Ұлттық кино төңірегіндегі дау: Тоқаевқа үндеу жасағандар сотталып жатыр

Митингке шыққан режиссерларға айыппұл салынды


17/05/2023
18:24 4086 0

 

Алматыда бір топ режиссер баспасөз мәслихатын өткізді. Олар 13 мамырда «Ұлттық киноны қолдау орталығы» ғимаратының алдында митингке шығып, орталықтың жобаларды іріктеу жұмысына наразылықтарын білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған. Кейіннен қарсылық акциясына қатысқан 8 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалған. 

 

17 мамырда Ұлттық баспасөз клубында өткен брифингке режиссер Азамат Шарғын, Адай Абелдинов, Ардагер Сантыбаев, Ғали Мырзашев, Рүстем Әбдіраш және өнертанушы Ерлан Төлеутай қатысты. 

 

Ерлан Төлеутай сөзінше, минитнгке шыққандарды әкімшілік жауапқа тарту жасалып жатқан қысымның басы ғана. Алдағы уақытта министрлік тарапынан репрессия басталуы мүмкін. 

 

– Бұл мен үшін үлкен қорлық. Өйткені менің жазығым жоқ. Мен өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, кинода болып жатқан әділетсіздікке өзімнің азаматтық пікірімді білдіргім келді. Сол үшін мені осындай жауапқа тартып жатыр. Бұл қуғынның басы. Бұдан кейін біз министрлік тарапынан репрессия болатынын күтеміз, – деді ол.

 

Ерлан Төлеутай қазақ киносы тарихында режиссерлар мен сценарийстерді сотқа сүйреу еш уақытта болған жоқ дейді. Оның сөзінше, «қор ұлттық өнері де қор болады». 

 

– Қазақ киносының 70 жылға жуық тарихы бар. Бұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Режиссерларды қудалау, сценарийстерге айыппұл төлету болған емес. Полиция дырылдатып сүйретіп алып бару, соттау болған жоқ. Бізді онлайн соттап жатыр. Прокурор бізбен сөйлескісі де келмейді. Біз айыппұлды төлейміз, заңға бағынамыз,  деді Төлеутай. 

 

16 мамырда Ардагер Сантыбаев, Адай Абелдинов, Нұркелді Садығұлов, Ғали Мырзашевтың үстінен «бейбіт жиын тәртібін бұзу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, 70 мыңнан 120 мың теңгеге дейін айыппұл салынған. 

 

Бүгін Ерлан Төлеутай, Азамат Шарғын, Елзат Ескендір және Әрібибек Өралтайдың үстінен дәл осындай сот болады. 

 

Азамат Шарғын мәселе шешілмейтін болса Ақорданың алдына жиналатындарын айтты. Оның сөзінше, жасалып жатқан қысымдар оған кедергі бола алмайды. 

 

– Біз бұндай қысымға тоқтамаймыз. Мәселеміз шешілмейтін болса, талаптарымыз орындалмаса, онда біз келесі кезекте Ақорданың, министрліктің алдына митингке жиналамыз. Бізді айыппұлмен, 1тәулікке қамаумен тоқтата алмайды,  деді ол. 

 

Адай Абелдинов осы уақытқа дейін мәдениет министрлігіне қаншама хат жазылғанын, бірақ әлі күнге дейін ешқандай жауап алмағандарын айтты. 

 

– Мәдениет министрлі Асхат Оралов әлі күнге дейін үнсіз. Кино саласы бойынша вице-министр Нұрғиса Тәуешов те әлі ешқандай пікір білдірген жоқ. Былайша айтқанда, мәдениет министрлігі бұл мәселе бойынша әлі ешқандай ресми пікір білдірген жоқ. Қаншама хат жазылды. Бірақ әлі бірде-бір жауап алған жоқпыз, – деді Абелдинов. 

 

Оның айтуынша, «Ұлттық киноны қолдау орталығында» барлық шешімді орталық басшылары Есетжан Қосубаев пен оның орынбасары Бауыржан Шүкенов шығарады. Бірақ оларға қарсы ешкім, ешқандай реакция білдірмеген. 

 

Бұған дейін БАҚ-та бір топ режиссер «Ұлттық киноны қолдау орталығы» жобаларды іріктеу кезінде 153 жобаны өткізбей тастағаны жөнінде ақпарат тараған. Сол уақытта режиссерлар іріктеу жұмыстары әділетсіз өткенін айтқан. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

17/05/2023 18:24
4086 0

Уведомление