Ұлыбритания Гүлнара Кәрімоваға тиесілі үш жылжымайтын мүлікті тәркіледі
Олардың жалпы құны 20 миллион фунт тұрады
Фото: Ашық дереккөзден
Ұлыбритания Гүлнара Каримованың 20 миллион фунт тұратын мүлкін тәркіледі. Бұл туралы өзбекстандық БАҚ жазды.
Ұлыбританияның ірі алаяқтықпен күрес бюросы Гүлнара Кәрімоваға тиесілі үші жылжымайтын мүлікті тәркілеген. Жалпы құны 20 миллион фунт тұратын екі пәтер Лондонның элиталы Белгравия ауданында, тағы бір сарай Суррей графтығында орналасқан.
Бюро мәліметінше, Гүлнара Кәрімова мүліктердің барлығын Өзбекстандағы жемқорлық әрекетпен тапқан қаржысына сатып алған.
– Каримова 2004 жылдан 2012 жылға дейін Өзбекстан нарығына кіруді қалаған телекоммуникациялық компанияларға көмек беріп, бұл үшін жүз миллиондаған доллар пара алған, – деп жазылған мекеме мәліметінде.
SFO Каримованың Британиядағы активтерін, оның ішінде аталған үш мүлкін тәркілеу үшін сотқа 2018 жылы қайрылған. 8 тамызда Ұлыбритания Жоғарғы соты бұл өтінішін қанағаттандырған.
Гүлнара Каримова 2019 жылдың жазынан бері Өзбекстандағы әйелдер абақтысында отыр. Ол «жеке мүлікті тартып алу», «Қылмыстық жолмен табылған кірісті заңдастыру» секілді баптар бойынша 2020 жылдың 18 наурызында 13 жыл төрт айға еркінен ажыратылған.
Гүлнара Каримоваға Швейцария, Франция, АҚШ және басқа елдердегі активтерінің жалпы сомасы 1,4 миллиард долларға бағаланып отыр. Өзбекстан билігі олардың бір бөлігін қайтаруға әрекет етіп жатыр.
Пікірлер жоқ.