Танымал тегтер

Олигархат, «НКВД», инфосығандар: Қазақстанда саяси жүйе қалай өзгерді

Қазақстанда соңғы үш жылда жүзеге асырылған саяси реформалар мемлекетке не берді?


13/02/2025
10:33 876 0

 Суретте Назгүл Ерғалиева, Paperlab парақшасынан алынды

 


 

Саяси жүйе өзгерді ме? Реформа нәтижелері азаматтардың сұранысына сай ма?Paperlab зерттеу орталығының «Өзгеріссіз тәртіп: Қазақстандағы саяси реформалар неге алып келді?» атты талқылауында сарапшылар осы сауалдарға жауап берді.

 


 

Paperlab орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың модераторлығымен өткен талқылауға жария саясат және адам құқықтары саласындағы маман Назгүл Ерғалиева, Paperlab зерттеушісі, саясаттанушы Әлия Тілеген, тәуелсіз журналист Дина Елгезек және әлеуметтану докторы, ISA мүшесі Сергей Коновалов қатысты.

 

Саясаттанушы Әлия Тілеген мамандар жүргізген ұжымдық жад және саяси құндылықтар жайлы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін ортаға салды. Оның айтуынша, ел азаматтарының Қаңтарға дейінгі және кейінгі көзқарасы жер мен көктей.

– Қаңтар оқиғасы – әбден жемқорлыққа батқан, жабық саяси жүйеден шаршаудың шырқау шегі болды деуге болады. Оған дейінгі зерттеуде азаматтар мемлекеттен қандай өзгеріс күтетінін нақты айта алмаса, Қаңтардан кейін халық ашық, ауыспалы билікті, әділдікті, плюрализмді қалайтыны, суперпрезиденттік жүйеден құтылғысы келетіні белгілі болды. Зерттеу нәтижесінде қазақстандықтар саяси жүйеге көзқарасы бойынша бір-біріне ұқсамайтын алты топқа бөлінді. Десе де олардың бәріне ортақ нәрсе – сайлауларға сенбейді, сөз бостандығы жоқ деп есептейді, – дейді зерттеуші.

 

 

Маман елдегі реформалардың бәрі үстірт жүргізілгенін айтады.

   Олардың нәтижесі жайлы айтудың мәні жоқ сияқты. Парламенттің, жергілікті биліктің өкілеттігін кеңейту, партияларды тіркеу мүмкіндігін арртыру жайлы қанша айтылғанымен, елімізде ашық, әділ сайлау немесе референдум өткен жоқ, – дейді Әлия Тілеген.

Ал журналист Дина Елгезек мемлекетте өзгерістің жоқтығын Назарбаев жүйесімен байланыстырады.

– Тоқаевтың қолына толыққанды билік Қаңтардан кейін тиді деп жүрміз. Олай емес. Тоқаев билікті алғалы 6 жыл. Назарбаев кезінде елді олигархат басқарды ғой, әлі де ештеңе өзгермеді. Олардың ешқайсы заң алдында жауап берген жоқ. Саяси элита жаңаланған жоқ. 6 жыл – саясаткерге берілген өте үлкен уақыт. 6 жыл – 6 күн емес. Өткенде мен 6 жылда ештеңе өзгермегенін, бәрі көзбояушылық екенін айтып, пост жазған болатынмын. Сол күні бізге қоңырау шалынды. «Үстеріңнен қылмыстық іс қозғаймыз. Сендер «қызыл линиядан» өтіп кеттіңдер» деді. Бұл масқара ғой! Қайдағы қызыл линия? Революцияға шақырсам мейлі екен. Саяси реформалар қайда, заңсыз активтер неге қайтарылған жоқ деген сауалдарым үшін маған қоқан-лоқы көрсетілуінің өзі саяси реформалардың жоқтығын білдіреді, – дейді қоғам белсендісі.

 

 

Дина Елгезек Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевқа үлкен сенім артқанын, БҰҰ-да жұмыс істеген тәжірибесімен Қазақстанда көп өзгеріс жасайды деп үміттенгенін айтты.

– Демократияның бес тағаны бар. Ең біріншісі – сайлау. Бізде екі сайлау, екі референдум өтті. Парламент сайлауында өзім блок құрдым. Біздің блоктағы саяси күрескерлердің бірде-біреуі өткен жоқ. Оның алдында Президенттік сайлау бәсекесіз өтті. Реформа жасайтын адам оны ашық, әділ өткізуі тиіс еді ғой. Референдум кезінде қандай көзбояушылық болғанын, бақылаушыларға қандай қысым жасалғанын да білесіздер, – деп еске алды спикер.

