Полиция «Amanat» кеңсесінің алдында «демпартия» белсенділерін ұстады
Алматыда «Amanat» партиясының алдында тіркелмеген Демократиялық партия белсенділері наразылық акциясына шықты.
Олар 8 айдан бері қамауда отырған оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайды босатуды, «Amanat» партиясын таратуды, саяси тұтқындарды босатуды, кезектен тыс президент сайлауына Инга Иманбайды тіркеуді талап етті.
Өзін Алматы әкімдігінің өкілімін деп таныстырған Дастан Шеріхан жиынның заңсыз екенін ескертті. Осыдан кейін белсенділерді полиция ұстып, Алмалы полиция бөліміне алып кетті.
Бүгін Астанада «Amanat» партиясының кезектен тыс құрылтайы өтуде. Онда билік партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
Бұған дейін Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай Орталық сайлау комиссиясына барып, президент сайлауына кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеген. Бірақ ОСК өкілдері оның заң талаптарына сай келмейтінін айтып, құжаттарын қабылдамаған.
Пікірлер жоқ.