Павлодарда тіл белсендісі Бейсенбайтегін «күштеп жындыханаға қамаған»

«Психдиспансерге қамағаннан кез келген адам шок алады»


25/01/2024
14:42 9270 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Павлодарда тіл белсендісі Руза Бейсенбайтегін «психдиспансерге күштеп қамағаны жөнінде» ақпарат тарады. Бұл жөнінде белсенді Абзал Достияров facebook желісінде жазды. 

 

Оның сөзінше, Руза Бейсенбайтегімен 24 қаңтарда сөйлескен. Сол уақытта полиция бөлімшесіне бара жатқанын айтқан. Осыдан кейін хабар үзілген. 

 

– Руза Бейсенбайтегі өзінің полицияға бара жатқанын айтты. Ол кісіні Павлодар қаласының бір мейрамханасы тіл мәселесі бойынша сотқа беріпті. Кешке ол кісінің телефоны сөндірулі болды. Ол кісіні жедел жәрдем көлігімен күштеп алып кеткені жөнінде айтылды. Руса апайымызды жындыханаға алып кетті деген ақпарат тарап жатыр, – деді белсенді. 

 

25 қаңтарда Павлодар тұрғыны Сұңғат Сәрсенбаев ақпаратты растады. Ол бүгін тағы бір тұрғынмен бірге психдиспансерге барып, Руза Бейсенбайтегіне жолыққан. 

 

Белсендінің сөзіне сүйенген Сұңғат Сәрсенбаевтың айтуынша, кеше, 24 қаңтарда Павлодарда көшеде кетіп бара жатқан Руза Бейсенбайтегінен белгісіз ер адам бір мекенжайды сұраған. Сол ер адаммен арада тіл бойынша кикілжің туындап, ақыры ол «мына әйелдің дені сау емес» деп психдиспансер өкілдерін шақырған. Көп ұзамай жедел жәрдем келіп, күшпен алып кеткен.

 

Сұңғат Сәрсенбаевтың айтуынша, диспансер өкілдері мұндай жағдайда дәрігерлер адамды тексеріп, консилиум жасап, содан кейін шешім шығарады, соған сәйкес 22-72 сағат аралығында ұстауға құқығы барын айтқан. 

 

– Тіл жанашыры Руза апамыз бұл күндерге шыдап кетуі керек. Ол кісімен сөйлестік. Бәрі жақсы. Енді көшеден алып кетіп, психдиспансерге қамағаннан кез келген адам шок алады. Қазір адвокат іздеп жатырмыз, – деді ол.

 

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігіне сұрау жолдаған. Бірақ оған әзір ешқандай жауап келмеген. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/01/2024 14:42
9270 0

Уведомление