Журналист демократияның екінші тағаны – азаматтардың құқығы да аяққа тапталып жатқанына наразы.

– 2020 жылы Дулат Ағаділ мен оның ұлы қаза тапты, былтыр Айдос Садықов қайтыс болды. Думан Мұхаметкәрім, Марат Жыланбаев, Айгерім Тілеужандар сотталды. Сықақшы Темірлан Еңсебек істі болды. Митингке шыққандарға экономикалық санкциялар көбейді. Бұл саяси белсенділердің аяғына салынған шідері деп ойлаймын. Демократия мен автократия – жұлдызы қайшы ұғымдар. Мен алданып қалғаныма қатты өкінемін. Тоқаев үлкен реформа жасайды деген сенімім ақталмады. Қаңтар шындығы ашылмағаннан кейін халықтың үміті сөнді деуге болады. Самат Әбіш, Ерлан Тұрғымбаевтар заңға сай жауапқа тартылған жоқ, сотталғандардың көбі – үшінші адамдар, – дейді Д.Елгезек.

Жария саясат және адам құқықтары саласындағы маман Назгүл Ерғалиева елдегі полиция реформасының нәтижелері жайлы сөз қозғады. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа полиция құрылатыны жайлы уәделер сөз күйінде қалды дейді.

– Ішкі істер органдары қауіпсіздікті арттырудың жалғыз жолы – ережелерді қатаңдату деген ұстанымға сүйеніп алған. Салдарынан бүгінде әкімшілік айыппұлдар 30-35%-ға артып, 10 млн-нан 15 млн-ға жетіп отыр. Жуырда әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде рация арқылы бастықтары полицейлерге айыппұл бойынша жоспар орындалуы керек екені ескертіп жатыр. Бұдан қазіргі полициямыздың баяғы КСРО кезіндегі милициядан еш айырмасы жоғын көруге болады.  Айыппұлдың артуы қауіпсіздіктің күшейгенін білдіреді деген қасаң көзқарас әлі бар, - дейді сарапшы.

Әлеуметтану докторы Сергей Коновалов Кеңес Одағының шекпенінен шыққан өзге мемлекеттер де ескі сүрлеуден шыға алмай келе жатқанын атап өтті.

– Біздің қазіргі саяси жүйеміз Кеңес Одағынан «мұраға» қалған. Әлі сол посткеңестік қалыптан шыққан жоқпыз. Мәселен, ІІМ әлі күнге баяғы «НКВД»-ның үлгісімен жұмыс істейді. Түбегейлі өзгеріс жасауға тырысқан Грузияның тәжірибесінен ұққанымыз – посткеңестік тәжірибені күйрету оңай шаруа емес, – дейді маман.

 

 

Ғалымның пікірінше,  жүйелі саяси өзгерістерді талап ету үшін азаматтық қоғам мықты болуы керек.

– Ең әуелі азаматтық қоғамның экономикалық тұғыры берік болуы керек. Яғни қаржылық жағдайы тұрақты орта тап көбеюі қажет. Ал бізде тұрғындардың 70-80%-ы бір айлыққа әрең күнелтіп жүр. Алда-жалда бірдеңе болып, табыссыз қалса, талғажау ететін қоры жоқ, –  дейді Коновалов.

Журналист Дина Елгезек қазіргі билік бұрынғының қателігін жиі сынға алғанымен, оны тек сөз жүзінде ғана түзетуден әрі аса алған жоқ деп есептейді.

– Билік басындағылар айтқандай, саяси реформалар сәтті жүзеге асырылған болса, неге бізде жаңа тәуелсіз партиялар құрылмайды? Неге 19 партия әлі күнге тіркеуден өте алмай жүр? Неге бір адамдық пикетке шыққандардың өзін полиция алып кетіп жатыр? Санжар Боқаев, Мұхтар Тайжан, Айман Тұрсынхан секілді мықты қыз-жігіттердің орнына Парламентке неге инфосығандар өтіп кетті? – дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, Назарбаевтың кезіндегі әдіс-тәсілдер де, кадрлар да ауысқан жоқ.

– Екі-үш депутатты әкеліп отырғызғаннан, бір-екі министрді ауыстырғаннан мәселе шешілмейді. Қазір билікте отырғандар - автократиялық жүйеден тәлім-тәрбие алғандар, сол ортада өскендер. Олардың ресурстары сарқылған. Қоғамды жаңашылдыққа жетелей алмайды. Бізге жаңа адамдар керек. Жүйені солар өзгертеді, – деп түйіндеді Дина Елгезек.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

13/02/2025 10:33
876 0

Уведомление