Орал әкімдігі Лұқпан Ахмедияровқа митинг өткізуге рұқсат бермеді
Ол бұған дейін сайлаудың әділетсіз өткенін айтқан
Фото: Азаттық радиосы
Мәжіліс депутаттығына үміткер болған Лұқпан Ахмедияров сайлаудағы заңсыздықтарға қарсы митинг өткізуге өтініш беріп, тағы рұқсат ала алмады. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.
Бұл жолы ол бейбіт жиынды 9 сәуірде Оралдағы Мәметова алаңында өткізгісі келген. Тақырыбын «Сайлау туралы заң мен ҚР Конституциясын қорғау» деп көрсеткен. Қала билігі 9 сәуірде Ахмедияров көрсеткен орында басқа шара өтетінін айтып, ескерту-хатын кері қайтарған. Биліктің айтуынша, ол күні «Ғасыр» жастар бірлестігі «Батырларға тағзым» акциясын өткізеді.
– Бұл әншейін сылтау. Бізге митинг өткізуге мүмкіндік бермес үшін солай жауап беріп жатыр, – деді Лұқпан Ахмедияров Азаттыққа.
Оның сөзінше, әкімдік жауабы желіде жарияланғаннан кейін жергілікті жастар ұйымынан бір студент журналистке хабарласып, «9 сәуірде әйтеуір бірдеңе өткізу туралы» тапсырма түскенін айтқан.
«Өлең айтасыңдар ма, ән айтасыңдар ма, оларға әйтеуір бірдеңе өткізіңдер депті» деді Ахмедияров.
Пікірлер жоқ.