Өлім қорқынышы: Диктаторлар үшін репрессияның маңызы қандай?

Репрессияның ең үлкен трагедиясы – тірі қалғандардың үнсіздігі


31/05/2023
15:30 17493 0

 

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Репрессия – үкімет басшыларының заң орындары арқылы өз халқын, жекелеген өкілдерін қуғынға ұшыратып, жазалау шаралары. 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. Бұл мақалада «Репрессия не үшін болды?» деген сауалға емес, «Репрессия не үшін керек?», «Диктаторлар үшін репрессияның маңызы қандай?» деген сауалдарға жауап іздейміз.

Көптеген елдерді бодандықта ұстап, бейбіт өмірге бір табан жақындатпауды көздеген совет билігі әртүрлі айла-шарғылар ұйымдастырып, жан түршігерлік тәсілдер жасаған. Қазақ даласын ақсөңке сүйекке толтырған аштық кезі, алаштың аймаңдай ұлдары атылып кеткен репрессия, қазақ баласын қан майданға сүйреген соғыс – халықтың үрейін туғызып, қорқынышын арттыру үшін істелген зұлымдықтар. 

Бұл зұлымдықтардың барлығы да халықтың наразылығын басу үшін, ұлттың оянуына мүмкіндік бермеу үшін істелген зұлымдықтар. Ойшылдар мен философтар «Дарға асудың куәсі болған халық өлім қорқынышын артық сезінеді» деген ой айтады. 

Совет билігі репрессия арқылы ұлттың мінезін жасытты, халықтың тәуелсіздікке деген талпынысына тосқауыл қойды, рухын өлтірді. Бұл – халыққа өлімді көрсету арқылы жақсы болса да, жаман болса да өмір сүрудің қаншалықты бақыт екенін түсіндіру. Жүйеге қарсы шыққан адамдардың қуғын-сүргінге ұшырап, жаппай азап көруі халықтың үнсіз қалуына себеп болды. 

Бұл – диктаторлардың басты жетістігі. Репрессияның ең үлкен трагедиясы өлгендер емес, репрессияның ең үлкен трагедиясы – тірі қалғандардың үнсіздігі. Осы үнсіздік арқылы барлық зұлымдық жасалады, осы үнсіздік арқылы ұлы қасіреттер жүзеге асады. Совет билігінің негізгі жеңісі ұлтты тәуелсіздікке жетелейтін ұлт интелегенциясының толықтай қырылуы емес, совет билігінің негізгі жеңісі – халықтың ұзақ жылдарға қорқыныш құрсауында қалуы, ұлт мінезінің формацияға ұшырауы. 

Ұлт мінезінің формацияға ұшырауы – болмыстың өзгеруі, халықтың негізгі болмыстан ажырауы. Совет билігі елді үрейлендіріп, халықты қорқыту арқылы ұлттың болмысын өзгертті. «Болмыс» ұғымы философияның ең ежелгі категорияларының бірі. Ол – «бар болу», «өмір сүру» мәселесін қамтиды. Болмыстан ажырау – бар болудан қалу, өмір сүруді тоқтату деген сөз. 

Репрессия ұйымдастырып, қуғын-сүргін істеген совет билігінің ең басты мақсаттарының бірі – халықты ұлттық болмыстан ажырату. Осы мақсат үшін адамдарды үрейлендіріп, елдің ынтымағына селкеу түсірді. Халық арасында айыпсыз адамға арыз жазу, жазықсыз жанға жала жабу деген секілді ситуациялар көп болды. Осы жағдайлардың барлығы да үрейден туған, өлім қорқынышы арқылы пайда болған жағдайлар. Осы тұста «Диктаторлар үшін репрессияның маңызы қандай?» деген сауалдың да шешімі шығады. 

Диктаторлар үшін демократиялы қоғамға ұмтылған адамның немесе топтың қаза болуы жеңіс емес, қаза болған адамдар демократиялы қоғамға жетелеген халықтың үнсіз қалуы – негізгі жеңіс. Диктатор осы үнсіздік үшін күреседі, осы үнсіздік үшін барлық зұлымдықтарды жасайды. Осы уақытта азаматтық қоғамы дамымаған, авторитарлық режим нық бекіген мемлекеттерде репрессияның әртүрлі түрлері орын алады. Бұл репрессиялардың да негізгі мақсаты – халықты өлім қорқынышы арқылы басқару. 

Тарихи деректер бойынша халықты өлім қорқынышы арқылы басқару көптеген мемлекеттерде болған. Ортағасырлық мемлекеттердің билік жүйесінде жиі кездесетін жазалау түрі дарға асу да – халықты өлім қорқынышы арқылы басқарудың тәсілі. Ортағасырлық диктаторлар мен тиран басшылар адамды дарға асу арқылы халыққа өлім қорқынышын сезіндіріп, мүлдем наразылық білдірмеуге үндеген. 

Осы уақытта бұл жазалау тәсілі толық қолданылмаса да, көптеген мемлекеттерде өзге тәсілдер арқылы адамдарға репрессия жасау тоқтаған жоқ. Бұл әрекеттерге нақты «репрессия» деген атау тағылмаған, бірақ адамдарға жасалған зорлық-зомбылық пен жантүршігерлік азаптау тәсілдері арқылы-ақ, репрессияның өзгеше сипат алған түрі екенін түсінеміз. 

2022 жылы, 7 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Ресми деректер бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты. Осы оқиғаға қатысқан жандар жаппай азапталып, зорлық-зомбылық көрді.  Нақты кінәсі дәлелденбеген, сот үкім шығармаған жазықсыз жандарға үтік басып, түрлі тәсілдер арқылы қорлау репрессияның негізгі нышаны болып есептеледі. 

Бұл әрекеттер арқылы билік халықтың демократиялық талпынысына тосқауыл болып, азаматтық қоғам құру ұмтылысына балта шапқысы келді. Халықты барлық ситуацияда үнсіз қалдыру, қоғамды енжарлыққа жетелеу – жүйенің ұзақ сақталуы үшін, биліктің өкілеттілігін ұзарту үшін қажет. Диктаторлар үшін репрессияның ең негізгі маңызы  осы.

 

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

31/05/2023 15:30
17493 0

Уведомление