Министр: Санкция салынған қазақстандық компания жоқ
Фото: Ашық дереккөзден
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда Батыстың жанама санкциясына іліккен бірде-бір компания жоқ екенін айтты. Ол санкция тұрғысынан Қазақстан таза деп мәлімдеді.
Бірақ 7 желтоқсанда АҚШ сауда министрлігіне қарасты өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы әлемнің 9 мемлекетіндегі 44 компанияны «жауапсыз ұйымдар» қатарына кіргізген. Оның ішінде қазақстандық Elem Group компаниясы да бар.
Ведомство өкілінің сөзінше, бұл компания тыйым салынған өнім немесе технологияны Ресейге тасымалдаған болуы мүмкін.
Азаттық радиосының зерттеуі бойынша, Elem Group Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанда тіркелген. Ол 2023 жылдың қаңтарынан бері Ресейге 300 партия электроника өнімдерін жөнелткен. Оның 273-іқос мақсатқа пайдаланылатын тауарлар болуы мүмкін.
19 желтоқсанда Қазақстан ұлттық экономика министрлігі Elem Group "сыртқы саудамен айналыспайды" деп мәлімдеген. Министрліктің айтуынша, "АҚШ сауда министрлігінің санкциясына ілінген компаниялар қызметін жалғастыра алады, тек америкалық контрагенттермен жұмыс істемейді" деген.
АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы бұған дейін санкция тізімінде ресейлік екі банкке еншілес екі қазақстандық компания барын да атап өткен. Бірі санкция енгізілгеннен кейін де нарықта жұмысын тоқтатпаған. Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік аталған қаржы ұйымы теңге мен рубльмен істеп жатқанын айтқан.
Пікірлер жоқ.