Танымал тегтер

Мәжілістегі АЛТЫ партия қанша салық төледі, қаржыны қайдан алады

168 млн-нан 4.4 млрд теңгеге дейін...


17/02/2025
18:38 2212 0

Коллаж Masamedia.kz

 

«ОТАН» - «НҰР ОТАН» - AMANAT

 

 "AMANAT" партиясы бұрынғы «Нұр отан» 1999 жылы 12 ақпанда тіркелген. 2023 жылы партия төрағасы болып  Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы сайланды. Қазақстан бойынша партияның 239 филиалы бар.

 

"АMANAT" партиясының осы жылдар ішіндегі жалпы салық аударымдары – 4,4 млрд теңге. 2024 жылы партия 285,4 млн теңге салық төледі. Ең жоғары салық төлемі 2022 жылы – 355,5 млн теңге болған. Бұл сома Қазақстанда өткен президент сайлауымен байланысты болуы мүмкін.

 

 

 

 

Партияның ең көп салық төлеген филиалы – Алматы қаласы. 2024 жылғы төлемі 141,4 млн теңгені құрады.

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы – 172,1 млн теңге. Жалақы да ең көп төленген 2022 жыл, 190,6 млн тг.

 

Партияның қарамағында төрт еншілес ұйым жұмыс істейді:

·       ТОО "AMANAT Media Group"

·        ТОО "Хозяйственное управление партии "AMANAT"

·       ЧУ "Институт общественной политики партии "AMANAT"

·       ЧУ "Академия политического менеджмента партии "AMANAT

 

«АҚЖОЛ» ЖАЛАҚЫҒА "AMANAT"-ТАН КӨП ЖҰМСАЙДЫ

 

"Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы 2002 жылы 2 сәуірде тіркелген. Қазақстандағы оппозиция «қарлығаштарының» бірі еді. Парламентке де сол «рөлді» сомдау үшін өтті. Кейін, ол да ұмытыла бастады.

 

2018 жылы  Перуашев Азат Тұрлыбекұлы төрағасы болып келеді. Қазақстан бойынша 20 филиалы бар.

"Ақ жол" партиясының жалпы салық аударымдары – 1,1 млрд теңге. Ең жоғары салық төлемі 2024 жылы – 160,2 млн теңге болды.

 

 

 

Партияның ең көп салық төлеген филиалы – Ұлытау облысында.

 

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы – 200,2 млн теңге. Байқағанымыздай, «Ақ жол» жалақы қорына Amanat-тан көп қаржы жұмсаған. Партияның еншілес ұйымдары жоқ.

 

НАЗАРБАЕВТЫҢ «БҰЛБҰЛЫ» БАСҚАРАТЫН ПАРТИЯ

 

 "Қазақстан халық партиясы" 2004 жылы 21 маусымда тіркелген. 1998-2010 жылдар аралығында Партияның бірінші хатшысы марқұм Серікбосын Әбілдин болған еді. Қазір партия төрағасы – Ертісбаев Ермұхамет Қабиденұлы. Қазақ саясатындағы эпатажды фигура. Талай қызметте болған. Лақап аты «Назарбаевтың бұлбұлы» болатын. Айтпақшы, Ирина Смиронова, Магеррам Магеррамов секілді шет елден қаржы алатындарға шүйліккен депутаттар да осы партиядан. Ертісбаевтың өзі қазір You-Tube-те контент жасайды. Ол жерде Батысқа қарсы ойларын ашық білдіреді. 

 

Ұйымның Қазақстан бойынша 18 филиалы бар.

Қазақстан халық партиясының жалпы салық аударымдары – 586,3 млн теңге. 2024 жылы партия 77,4 млн теңге салық төледі. 

 

 

 

 

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы – 90,1 млн  теңгені құрады. Партияның еншілес ұйымдары жоқ.

 

«ҚОЙ АУЗЫНАН ШӨП АЛМАС» ПАРТИЯ

 

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы  2000 жылы 30 наурыз айында тіркелген. Демек, «Amanat-Нұр Отаннан» кейін пайда болған «ежелгі» партиялардың бірі.  2024 жылдан бері құрылтайшысы - Егізбаев Серік Рахметоллаұлы.

