Посткеңестік елдер президенттері қанша жыл билікте отырды
Демократиялы ел ретінде мойындалған мемлекеттердің негізгі белгілерінің бірі – әділ сайлау арқылы биліктің уақтылы ауысуы.

Masamedia.kz коллажы
Яғни, билік қолдан-қолға неғұрлым жиі өтсе, қоғам соғұрлым ашық деп саналады. Кеңес Одағынан шыққан елдерде президенттер соңғы 30 жылда неше рет ауысты? Әлемдік қауымдастық авторитарлы жүйе ретінде таныған елдерде президенттер қандай құйтырқылықтарға барғанын төмендегі материалдан оқып біле аласыздар.
Билікті сақтап қалу үшін қандай манипуляцияға барды?
Соңғы 30 жыл жылда посткеңестік мемлекеттер президенттері тізгінді уыстан шығармау үшін мынадай негізгі әдістерді қолданды:
· бір адамды қайта сайлауға қойылған шектеулердің күшін толық жою (Беларусь, Әзірбайжан, Түркіменстан);
· нақты бір адамды қайта сайлауға қойылған шектеулердің күшін жою (Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан);
· басшының билікте отырған шынайы мерзімдерін өзгерту (Қазақстан, Тәжікстан, Ресей);
· жаңа Конституцияның қабылдануы салдарынан бірінші президенттік мерзімді нөлге теңестіру (Өзбекстан, Қырғызстан, Украина);
· референдум арқылы президенттік өкілеттіктерді ұзарту (Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан);
· өкілеттіктерді өзіне бағынышты мұрагерге уақытша беру және басқа жоғары лауазымға ауысу (Ресей).
Өзбекстан: нөмірі бірінші отбасыдағы бәсеке
Өзбекстанда президент лауазымы пайда болғанда, яғни 1991 жылдың желтоқсанында сайланған алғашқы өзбек басшысы Ислам Кәрімов елді табан аудармай 25 жыл басқарды. Ол қатарынан үш сайлауда жеңіске жетті. Үшінші сайлауға қатысты дау көп болды. Өйткені Өзбекстан Конституциясы бойынша бір адам президент лауазымына екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Алайда ресми Ташкент оның алғашқы бес жылдық өкілеттік мерзімі алдыңғы Конституция бойынша жұмыс істегенін және жаңа шектеулердің шеңберіне кірмейтінін алға тартты.
78 жасына дейін тақтан түспеген Кәрімов 2016 жылдың 2 қыркүйегінде қайтыс болды. Оның орнын қызы Гүлнар Каәрімова басады деген долбар сөз күйінде қалды. Өзбекстан Жоғарғы жиналысының екі палатасының бірлескен отырысы премьер-министр Шавкат Мирзиёевті уақытша президент етіп тағайындады. 2016 жылдың желтоқсанында Мирзиёев жалпыхалықтық дауыс беру арқылы президент болып сайланды.
Өткен жылы Өзбекстан президенті Конституцияға өзінің ел билеу мерзімін тағы 13 жыл созуға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізді. Саяси сарапшылар Мирзиёев тақтан түссе де, билік отбасының уысынан сусымайтындай қам жасап қойғанын айтады. Үлкен қызы Саида Мирзиёеваны – бірінші көмекшісі етіп тағайындаған.
Лондондағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының басшысы Алишер Ильхомовтың айтуынша, елдің нөмірі бірінші отбасында президенттікке тағы бір ықпалды үміткер бар: Отабек Омаров. Ол – Президенттің жеке оққағары, кіші қызы Шахнозаның күйеуі. Ильхомовтың сөзінше, Президенттің мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Омаров сапарлар мен іс-шараларда Мирзиёевтың қасында жүретін ықпалды адам.
