпақ болған. Бұдан бөлек, сайтта балаларды заңсыз асырап алғысы келетін адамдардың хабарландырулары болған.
—Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінді. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды. Материалдар ҚР ҚК-нің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген,— делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Қазақстанда нәрестені сату, оны заңсыз асырап алу қылмыс болып саналады. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Пікірлер жоқ.