Партияның Қазақстан бойынша 16 аймақта филиалы бар.

 

«Ауыл» партиясының жалпы салық аударымдары 407,4 млн теңгені құрайды. 2024 жылы партия 70,3 млн теңге салық төледі. Ең жоғары салық аударымы 2023 жылы тіркеліп, 81,5 млн теңгеге жеткен.

 

 

 

 

Партияның ең көп салық төлеген филиалы Солтүстік Қазақстан облысында,  2024 жылғы төлемі 5,5 млн теңге.

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы 74,1 млн теңгені құрады.

Партия қарамағында үш еншілес ұйым жұмыс істейді:

·       КФ «Фонд Ауыл Шуағы»

·       КФ «Ауыл TRUST»

·       ТОО «Дала Дидары»

 

ПИАРҒА ҚҰМАР БИЗНЕСМЕНДЕР

 

"Respublica" партиясы 2023 жылы 18 қаңтарда ресми тіркелген. 2022 жылдан бастап төрағасы Ходжаназаров Айдарбек Асанұлы. Ең жас партия. Соңғы сайлауда «жарқ» етіп шығып, қазір «жалп» етіп сөнгендердің бірі. Партияның тең төрағалары әлеуметтік желіде жеке пиарларын жақсы жолға қойғаны болмаса, басқа қырларымен еркешеленген жоқ.  

 

Respublica партиясының өңірлерде 20 филиалы жұмыс істейді. Ол жерде  40-тан астам маман жұмылдырылған. Барлық аймақтарда 64 Мәслихат депутаты бар.

20 аймақта Өңірлік кеңес құрылған, оның құрамына негізінен аймақтағы беделді кәсіпкерлер, қоғам белсенділері кіреді.

 

 

"Respublica" партиясының жалпы салық аударымдары – 287,6 млн теңге. 2024 жылы партия 94 млн теңге салық төледі, бұл олардың ең жоғары салық төлемі.

 

 

 

 

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы – 98,6 млн теңге. Партияның еншілес ұйымдары жоқ.

 

КЕЗІНДЕ ДҮРІЛДЕГЕН, БҮГІНДЕ ҮНІ ӨШКЕН ПАРТИЯ

 

"Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП)" 2007 жылы 25 қаңтарда тіркелген. Бұл партияны 2006 жылы саясаткер Жармахан Тұяқбай құрған. Партияның жүріп өткен жолы тартысқа толы. Оппозиция ретінде «Ақ жол», «Азат» партияларымен саяси блок құрып, Парламент сайлауларына түскен. Қатарында Жармахан ТұякбайБолат ӘбіловӘміржан Қосанов, Серікбай Әлібаев, Ермұрат Бапи, Гүлжан Ерғалиева, Маржан Аспандиярова, Рыспек Сарсенбайұлы, Оразалы Сәбден, Валентин Макалкин, Пётр Своик, Тоқтар Әубәкіровке дейін болған. 2019 жылы бір мезетте партияға Ермұрат Бапи де төрағалық етті.  

 

2019 жылдың қыркүйек айынан бері партия төрағасы – Рахимжанов Асхат Нұрмағамбетұлы. Қазақстан бойынша 19 филиалы бар.

 

ЖСДП партиясының жалпы салық аударымдары – 168 млн теңге. 2024 жылы партия 45 млн теңге салық төлеген.

 

 

 

 

Қызметкерлерге арналған жалақы қоры (ФОТ) 2024 жылы – 61,6 млн теңге. Партияның еншілес ұйымдары жоқ.

 

ПАРТИЯЛАР ҚАРЖЫ ЖӨНІНДЕ ҚАЙДА ЕСЕП БЕРЕДІ

 

Masamedia тілшісі партияларға қаржыландыру көздері туралы ресми сауал жолдаған. 

 

Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) 2023 жылғы жылдық қаржылық есебі «Білімді ел – Образованная страна» (№13, 2 сәуір 2024 ж.) газетінде жарияланған, дейді.