Түркіменстан: әкедеген балаға «мұра»
Бердімұхамедов – тәуелсіз Түркіменстанның екінші президенті. Мемлекеттің алғашқы басшысы – Сапармұрат Ниязов. Заңды өз ыңғайына қарай қырық құбылтқан Ниязов өзін елдің өмір бойғы президенті деп жариялаған еді. Түркіменбашы 2006 жылы қайтыс болғанымен, оның тұсында тереңге тамыр жіберген жеке басқа табынушылық пен Конституцияға қол сұғушылық Бердімұхамедовтің кезінде гүлдене түсті. Ол 2016 жылы үшінші мерзімге сайлану үшін Ата заңдағы президенттік мерзімге шектеулерді және үміткердің жасы 70-тен аспауы тиіс деген талапты алып тастады, сондай-ақ өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартты.
2022 жылы Пайғамбар жасқа жеткенін, жастарға жол беру керегін алға тартып, вице-премьер болып отырған ұлы Сердар Бердімұхамедовке таққа отырғызды. Ол үшін сайлау өткізді де. Саясаттанушылардың пікірінше, Құрбанқұлы Бердімұхамедов «билікте қалу үшін биліктен кетті».
Тәжікстан: нағашы мен жиен бақталас
Орталық Азия елдері арасында ең ұзақ мемлекет басқарған әрі Конституцияға көп өзгерту енгізген президент – Эмомали Рахмон. Ол – Тәжікстанның екінші басшысы. Елдің тұңғыш президенті Қаһһор Маһкамов халықтан қолдау көре алмай, 1991 жылы тамыз айында орнын босатуға мәжбүр болады. Мемлекет басындағылар қырық пышақ боп бөлініп, 1991 мен 1992 жылдар арасында президенттер бір-бірін ауыстырып жатты, елде билікке талас жүрді. Наразылық пен келіспеушілік кейінірек Тәжік азаматтық соғысына алып келді. 1994 жылғы сайлауда жеңіске жеткен Эмомали Рахмон 30 жыл бойы билікте. Әлем бақылаушылары Тәжікстанда өткізілетін сайлауларды демократияға қайшы және әділетсіз деп танығанына қарамастан, Рахмон өзін елдегі президент болуға лайық жалғыз адам деп санайды.
Ол республика Конституциясына алғашқы өзгертуді 2003 жылдың маусымында енгізіп, қатарынан екі жеті жылдық мерзімге рұқсат алды. 2006 жылы 6 қарашада өткен президенттік сайлауда Рахмон 79,3% дауыс жинады. 2013 жылдың сайлауда 84,23% дауыспен тағы жеңіске жетті. 2016 жылдың мамырында Тәжікстан Конституциясына тағы түзетулер енгізілді, оған сәйкес Эмомали Рахмон президент ретінде шектеусіз қайта сайлана алады. 2020 жылғы президент сайлауында Рахмон 90,92% дауыс жинап, бесінші рет жеңіске жетті.
Тәжікстандағы келесі сайлау 2027 жылы өтуі тиіс. Саяси сарапшылардың болжамынша, Эмомали Рахмонның орнына 37 жастағы үлкен ұлы Рустам Эмомали немесе 28 жастағы жиені Исмоил Махмадзоир таласуы мүмкін. Медиадағы танымалдығы бойынша жиені алда.
Әзірбайжан: Гейдар Әлиевтен – кіші Гейдар Әлиевке дейін
1993 жылы Әзірбайжанда өткен президент сайлауында Гейдар Әлиев жеңіске жетіп, 1998 жылы екінші мерзімге сайланды. 2003 жылғы президенттік сайлау қарсаңында Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді: жеңіске қажетті дауыс үлесі (50%-дан астам) азайтылды, сондай-ақ лауазымдарды ауыстыру тәртібі өзгерді, Президент отставкаға кеткен жағдайда оның қызметін премьер-министр атқаратын болды. Ауыр дерті барына қарамастан 2003 жылы қолданыстағы Конституцияны бұза отырып Гейдар Әлиев үшінші мәрте сайлауға түсті. Мемлекет басшысы лауазымына үміткерлердің бірі болған ұлы Ильхам Әлиевті премьер-министр етіп тағайындады. Сайлауға екі апта қалғанда президент тақтан бас тартып, ұлына жол беретінін мәлімдеді.
