«Мереке және митинг» күні ҚазҰУ-да студенттерді жатақханадан шығармауда

«Бұл – митингке байланысты»


25/10/2023
14:34 13201 0

 

ҚазҰУ-да 25 қазан қарсаңында студенттерге қысым күшейген. Факультет пен жатақхана чаттарында «Жатақханадан ешкім, ешқайда шықпайды. Шығармайды. Керек заттарыңызды алып алыңыздар, участковый және комендант апай солай айтты» деген хабарлама тараған.  

№5 жатақхана меңгерушісі Гүлшат Игенбаевадан «Жатақханадан шықпау керек» деген тапсырманы кім берді?», «Студенттерді сыртқа шығармау себебі митингке байланысты ма?», «Бұл студенттердің құқығын шектеу емес пе?» деп сұрадық. 

– Участковый келіп «ешкім, ешқайда кетпесін, дүкенге бармасын, ешқайда баруға болмайды» деді. Бұл – митингке байланысты. Балалар шығып арандап қалмасын деген ой ғой, – деді меңгеруші. 

«Студенттер шықпасын» деген хабарламаға байланысты ҚазҰУ студенттерінің пікірін білдік. 

4 курс студенті Нұржан (аты өзгертілген-ред) бұл әрекетті «адамның жеке құқығын сыйламау, бостандығын шектеу» деп бағалайды.

– Қазақстан Республикасының Конституциясының 16-шы және 21-ші бабында көрсетілгендей: «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар». Бұл әрекет – жатақханада тұратын жеке азаматтардың құқығын шектеу, таптау. Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 76-бабы бойынша «Еркiн жүрiп-тұру құқығын шектеу» болып есептелінеді. Осы әрекеттер заңсыз деп ойлаймын, – деді Нұржан.

Жалғас (аты өзгертілген-ред) «Университет студенттердің құқығын шектемей, құқықтың бұзылмауын қамтамасыз етуі керек» деген пікір білдірді.

– Университет адам құқығының толық сақталғанын қамтамасыз етуі тиіс. Менің немесе басқа студенттердің құқығы сақталғанын қадағалауға міндетті. Жатақхана, университет қызметкерлері студенттің жеке кеңістігін, құқығын шектемеу керек. Әр жеке тұлға өзі үшін жауап береді, – дейді Жалғас. 

Оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен ҚДТ митинг белгілеген дата жақындағанда белсенділерді қудалау үдей түскен. Алматы мен Астанада кемінде 7 белсенді «митинг заңын бұзғаны» үшін қамауға алынды. ҚазҰУ басшылығы тарапынан студенттерге парламент және президент сайлау кезінде де қысым көрсеткені жөнінде бұған дейін де Masa Media жазған. 

 

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/10/2023 14:34
13201 0

Уведомление