«Маған тағылған айып түсініксіз»: Қайрат Боранбаев сотта кінәсін мойындамады
Олигархқа «14, 5 млрд теңге жымқырды» деген айып тағылған
Фото: Tengrinews.kz
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев сотта кінәсін мойындамады. Ол тағылған айыпты түсінбейтінін айтты.
– Шын мәнінде, маған тағылған айып түсініксіз. Ол өте әлсіз. Бізді не себепті айыптап отырғанын түсінбеймін. Сарапшы маман қорытындысында «ҚазТрансГаз» компаниясы шығынға ұшырады деп жазбаған. Бұл бағадағы айырмашылық ғана. Соған байланысты бізге айып отыр. Шындығын айтқанда бұл абсурд. Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын, – деді Боранбаев сотта.
Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаев сотта өзінің елден қашуға оқталған кезде ұсталғанын жоққа шығарды. Оның сөзінше, шетелге баруы алдын ала жоспарланған сапар болған.
– Бұл жалған ақпарат. Мені сағат 5-те қамауға алды. Кездесулер өткізіп, әдеттегі күн тәртібім бойынша жұмыс істедім. Иә, түнде ұшуға тиіс едім... Елден не үшін қашамын? Осы жерде дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осы жерде жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын? Бір жыл бұрын жоспарланған сапар болатын. Оның құжаттарын ұсындық, – деді олигарх.
«АзияГазЧунджа» құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов, «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзақ 14,5 млрд теңге жымқырды деп айыпталған.
Пікірлер жоқ.