Ильхам Әлиев 77% дауыспен жеңіске жетті және ТМД-дағы алғашқы «мұрагер» президент болды. 2008 жылы екінші мерзімге сайланғаннан соң араға бір жыл салып Әлиев елде бір президенттің екі мерзімнен артық сайлануына тыйым салуды жою туралы референдум өткізіп, сайлауға шектеусіз қатысуға мүмкіндік алды.
Саясаттанушылар елдегі саяси жағдайды монархияға ұмтылыс деп бағалайды және елдегі билік Әлиевтер отбасының уысынан таяу жылдары шыға қоймайды дейді. 2016 жылы елде аяқ астынан бірінші вице-президент деген лауазым пайда болды, оған Ильхам Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиеваның тағайындалды. Саяси сарапшылар Әзірбайжан билігі әуелі президенттің зайыбына, одан кейін ұлы – кіші Гейдар Әлиевке өтеді деп болжайды.
Қырғызстан: 6 президент ауыстырған айырқалпақтылар
Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев бүкілхалықтық сайлау арқылы екі рет сайланды: 1991 және 1995 жылдары. 1998 жылы Конституциялық сот оның алғашқы президенттік мерзімін жойды, өйткені сайлау жаңа Конституция қабылданғанға дейін екі жыл бұрын өтті-мыс. Соның арқасында Ақаев 2000 жылы үшінші рет сайлауға түсті.
Кезекті жеңісінен кейін ол өз туыстары мен одақтастарын маңайына топтастырып, билікті жақындарының біріне табыстауға қамдана бастады. Оның ұстанған саясаты елде наразылық тудырып, «Қызғалдақ революциясының» себептерінің бірі болды. 2005 жылғы елдегі төңкерістер кезінде Ақаевты әуелі Қазақстанға, кейінірек Мәскеуге қашты. Онда ол өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы хаттамаға қол қойды.
Ақаевтың орнына Құрманбек Бәкиев отырды. Ол 2009 жылы екінші мерзімге сайланды, алайда 2010 жылдың сәуіріндегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде отставкаға кетуге және елден қашуға мәжбүр болды. 2010 жылдың шілдесінде ел билігін қолға алған Роза Отынбаева небары 1 жыл жұмыс істеп, 2011 жылдың желтоқсанында өз орнын Алмазбек Атамбаевқа босатып берді.
2017 жылғы 16 қазанда бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбеков ел президенті болып сайланды. Ол 2020 жылдың қазанында парламенттік сайлау нәтижелеріне наразылықтан туындаған митингтерден кейін отставкаға кетті. Жээнбековтің орнын премьер-министр Садыр Жапаров басты, ол 2020 жылдың 14 қарашасына дейін президенттің міндетін атқарушы болды. 2021 жылдың 28 қаңтарында Қырғызстанның алтыншы президенті болып қызметіне кірісті.
Төрт жылы қалған Тоқаев
Қазақстан 33 жылда 7 президенттік сайлау өткізіп, 2 президент көрді. 1991 жылғы баламасыз сайлауда жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаев араға төрт жыл салып өзінің өкілеттігін референдум арқылы 2000 жылдың соңына дейін ұзартты.
1995 жылы елде қабылданған жаңа Конституция үш жылдан кейін қайта өзгеріп, Назарбаев өкілеттілік мерзімін 7 жылға дейін ұзартты, билік басында отыратын мерзімге белгіленген шектеуді алып тастады. Бұған қоса, президенттікке үміткердің жасы «65-тен аспауы тиіс» деген талаптың күшін жойды. 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен кезектен тыс сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев тағы жеңіске жетті. 2000 жылдың маусымында Конституциялық кеңес бұл президенттік мерзімді Назарбаев үшін тұңғыш деп белгіледі. Өйткені осыған дейінгі сайлаулар ескі конституциялардың аясында өткізілген-мыс.
