Қоғам белсенділері Қаңтар оқиғасына байланысты шығарылған үкімдер қайта қаралуы тиіс дейді
Қаңтар оқиғасы кезінде әртүрлі айып бойынша сотталған азаматтардың істері қылмыстық емес, саяси істер дейді қоғам белсенділері
Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында өткен баспасөз мәслихатында қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар оқиғасына байланысты қаралған істердің барлығы дерлік заң бұзушылықпен өткенін айтты.
– Бас прокуратура мәліметінше, Қаңтар қанды қырғыны кезінде қатысушылардың 10 мыңға жуығы ұсталған, күдікті болған, жауапқа тартылған. Солардың ішінде 5 300-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі күні 834 іс бойынша адамдар сотталып, жазаға тартылған. Осы сот процестері қалай жүріп жатыр? Біз бұны айтуға тиіспіз. Қылмыстық істі тергеу амалдарының барлығы дерлік заң бұзушылықпен өтті. Оған прокуратура келісімін беріп, сотта айыптаушы болып отыр. Сот тергеушілердің қателіктері мен заң бұзушылықтарына талқылау жасауы керек. Ол айыпталушылардың жасаған іс-әрекеттерін бағалап-саралап, тергеушілердің көзімен, прокурордың айыптауымен үкім шығару үлкен әділетсіздік. Өкінішке орай, соттардың көбісі осындай әділетсіздікке, қиянатқа, көзжұмбайлыққа барып отыр. Олар заңды білмей ме? Олар заңды білмесе қалайша мантия киіп, судья болып отыр? Меніңше, олардың білімі бар, тәжірибесі де кем емес. Бірақ оларға берілген тапсырма бар. Соттар қазір заңды басшылыққа алып, соның талабын орындаушы емес, жоғарыдан өздерін тағайындаушылардың, жұмыс берушінің тапсырмасын орындаушыға айналып кетті. Бұл процестердің барлығын біз қылмыстық процестер емес, саяси процесс деуіміз керек. Өйткені, Қаңтар оқиғасына қатысушылар саяси талаппен шықты. Біз оларды саяси күрескерлер деп есептеймін, – деді Сәрсенбайұлы.
Рысбек Сәрсенбайұлы сот процестерінде болған асыра сілтеулер тоқтатылуы тиіс және шығарылған үкімдер қайта қаралуы керек деді.
–Біз Бас прокуратураға, Жоғары Сотқа, президент Тоқаевқа ашық айтқымыз келеді. Мынандай асыра сілтеуді тоқтату керек. Осы уақытқа дейін ауыр жаза тағайындалып, істің мән-жайына толық жетпей жатыр шығарылған үкімдердің барлығы қайта қаралуы қажет. Бұл қылмыстың алдын алу емес..., – деді Сәрсенбайұлы.
Қаңтар оқиғасы кезінде «қару ұрлады» деп айыпталып, алты жылға сотталған Әлібек Иманбековтың адвокаты Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Иманбековтың ісі әділетсіз өткен және бірінші инстанцияда соттарының барлығы тәуелді, өздігінен әділ шешім шығаруға қауқарсыз.
– Бізде бірінші инстанция соттары толықтай тәуелді. Олар өздігінен үкім шешім шығара алмайды. Біз апелляциялық сот біз келтірген дәлелдерге назар аударады деп үміттенеміз. Бұл екі томдық істе зерттейтін ешнәрсе жоқ. Біз оны толықтай зерттеп, дәлелдеп бердік. Егер кінәсі болмаса азаматтар бостандыққа шығуы тиіс. Адамдар полиция, ҰҚК қызметкерлері қаланы қорғамай, тонауға тастап кеткені үшін жазаланбауы тиіс. Біз апелляциялық сот бұл азаматтарды босатады деп үміттенеміз, – деді Жуаспаева.
Әлібек Иманбековтың әйелі Баян Шырынбекова қазір Қаңтар оқиғасы кезінде «қару ұрлады» деген айыппен істі болған 200-ге жуық адам әділетсіздің құрбаны болып отыр дейді. Оның сөзінше, сотталған азаматтардың туған-туыстары елдің алдына шығып, БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден қорқады.
– Бұндай оқиға менің және жұбайым Әлібек Иманбековтың ғана басынан өтіп жатқан оқиға емес. Мен бұны Қанды қаңтарда зардап шеккен барша халықтың басындағы қасіретті жағдай деп ойлаймын. Дәл қазір «қару жарақ ұрлау» ісімен 200-ге жуық ата-ана зар илеп отыр. Олардың ішінде студенттер, жас балалар бар. Олардың кейбіреулері жай ғана қызығушылықпен фотоға түскен. Осы ісі үшін 5-6 жылға сотталып отыр. Барлығын ешқандай негізсіз соттап жіберіп отыр деп айта аламын, – деді Шырынбекова.
Баян Шыныбекова өзі де қызым көріп жатырмын дейді. Оның сөзінше, тамыздың 9-ы күні артынан белгісіз адамдар аңдыған.
– 9 тамызда таңертеңнен кешке дейін менің артымнан белгісіз берулер аңдып жүрді. Кешке қарай маған келіп «сіз Астанаға бару үшін 10 тамызға Скат ұшағына билет алғансыз. Астанада аналар шеруін ұйымдастырып, саған бармақшысыз екенсіз» деді. Мен оған ешқандай қатысым жоқ дедім. Олар мені Бостандық полиция басқармасына алып барды. Ол жерде шамамен бес сағаттай ұстады. Маған «қалалық прокуратурадан сізді таңға дейін ұстауға бұйрық келген, бірақ сіздің кәмелетке толмаған балаларыңыз бар екен деп түнгі 23-00-де босатты. Бірақ жеке куәлігімді алып қалды..., – деді Шырынбекова.
Пікірлер жоқ.