Министр Мусин: Астана интернеттің жылдамдығы бойынша Токионы озып кетті
Балалар сабақты дөң басында оқып жүр
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін журналистер сұрағына жауап беріп, Астана интернет жылдамдығы бойынша Токиодан озып кетті деп мәлімдеді. Оның сөзінше, кейбір тұрғын үйлерде мобильді интернет дұрыс жұмыс істемесе, ол министрлік немесе мобильді оператордың кінәсі емес, ол сол үйді салған құрылыс компаниясының олқылығы.
– Шетелде үлкен ғимарат салатын компаниялардың барлығы сол ғимаратқа арнайы indoor-базалық станциясын орнатады. Ол сол ғимараттың тұтынушыларын толыққанды интернетпен қамтамасыз ету үшін қажет. Мобильді операторлар стандартты құрылғылар қояды. Біздің құрылысшылар салған ғимараттарына indoor-базалық станциясын орнатудан үнемдейді. Олар мобильді операторлар жауапкершілік алуы керек деп ойлайды. Біз ғимараттарға арнайы станция орнатуды құрылысшыларға міндеттейтін заң жобасын ұсынбақпыз. Сондықтан интернеттің жылдамдығы операторға ғана байланысты емес... Қазір оларда 4G-ден 5G-ге көшіп жатыр. Осы кезде техникалық олқылықтар болуы мүмкін. Халықаралық рейтингте Астана интернет жылдамдығы жағынан Токионы озып кетті. Оны мен емес, халықаралық рейтинг көрсетіп отыр, – деді Мусин.
Қазақстанда интернет жылдамдығының баяулағаны туралы жиі айтылады. Коронавирус пандемиясы кезінде мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілгенде кейбір ауылдың балалары сабақты далаға барып оқуға мәжбүр болғаны жөнінде ақпарат тараған. Атап айтқанда, БАҚ пен әлеуметтік желіде Алматы қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Жаңадәуір ауылының балалары сабақты интернет жақсы ұстайтын дөң басында оқып жүргені қызу талқыланған.
Пікірлер жоқ.