Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қаңтар оқиғасы кезінде әскерилер халыққа оқ атпады дейді
Ал куәгерлер атты дейді
Фото: inform.kz
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы алаңында әскерилер бейбіт халыққа оқ атпады дейді. Мұны ол YouTube-тағы Qasqa jol арнасына берген сұхбатында айтты.
Мемлекеттік хатшының сөзі алаңда болғандардың айтқанына керағар келеді. Мысалы, Алматы тұрғыны Дінмұхамед Қаматай «Азаттық радиосына» 6 қаңтарда алаңға бейбіт халық жиналғанын, кейін әскерилер келіп, оларға оқ ата бастағанын айтады:
— Одан бөлек, «біз террорист емеспіз, қарапайым халықпыз» деген тұрғыда видеомәлімдеме жасамақ болды. Біз алаңда соны талқылап, мәлімдеме жасауға дайындалдық. Билік бізбен диалог орнатпайынша алаңнан кетпейтінімізді айттық. Кешке қарай халық өз талабын айта бастаған кезде және видео түсіріп жатқанда кенет Фурманов (Назарбаев көшесі – ред.) жақтан әскери көліктер [Хаммерлер] пайда болып, жақындай бастады. Айнала тұман, кімнің әскері екенін анықтап білу мүмкін емес, бірақ олар әскери киім кигені, кейбірі сарғыш жасыл түстес форма киіп алғаны анық. Бірнеше көлік жиналып, әкімдікке жақын аумаққа өз адамдарын орналастыра бастады. Біз олар оқ атады деп ойлаған жоқпыз. Бірақ кенет ата бастады. Сағат 18–18.30-дар шамасы болатын. Оқ жұртқа тие бастаған кезде хаос басталды: барлығы жан-жаққа қашты. Менің көзімше бір адам көз жұмды. Онымен біраз сөйлесіп, достасып қалған едім. Өз басым оқ тиген үш адамды көрдім. Әйелдер құлады, – деді Дінмұхамед Қаматай.
Салтанат Хамзина да сол кезде алаңда болған. Жиылған наразылар айтқан талаптардың бірі — ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға кіргізбеу дейді.
— Фурманов жақтан әскери техника келді. Паника басталды. Төбедегі мергендер оқ ата бастағанын көрдік. Бұдан соң Желтоқсан мен Фурманов жағынан техника жүріп өтті. Оқ атыла бастады. Өз басым үш адам қаза болғанын көрдім. Олар бірден жан тапсырды. Өзім [Тәуелсіздік монументінің] баспалдағынан түсіп жүгіріп келе жатқан кезде жаныма бір қыз құлады. Бірден қимылсыз қалды. Бұған қоса, екі ер адам құлап, сұлық түсіп жатты, — деді ол.
Пікірлер жоқ.