Танымал тегтер

Meta тәуелсіз фактчектен бас тартып, "community notes" жүйесіне көшеді

Meta тәуелсіз фактчекерлерді "community notes" жүйесімен алмастырады.


07/01/2025
23:46 453 0

Сурет ашық дереккөзден

 

Бұл жазбалардың шынайлығына пайдаланушылар баға береді деген сөз.

 

"Community notes" — "қоғам ескертуі" деген мағынаны білдіреді.

Жазбаның шындығын анықтау үшін түрлі пайдаланушылардың пікірі ескеріледі. Бұл жүйе қолданушыға платформаның мазмұнын модерациялауға мүмкіндік береді, яғни контентке байланысты шешім қабылдау тек платформ әкімшілігі емес, пайдаланушыларға жүктеледі.

Мысалы, біреу платформада жалған немесе қате ақпарат жарияласа, "community notes" жүйесі арқылы басқа пайдаланушылар сол жазбаға қосымша ақпарат қосып, нақтылап, оны дұрыстай алады.

 

Сейсенбі күні компанияның бас директоры Марк Цукерберг жария еткен бейнежазбада тәуелсіз модераторлардың "саяси бейтарап бола бермейтінін" және "еркін пікірге байланған бастауымызға оралатын уақыт келгенін" атап өтті.

Компания тәуелсіз модераторларға иек арту "жақсы идея болғанымен", пайдаланушылар жиі цензураға ұшырайтынын жазды.

Онлайн-өшпенділікке қарсы белсенділер бұл өзгерістерді сынға алып, олардың басты мақсаты Дональд Трамппен қарым-қатынасты жақсарту екенін мәлімдеді.

 

"Цукербергтің мәлімдемесі – Трамп әкімшілігімен жақындасуға бағытталған ашық әрекет, бұл қауіпті салдарға алып келеді", – деді Global Witness ұйымының өкілі Ава Ли.

 

"Компанияның "цензурадан қашу" туралы мәлімдемесі платформалардың өшпенділік пен жалған ақпаратты таратуға ықпал ететін әрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтару әрекеті", – деп қосты ол.

 

Meta 2016 жылы енгізген фактчек бағдарламасы негізінде күмәнді жазбаларды бағалау үшін тәуелсіз ұйымдарға жібереді.

Ондай жазбаларға белгі қойылып, жаңалықтар лентасында төменге жылжытылатын.

 

Енді бұл жүйені алдымен АҚШ-та "community notes" ауыстырады. Meta Еуропада өзгерістер енгізу жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Демек, бұл жаңалық Қазақстанға да жетпеуі мүмкін.

 

Meta – "иммиграция, гендер және гендерлік бірегейлік" сияқты тақырыптарға қатысты шектеулерді алып тастайтынын баса айтып, бұл саяси пікірталастар мен талқылауларды шектегенін мәлімдеді.

 

Өзгерістер 20 қаңтарда өтетін Дональд Трамптың инаугурациясы қарсаңында болып отыр.

Бұған дейін Трамп Meta-ны және оның контентті модерациялау тәсілін ашық сынға алған, 2024 жылдың наурызында Facebook-ті "халық жауы" деп атаған.

Одан бері тараптар арасындағы қарым-қатынас жақсарды: Цукерберг қараша айында Трамптың Флоридадағы резиденциясында кешкі асқа қатысты. Сондай-ақ, Meta Трамптың инаугурация қорына 1 миллион доллар қайырымдылық жасады.

 

"Соңғы сайлау сөз бостандығына қайта басымдық беретін бетбұрыс кезең сияқты сезіледі", – деді Цукерберг сейсенбіде жарияланған бейнежазбада.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

07/01/2025 23:46
453 0

Уведомление