 

«AMANAT» партиясы 2023 жылғы жылдық қаржылық есебін «Литер» (№88, 10 тамыз 2024 ж.), «Aiqyn» (№88, 10 тамыз 2024 ж.) газеттерінде шыққанын айтты.

 

«Respublica» партияның ресми сайтында (30 сәуір 2024 ж.) жариялағанын мәлімдеді.

 

«Ауыл» партиясы қаржылық қызметі туралы ақпаратты жақын арада жариялайтынын хабарлап, бірақ нақты мерзімін айтқан жоқ.

 

ҚХП бұл ақпаратты бөліспейтіндерін ресми айтты.

 

ЖСДП өкілдері мүлдем жауап қатпады.

 

ПАРТИЯЛАР БЮДЖЕТТЕН ҚАНША АҚША АЛЫП ОТЫР

 

2025-2027 жылдары республикалық бюджет жобасында саяси партияларға 45,7 млрд теңге қаралған.

2025 - 15 227 883 мың теңге   

2026 - 15 227 883 мың теңге    

2027 - 15 227 883 мың теңге    

 

ҚАЙ ПАРТИЯ КӨБІРЕК АҚША АЛАДЫ

 

ҚР «Саяси партиялар туралы» заңның 18-бабына сәйкес саяси партиялар қаржыны төрт көзден ала алады. Бұл: мүшелік жарналар; жеке азаматтар мен ұйымдардың қайырмалдықтары; кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістер; мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат.

 

Қазақстанда партияларға шетелдік және анонимді демеушілерден қаржы алуға тыйым салынған. 

 

Биылға дейін бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшері сайлаушылардың әр дауысы үшін ең төменгі жалақының 3%-ын құрап келді. Сәйкесінше ең көп дауыс алған партия ең көп қаражат алады. Демек, 15 млрд теңгенің тең жартысы 50%-дан аса дауыс жинаған  «AMANAT»-қа бұйырып тұр.

 

«AMANAT»-тың мүшелік жарнасы ай сайын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 0,1 мөлшерінде (2024 жылы шамамен 387 теңге). Партия құрамында 2024 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша  813 111 адам бар.

 

Ал студенттер мен магистранттар үшін бұл көрсеткіш 0,01 АЕК (шамамен 39 теңге). Зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар және бала күтіміндегі азаматтар жарналардан босатылған.

 

 «Ауыл» партиясының жарғысында мүшелік жарналар қарастырылмаған. «Партия ерікті қайырымдылық есебінен қаржыландырылады», делінген бізге жолдаған жауаптарында. Қатарында 301 487 мүшесі бар.

 

ҚХП партиясы да мүшелік жарна жинауды жүзеге асырмайды. Қатарында  қанша мүшесі барын партия жасырып қалды.

 

 - Бұл ақпарат міндетті ұсынылатын санатқа жатпайды, - делінген жауапта.

ЖСДП қатарында 160 мың мүшесі бары әр жерде жазылған. Баспасөз қызметі ретінде көрсетілген тұлға телефонымызға жауап берген жоқ.

 

Respublica өз қатарында 150 мыңға жуық адам барымен бөлісті. Жарна көлемі 1 АЕК – 3692 теңге. 

 

ЖАҢА ЕРЕЖЕ

 

2025 жылдың 17 қаңтарынан бастап Қазақстанда саяси партияларды қаржыландырудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бюджеттен бөлінетін қаражаттың мөлшері сайлаушылардың әр дауысы үшін ең төменгі жалақының 0,65 АЕК деңгейінде есептелетін болады.

 

2023 жылғы Мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша парламенттің төменгі палатасына алты партия өтті.

 

Ең көп мандатты 53,9% дауыспен «AMANAT» партиясы алды, ол дегеніңіз 40 орын. Одан кейін 10,9% дауыспен «Ауыл» партиясы 8 мандатқа қол жеткізді. «Respublica» (8,59%) және «Ақ жол» (8,41%) партиялары әрқайсысы 6 мандаттан иеленді. Қазақстан Халық партиясына (6,8%) 5 мандат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына (5,2%) 4 мандат бұйырды.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

17/02/2025 18:38
2212 0

Уведомление