Назарбаев элита қақтығысы жоқ дейді
Көптен бері көрінбей кеткен бұрынғы президент Қазақстан халқына үндеу жариялады
Фото: rbc.ru
18 қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялады.
Төрт минуттық мәлімдемеде ол «элита жанжалдасып жатыр» деген ақпарат рас емес дейді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев билікке толығымен ие. Ол — Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Жуырда президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элита арасында ешқандай жанжал жоқ. Мұндай қауесеттер орынсыз».
Экс-президент астанада екенін айтты.
«... 2019 жылы президент ретіндегі міндетімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым, содан бері зейнеткермін, қазір Қазақстанның астанасындамын, ешқайда кетпедім».
Үндеудің аяғында Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың «елдің әл-ауқатын көтеретін реформаларын қолдау керегін» айтып, Қазақстан халқына амандық пен денсаулық тіледі.
Газ митиңі мен жаппай тәртіпсіздіктер тұсында Елбасы деген лауазымы бар бұрынғы президент ешқандай пікір білдірмеген еді. Жұрт арасында Назарбаев шетелге қашып кетті деген қауесет тарады.
17 қаңтарда The Guardian ағылшын басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп экс-президент астанада екенін, «Тоқаевпен Қазақстан мүлкін бөлісіп жатқанын» жазды.
Пікірлер жоқ.