Марафоншы Марат Жыланбаев ұсталды
Оның қанша күнге қамалғаны әзірге белгісіз
Фото: Сәния Тойкеннің Facebook парақшасынан
3 сәуір таңертең Астанада жүгіріп жүрген жерінен саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевты полиция ұстады. Бұл жөнінде Азаттық радиосының журналисі Сәния Тойкен хабарлады.
– Бүгін Астанада таң атпай марафоншы Марат Жыланбаевты жүгіріп жүрген жерінен полиция қамауға алды. Қанша күнге қамағаны әзір белгісіз. Не үшін тұтқындалғанын да полиция айтпайды. Түске дейін спортшы екі рет сотталды. Алдымен таңертең 9.30 сот оның жүргізуші куәлігін алты айға алып қойды. «Өткір азаматтық позициясы бар бір азамат оны қос жолақтан өтіп кетті» деп 102-ге хабаралады. Біз реакция білдіріп жатырмыз» деді полиция қызметкері себебін түсіндіріп, – деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Марат Жыланбаев әлемдік деңгейдегі ультрамарафоншы. Ол Азия, Африка, Австралия және Америкадағы ең ірі шөлдерді жүгіріп өткен. Ол спортшылық мансабынан бөлек, саяси белсенділігімен де елге танымал. Бұған дейін де билікті сынап, бейбіт митингтерге қатысып, бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, қамауға алынған.
Пікірлер жоқ.