2005 жылы мерзімінен бұрын өткен сайлауда жеңген Назарбаев 2011 жылы Конституцияға тағы өзгерістер енгізіп, кезектен тыс сайлау жариялау құқығына ие болды. Сол құқығын пайдаланып, 2011 және 2015 жылдары кезектен тыс сайлаулар өткізіп, екеуінде де «қарсыластарын» «шаң қаптырды».
2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев өкілеттігінің аяқталуына бір жыл қалғанда отставкаға кетті. Оның орнын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басты. Сайлауда 70,96% жинаған Тоқаев елдің екінші президенті болды. Ол 2022 жылғы 17 қыркүйекте Конституцияға кезекті өзгертулер енгізіліп, президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдық деп бекітіп, бір адамның екінші мерзімге сайлануына тыйым салды.
2022 жылы екінші мерзімге сайланған Тоқаевтың өкілеттік мерзімі аяқталуына небары 4 жыл уақыт қалды.
Беларусь: 7 рет сайланған Лукашенко
1994 жылы шілдеде Беларусьтағы алғашқы президенттік сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жетті. Екі жылдан кейін елде жаңа Конституция қабылданып, оның бұрынғы мерзімі жойылды және президенттіктің бес жылдық заңды кезеңі бекітілді. Беларусь заңнамасына түзетулер халықаралық қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшырағанына қарамастан, 2001 жылғы президенттік сайлауда Лукашенко қайта сайланды. Ал үш жылдан кейін елде референдум өтіп, қатарынан екі президенттік мерзімге шектеу қойылды.
Сонымен, Лукашенко 2006, 2010, 2015 және 2020 жылдардағы сайлауға қатысып, жеңіске жетті. Алғашқы екеуінен кейін елде жаппай наразылық акциялары өтті. Наразылықтардың үдеуіне байланысты Еуропалық Одақ Беларусьқа, оның саяси көшбасшыларына және ірі кәсіпкерлерге қарсы бірқатар экономикалық санкциялар енгізді. 2016 жылы шектеулер жойылды, бұған бір жыл бұрын президенттік сайлауды бейбіт түрде өткізу және бірқатар саяси тұтқындарды босату ықпал етті. Алайда 2020 жылғы сайлау қарсаңында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, пәрменді реформалардың болмауынан, Президентке сенімсіздіктен туындаған Біріккен оппозицияның мыңдаған митингілері өтті. Халық наразылығына қарамастан 2020 жылдың 14 тамызында Беларусь Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконың сайлаудағы соңғы нәтижесі 80% болғанын мәлімдеді.
Адамдар әділ сайлау өткізуді, саяси тұтқындарды босатуды және 1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. 9-12 тамыз 2020 аралығында, сайлаудан кейінгі алғашқы күндері, 7 мыңнан астам адам ұсталған. Жылдың соңына қарай 30 мыңнан астам адам қамалған.
Ұсталғандардың арасында наразылықтарға қатысушылар ғана емес, сондай-ақ кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар, журналистер және құқық қорғаушылар да болды. Оппозиция белсенділері мен көшбасшыларының көпшілігі, соның ішінде президенттікке үміткер Светлана Тихановская елден кетуге мәжбүр болды.
Күні кеше 26 қаңтарда Лукашенко қайтадан президент болып сайланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша ол 86,82% дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл туралы республиканың Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко мәлімдеді.
Беларусь елін 30 жылға жуық басқарған Александр Лукашенко 7-ші рет президент болды. Қазір Лукашенко 70 жаста.
