ОСК сайлау нәтижесін жариялады

Парламенттегі басым орынды Аманат партиясы иемденді


27/03/2023
15:58 18596 0

Фото: masa.media / Айдар Елькеев

 

Орталық сайлау комиссиясы бір апта өткенде парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауының қорытындысын жариялады. 

 

ОСК қорытындысы бойынша, Amanat партиясы – 53,90%, Ауыл – 10,90%, Respublica – 8,59%, Қазақстан Халық партиясы – 6,80%, Ақ жол – 8,41%, ЖСДП – 5,20%, Байтақ – 2,30%, Бәріне қарсы – 3,90% дауыс жинаған.

 

Мәжіліске мандаттар төмендегідей бөлінді:

 

Amanat – 40

«Ауыл» – 8

«Ақ жол» – 6

Республика – 6

ЖСДП – 4

ҚКП – 5

 

29 – орынды өзін-өзі ұсынғандар. Олардың 23-і Аманат партиясының мүшелері.

 

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров журналистерге сайлау кезінде болған аздаған заң бұзушылық сайлау нәтижесіне әсер етпейтінін айтты. 

 

– Заң бұзылғаны туралы материалдардың әлеуметтік желіге таралуына және сайлау комиссияларына өтініш түсуіне байланысты біз Бас прокуратураға 19 наурызда – сайлау күні тексеру және құқықтық бағалау туралы сұрау жібердік. Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша, дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықбұзушылық тіркеліп, олардың барлығы жауапқа тартылған. Жеті учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бабы бойынша айыппұл салынған. Алайда бұл іс-әрекет азаматтардың ерік білдіру нәтижелеріне әсер етпеді. Және сайлау округіндегі немесе тиісті аумақтық әкімшілік бірліктегі сайлау нәтижесін сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді, – деді Әбдіров.

 

Рысбек Сәрсенбайұлы, Инга Иманбай, Мұқтар Тайжан және т б тәуелсіз кандидаттар сайлаудың әділетсіз өткенін айтуда. Олар алдағы уақытта сотқа шағымданатынын және наразылық митингіне шығатындарын мәлімдеді. 

 

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өткен. Ол 2004 жылдан бері алғаш рет аралас жүйе – 30 пайыз мажоритарлық, 70 пайыз партиялық тізіммен өтті. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/03/2023 15:58
18596 0

Уведомление