Министр: «Құбыр желсінің бұзылуы мұнай экспортының азаюына қатты әсер етпейді»
«Каспий құбыр желісі консорциумындағы» құбырлардың бұзылғаны хабарланған еді
«Каспий құбыр желісі консорциумындағы» құбырлардың бұзылуы Қазақстан тасымалдайтын мұнай көлеміне қатты әсер етпейді. Бұл жөнінде энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Атамекен Бизнес телеарнасының тікелей эфирінде Ақшолақов экспорттың бір бөлігі обьективті себептермен қысқаратынын айтты. Оның сөзінше, бұл қысқарту айтарлықтай емес.
—Экспорттың бір бөлігі объективті себеппен қысқарады. Бірақ соншалықты ірі көлемде емес. Сарапшылардың назарын мына жайтқа аударғым келеді: Қазақстанның кез келген кенішінде жоспарлы жөндеу жұмыстары болып тұрады. Айталық, Теңіз бен Қашаған, Қарашығанақ және өзге де кеніштерде 40-50 күнге созылуы мүмкін жоспарлы жөндеулер болып тұрады. Сол себепті "Каспий құбыр желісі консорциумының" инфрақұрылымын жөндеуге қажет дейтін 1-1,5 ай Қазақстан үшін соншалықты дәрежеде қауіпті емес. Өнім көлемі азаяды, бірақ технологиялық тұрғыда оған жол беруге болады деп қарастыруға болады, — деді энергетика министрі.
Бұдан бөлек, Болат Ақшолақов былтыр Қазақстанның «Каспий құбыр желісі консорциумы» арқылы 53-54 млн тонна мұнай жөнелткенін айтты. Оның сөзінше, бұндай ірі көлемдегі мұнайды тасымалдаудың балама жолдарын қарастыру үшін уақыт қажет. Балама жолдар жоқ емес, бар дейді ол.
Кеше «Каспий құбыр желісі консорциумы» құбырының дауыл салдарынан Новороссийск түбінде істен шыққаны хабарланған. Бұл мұнай тасымалдауды азайтуға алып келе ме деген алаңдаушылық туғызған.
Қазақстан батыс елдеріне мұнайын негізінен «Каспий құбыр желісі консорциумы» арқылы тасымалдайды. Құбыр арқылы әлемдік нарыққа тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай шығарылады. Ол әлемде шығарылатын қара алтынның 1,2 пайызын құрайды.
Қазақстан мұнайын Chevron, Exxon Mobil, Eni және Shell компаниялары өндіреді.
Пікірлер жоқ.