Ресей: Путин қалай билікте қалды
Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин 1993 жылғы Конституция күшіне енгенге дейін сайланды. Заңның жаңа редакциясында президент үшін ең шекті 65 жас туралы талап болмаған, әйтпесе Ельцин 1996 жылы отставкаға кетуі керек еді. 1998 жылы екінші мерзімінің соңында Ельцин келесі сайлауға түсу үшін конституциялық сотта өзінің бірінші мерзімін нөлге теңестіруге талпынғанымен, сот мұны заңсыз және сайлауда халықтың еркіне қайшы деп таныды.
1999 жылы 31 желтоқсанда Ельцин өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып, билікті үкімет төрағасы Владимир Путинге берді. 2000 жылы ол 52%-дан астам дауыспен сайлауда жеңіске жетті. Биліктегі екінші кезеңінің соңында Владимир Путин алдағы президент сайлауында бірінші вице-премьер Дмитрий Медведевті қолдайтынын мәлімдеді. 2008 жылы Медведев сайлауда 71% дауыспен жеңіске жетті. Путин бұл кезеңде үкімет төрағасы болды. Бұл посткеңестік мемлекеттер аумағында бұрынғы көшбасшы билікті ауыстыру кезінде саясатта қалуға мүмкіндік алған алғашқы жағдай болды.
Сайланғаннан бірнеше ай өткен соң Медведев президенттің өкілеттік мерзімін 6 жылға дейін (оған дейін екі төрт жылдық мерзімнен артық отыруға болмайтын) ұзартатын түзетулерді қабылдауға кірісті. Соның арқасында 2012 жылы қайта президент болған Путин 2018 жылы екінші мерзімге сайлану құқығына ие болды.
Владимир Путиннің бастамашылдығымен 2020 жылы дайындалған Конституциялық өзгерістерде «қатарынан» емес, «барлығы» екі президенттік мерзімге шектеу қарастырылған. Сол жылдың көктемінде Мемлекеттік Думаның депутаты Валентина Терешкова 81-бапқа түзетулер әзірледі, онда Владимир Путин мен Дмитрий Медведевтің бұрынғы мерзімдерін нөлге теңестіру көзделген. Конституциялық сот ұсыныста демократияға қарсы немесе Конституцияға қарсы ережелерді жоқ деп танып, 2020 жылдың жазында ол басқа түзетулермен бірге жалпыхалықтық дауыс беру арқылы бекітілді.
Дмитрий Медведевтің президенттігі кезінде Путин іс жүзінде билікте қалғандықтан, оны Иосиф Сталиннен бері ең ұзақ уақыт бойы өз өкілеттіктерін сақтай алған Ресей басшысы деп атайды.
Украина: бір мерзімнен аспағандар
Украина Конституциясы бойынша президенттің өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Сайлау билікте отырған президенттің өкілеттік мерзімі аяқталатын жылы наурыздың соңғы жексенбісінде өтуі шарт. 1991 жылдан бері украиналықтар 6 президент ауыстырды:
· Леонид Кравчук (1991–1994)
· Леонид Кучма (1994– 2005)
· Виктор Ющенко (2005–2010)
· Виктор Янукович (2010–2014)
· Пётр Порошенко (2014–2019)
· Владимир Зеленский (2019 жылдан бері)
Балтық елдері: мәңгілік билікке қол созбайтындар
Бірқатар сарапшылар Балтық жағалауы елдерін (Латвия, Литва және Эстония) жеке санатқа бөледі. Өйткені бұл мемлекеттерде президенттік институт 1920-1930 жылдардың өзінде жұмыс істеді. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін ол қайта құрыла бастағанда қоғам бұрынғы тәжірибені басшылыққа алды. Сонымен қатар, аталған елдердің Еуропалық құндылықтарға бет бұруы демократияның дамуын ілгерілетті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Балтық жағалауы елдерінде парламенттік және аралас республикалар құрылды, олардың көшбасшылары өмір бойы билік етуге ұмтылмады. Сарапшылардың пікірінше, қоғамның ашық болуы, биліктің жиі ауысуы шикізат ресурстары жоқ мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуына жол ашты.

Пікірлер жоқ.