Мобилизациядан қашып келіп жатқан ресейліктер Қазақстанға қаншалықты қауіпті?

Қазақстанға Путин үшін өлгісі келмейтін, бірақ орыс әлемін қолдайтын адамдар келуде


27/09/2022
11:23 41681 0

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты ішінара мобилизация жариялады. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизациямен 300 мың адам әскерге алынатынын айтты. Осыдан кейін әскерге (соғысқа) барғысы келмейтін ресейліктер көрші елдерге жаппай қаша бастады. Қазақстан-Ресей шекарасында бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды. Елге келіп жатқан ресейліктер Қазақстанға қаншалықты қауіпті? Бұның арты әлеуметтік толқулар мен ұлтаралық қақтығысқа алып келмей ме? Үкімет бұндай жағдайда не істеуі керек? Осы және өзгеде сұрақтар жөнінде саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірін біліп көрдік.

 

Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер Путиннің электораты болуы мүмкін 

 

Досым Сәтбаевтың сөзінше, Қазақстанға қашып жатқан ресейліктер мобилизацияға дейін Путин режимін қолдаған «диван ұлтшылдары» болуы әбден мүмкін. 

 

– Бұл Қазақстанға Ресейден келіп жатқан халықтың екінші толқыны. Бірінші толқын ақпан айында келген. Сол уақытта ол адамдардың бір бөлігі саяси себептермен елінен кетті. Олар Путиннің украин халқына жариялаған соғысына қарсы болды. Қазір біз елінен қашып жатқан адамдардың екінші толқынын көріп отырмыз. Бірақ олардың құрамы мүлде басқа. Қазақстан-Ресей шекарасынан асып келіп жатқан адамдардың біраз бөлігі кезінде Путинді қолдаған электорат болуы әбден мүмкін. Бұл адамдар Украинадағы соғысты белсенді қолдаған да шығар. Олар өздерін «диван ұлтшылдары» санады және Путин үшін окопта өлуді таңдамады. Осы адамдар қазір мобилизациядан қашып жатыр. Өзге елдерден уақытша тұрақ іздеуде. Оның ішінде Қазақстан да бар, – дейді Сәтбаев.  

 

Қазақстанға Путин үшін өлгісі келмейтін, бірақ орыс әлемін қолдайтын адамдар келуде 

 

Ресейден Қазақстанға қашып жатқан адамдар еңбек нарығына, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер етеді дейді Досым Сәтбаев. Оның сөзінше, Путин үшін өлгісі келмейтін, бірақ орыс әлемін қолдайтын адамдар Қазақстандағы бесінші колоннаның көлемін ұлғайтуы мүмкін.

 

– Қазақстан аумағына осыншама адамның әскерден қашып келуі алаңдатады. Бұл адамдардың алдағы уақыттағы перспективасы белгісіз. Ресей билігі оларға дезертирлік жасағаны үшін қылмыстық іс қозғайды. Оларда көп таңдау жоқ. Елде заңсыз жүреді. Бұл адамдардың түптеп келгенде бір күні қаржысы бітеді. Ол адамдар ары қарай қалай өмір сүреді, белгісіз. Бұл еңбек нарығына әсер етеді. Бізде онсыз да жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Қазірдің өзінде пәтер бағасына әсер етіп жатыр. Бұл Қазақстан халқының қалтасына салмақ түсіруде. Бұдан бөлек, бесінші колоннаның пайда болу қауіпін жоққа шығаруға болмайды. Олар солтүстік облыстарда онсыз да бар. Путин үшін өлгісі келмейтін, бірақ орыс әлемін қолдайтын адамдардың елге келуі Қазақстанда бесінші колоннаның ұлғаюына алып келуі мүмкін, – дейді Сәтбаев. 

 

 ҰҚШҰ-да соғыспай отырған жалғыз ел Қазақстан ғана 

 

Досым Сәтбаевтың сөзінше, билік миграциялық процестерге байланысты мәлімдеме жасауға қорқып отыр. 

 

– Қазір билік болып жатқан жағдайға байланысты күнде мәлімдеме жасауы тиіс. Елге қанша адам келді. Олар не істейді. Билік бұл адамдарға қатысты қандай шешім қабылдайды. Олардың қаншасы ықтияр хат, қаншасы азаматтық алмақшы? Жауабы жоқ сұрақтар өте көп. Бір жағынан алып қалағанда, биліктің үнсіз отыруы үйреншікті жағдай. Украинада соғыс басталғанда, пандемия кезінде осындай болған. Формальды түрде барлығы жақсы, бақылауда. Бірақ шын мәнінде олай емес. Пандемия кезінде шенеуніктер екі ай бойы үнсіз отырып, ел өз бетімен өмір сүрген. Қазір нақты ресми ұстаным керек. Қазақстан билігі болып жатқан миграциялық процестерге байланысты қандай да бір мәлімдеме жасауға қорқып отыр. Себебі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Одақ аясында еңбек күші, қаржы еркін айналымда жүруі тиіс. Бірақ бұл жерде мүлде басқа жағдай. Адамдар елінен қашып жатыр. Әлем өзгеріп кетті. Ресей соғыс жағдайында. Егер Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қарайтын болсаңыздар, ешкіммен соғыспаған жалғыз ел Қазақстан ғана..., – дейді Сәтбаев.

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/09/2022 11:23
41681 0

Уведомление